Баласы безген қара шал…

Малотимофеевка   ауылында әлеуметтік  көмек көрсету орталығы деп аталатын мекеме бар. Халық арасында «Қарттар үйі» аталып кеткен бұл орталықта бүгінгі күні 143 адам өмір кешуде.

Олардың 55-і мүмкіндігі шектеулі жандар, яғни, мүгедектер. Орталық тұрғындарының ең жасы отызда болса, Полина Селина әжей биыл 96 жасқа толыпты. Мұндағы адамдардың бәрінің өз тағдыры, жүректерін ауыртатын ащы сырлары бар. Бір кезде жеке үйі, отбасы болған, жаны қалаған жұмыспен айналысып, ел қатарлы тірлік кешкен қариялар қартайған шағында қазына нанына қарап, қарттар үйінің тұрғынына айналғандарына опынады. Осындайда Жиренше шешеннің созғанда аяғы сыртқа шығып жататын күркесіне кіріп жатып «шіркін, өз үйім, хан сарайдай боз үйім» деген қанағат сөзін есіңе аласың. Жақсылы-жаманды өзінің жекеменшік үйі, аздаған қосалқы шаруашылығы бар, соны ермек еткен зейнеткерлер қамалып отырғасын қапаланады да.
Мұнда қариялардың келуінің себебі де әртүрлі екен. Біреулерінің балалары шетел асып, жалғыз қалғандықтан амалсыз осында келіп жан баққан, екінші біреулерінің балалары қарамай, өз жайларын күйттеп кеткен. Қартайған жанға жалғыз тұру қиын болғандықтан, амалсыз орталыққа келген.      
Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұған мемлекет тарапынан 167 миллион теңге бөлінген.   Мекеменің  су құбырлары, электр жүйесі, есік-терезелері ауыстырылып, жаңадан жиһаз алыныпты. Оған қоса,  монша салынып, пайдалануға беріліпті. Күрделі жөндеуден өткізілген орталықтың ішкі жабдықталуы көз тартарлық. Бұрын 7-8 адам бір бөлмеде тұрса, енді 3-4 орындық болып, қайта жаңғыртылыпты.
   Қариялар мұнда  бір күнін де бос өткізбейді екен.  Қазір де  олар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына қызу дайындық үстінде. Орталықта «Встреча» ән клубы, «Вдохновление» деген экскурсиялық және «Кітап сүюшілер»  топтары жұмыс істейді. Түрлі мерекелерге орай, үнемі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Қарттардың арасында  спорттық жарыстар, шығармашылық кештер, мерекелік концерттер жиі өтіп тұрады.  Дәл осы күні орталықтың  мәжіліс залында қариялар хорының  «Ризамын саған, өмір»  деген әнді айтып жатқанын естідік. Қартайған жандардың бойындағы өмірге деген құштарлықты көріп, қайран қаласың.
Бұл мекеме Целиноград  ауданының мұрағаты маманының айтуынша, мүгедектер үйі болып алғаш рет  1935 жылы ашылған екен. Ал,  1968 жылы қарттар үйі мен мүгедек жандарға арналған мекеме болып қайта құрылған. Үстіміздегі жылы облыс әкімі Сергей Кулагинның тапсырмасымен   күрделі жөндеу жұмыстары өткізіліп, ғимараттың іші-сырты жөнделіп, ауласы абаттандырылған.  Қазіргі нарық талабына бейімделген орталық аумақтағы бос орыннан жылыжай ашыпты. Онда көкөніс өсіріліп, қысы-жазы қарияларды көкөніспен қамтамасыз етуде. Биыл күзде жылыжайдан 900  келі қызанақ пен 700 келі қияр жиналыпты. Оған қоса, он келі дәмдеуіш жасыл шөп жиналған. Бұл жұмыстардың бәрін мекеме қызметкерлері өздері атқарады, оған қариялар тартылмайды.
Қарттар үйі тұрғындарының мұнда жасалып жатқан жағдайға еш өкпелері жоқтығын сөз барысында аңғардық. Күніне бес рет тамақ беріледі. Тамақ бағасы әр адамға шаққанда күніне   1300 теңгені құрайды.  2014 жылы бұл көрсеткіш 920 теңге болған екен.  Орталыққа екінің бірі келе алмайды. Заң бойынша мұнда жалғызбасты қариялар мен еңбекке қабілетті туыстары жоқ мүгедектердің ғана тұруына мүмкіндігі бар.
Осы орталыққа келіп өздерінің өмірлік серіктерін тауып жатқандар да бар екен. Мәселен,   Владимир Мовчан мен  Ғазия Қапенова екеуі осы орталықта отау құрып, қазіргі күні бір-біріне серік болып, өмір сүруде.   1981 жылдан бері шаруашылық  бөлімінде істеп келе жатқан  Үмітжан Базарованың айтуынша, бұрынғы кезбен салыстырғанда қазіргі жасалып жатқан жағдай әлдеқайда жақсарған. Бұл тамақтану, бос уақытын өткізу, ішкі жабдықталу мен жататын, жуынатын орындарға байланыс-ты жасалып отырған жағдайлардан анық аңғарылады.
Орталықтың директоры Сәкен Жекебаев қариялардың денсаулығын қадағалайтын медициналық қызметкерлердің жұмыс істейтіндігін, түрлі мерекелерде өнерпаздар келіп, концерттер қоятынын айтты. Астана қаласындағы  Назарбаев  зияткерлік  мектебі  мен Астана қаласының №54 мектебінің  оқушылары әрдайым  келіп, мәдени іс-шаралар өткізіп тұрады екен.  
Қарттар үйінде күн кешіп жатқандардың 49 пайызы орыс ұлтынан болса, 18  пайызы қазақтар, қалғаны өзге ұлт өкілдері екен.  Таяуда Елбасымыздың отандық тележурналистке берген сұхбатында айтқан «Қарт ата-анаға баласынан ештеңенің қажеті жоқ, тек жылы шырай мен жылы сөз болса жеткілікті» деген сөзі осы арада еріксіз еске оралады. Қазақ «қартайғанда адам бала болады» демей ме. Қарттарға жылы сөз бен жылы жүз болса, онан артық ештеңе сұрамайды. Өкініштісі сол, өз елімізде тұратын балаларының қариялардың  соңынан іздеп ат ізін салмайтыны күйіндіреді. Мұны орталық қызметкерлері де ренішпен айтып қалды.
Орталықтың әлеуметтік қызметкері   Толқын  Акилева  мұнда тұратындардың арасында түрлі салада қызмет еткендер, тіпті, өнер саласының қызметкерлері де бар екенін айтты. Мұнда мекеме қызметкерлері қариялардың бейімділігіне қарай жағдай туғызуға тырысады екен. Өнер адамдарына мәдени шараларды ұйымдастырып, соны өткізуге мүмкіндік беріледі, ал спортқа бейімділеріне шахмат, дойбы сияқты ойындармен айналысуға жағдай жасалған.
Психолог Самал  Мұқанова  қарт адамдардың психологиялық жағдайының өте нәзік болатынын айтты.  Олармен ерекше әдістермен  жеке-жеке жұмыс жүргізіледі екен.  Арнайы жаңа технологиялармен қамтылған құралдар да бар көрінеді. Қартайғанда жалғыз қалып, қарттар үйін паналаған қариялардың арасында күйзеліске ұшырап, жан қиналысына түсетіндері де кездеседі. Мұндайда тек психолог маман ғана емес, орталықтың барлық қызметкерлері бірлесе атсалысып, жұмыс істейді.
Қарттар үйі бүгінгі нарық жағдайында өміріміздің бір көрінісі түрінде қоғамымызға еніп отыр. Қазіргі күні облысымыздың аумағында осындай алты қарттар үйі жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан қарияларымыздың тарықпай, ауырмай, қиналмай өмір сүруіне қажетті жағдайлардың бәрі жасалып жатыр. Бәрі де жақсы-ау, бірақ қарияларға мұндағы жағдайдан да, қамқорлықтан да, өз отбасында, балалары мен немерелерінің қасында болған зор бақыт екендігін теріске шығара алмаймыз. Сондықтан, әрбір адам қартайған ата-анасын қамқорлығына алса, қарттар үйі дегендер болмас еді.

Назгул Рабилова.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар