Баланың саулығы – болашақтың байлығы

Аудан орталығы Макинск қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Арай» облыстық мамандандырылған туберкулезге қарсы шипажайының салтанатты ашылу рəсімі болып өтті. Игі шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнəр Құлышева, облыстық мəслихат депутаты Серік Аяғанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Облыстық бюджеттен бөлінген 47 миллион теңгеге аудан орталығындағы бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, ол 25 орынға арналған жайлы шипажайға айналды. Ұзақ уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтанған сауықтыру орны тамыздың бірінен балғындарға есігін айқара ашқан еді. Қазіргі таңда мұнда облысымыздың түпкір-түпкірінен үш пен он жеті жас аралығындағы балалар денсаулықтарын сауықтыруда.
Салтанатты ашылу рəсімінде сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнəр Құлышева Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ана мен бала денсаулығына зор көңіл бөліп келе жатқанын айта келе, тамаша табиғат аясында орналасқан сауықтыру орны болашағымызға баланатын балғындардың игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Осындай тілектер облыстық аурухананың бас дəрігері Серік Аяғанов пен аудан əкімінің орынбасары Бақыт Тасылбекованың, басқа да зиялы қауым өкілдерінің құттықтау сөздерінде, жиылған көптің алдында өлең оқыған жеткіншектердің жырларында да толы болды.
Шипажай меңгерушісі Əсемгүл Қызырова қонақтарға шипажай ғимаратын толық аралатып көрсетіп, ондағы физио, массаж кабинеттері, жаттығу залының жұмысымен таныстырды.  Қажетті медициналық, спорттық құралдармен, жатын орындарымен толық жарақтанған бөлмелерде балалардың денсаулықтарын оңалтып қана қоймай, уақыттарын да тиімді өткізуге мүмкіндік зор. Бөлімше меңгерушісі, фтизиопедиатр дəрігер Əсемгүл Қызырованың айтуынша, қыркүйек айынан бастап мұнда мектеп жасындағы балаларға кəдімгідей сабақ беріліп, кітапхана қажетті оқулықтармен толықтырылмақшы. Асхананың жағдайы да барлық санитарлық талаптарға сай. Күн сайын балаларға қымыз, түрлі дəрумендер беріліп, қажетінше ингаляция, физиотерапия секілді емдеу шаралары жасалып отырады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Степногорск, Ақкөл, Бурабай, Зеренді өңірлері мен облыс орталығынан да бұрындары туберкулезбен ауырған немесе өкпе ауруына шалдыққан жандармен байланыста болған бүлдіршіндер мен жасөспірімдер келіп, осында білікті мамандардың қолынан ем-дом қабылдауда. Солардың бірі – Ақкөл ауданына қарасты Рамадан ауылының жас тұрғыны Аягөз Қалқаманованы сөзге тартқанымызда оның бала жүрегінен бұлақтай ағылған қуанышқа, шаттыққа, дəрігерлерге деген ризашылық сезімге толы жылы лебізі көңілге «осы шипажай текке ашылмаған екен, ұрпағымыздың денсаулықтарын жақсартуға үлес қосады» деген зор сенім ұялатты.  Лайым солай болғай.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар