Барлығын жіті қимыл шешеді

Облыста көктемгі су тасқынының алдын алу – бүгінгі таңдағы ең басты міндеттердің бірі болып отыр.

Табиғаттың тосын мінезі күн ілгері болжанғанымен, кейбір төтенше жағдайдың алдын алу қиын. Осындайда бірден «апат айтып келмейді» деген халық даналығы еске оралады. Бұған облысымызда үш жыл қатарынан орын алған жойқын су тасқыны айқын дәлел. Алдымен алдыңғы жылы Атбасарда, одан кейін Целиноград, былтыр Ерейментау  аудандарында су тасқыны орын алып, жүздеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды, бірқатар ауылішілік жолдарды шайып кетті. Ерейментау ауданындағы су тасқыны алдыңғы екі аудандағыдай орасан зор болмаса да, ондаған тұрғын үйлер жарамсыз болып қалды.
– Биыл қар жылдағыдан 1,5-2 есе көп түсті. Бұл жағдай облыстың 10 ауданында және Щучинск, Степногорск қалаларында тіркелген. Осыған байланысты аймақта су тасқынының алдын алу жөніндегі облыстық шұғыл штаб құрылды. Наурыз айының алғашқы онкүндігінде облыстағы су тасқынының қаупі жоғары аудандарда көшпелі мәжіліс өткізілді. Онда аудан және қала әкімдігі, азаматтық қорғаныс саласының алдына ауқымды міндеттер мен жауапкершілік жүктелді, – деді төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.
Апаттың алдын алу шаралары алдыңғы жылдардағы орын алған су тасқындары деректерін саралай келе, жүзеге асырылуда. Ең қауіпті өңірлер саналатын Атбасар, Целиноград, Аршалы және Сандықтау аудандарындағы өзен, көлдер бақылауға алынған. Оған қоса, облыстың елді мекендерінен 826 мың текше метр қар шығарылып, 23,7 мың тонна инерттік материалдар, 102 мың қап, 268,3 тонна жанар-жағармай және  16,7 тонна азық-түлік дайындалды. Жергілікті атқарушы органдар және шаруа қожалықтарымен елді мекендерден қарды шығару жұмыстарына көмек көрсету үшін келіссөздер жүргізілді.   
– Облыс аумағындағы 114 гидротехникалық нысанның жұмысы тәулік бойы бақыланып отыр. Облыстың азаматтық қорғаныс құрылымдарындағы адамдар мен арнайы техникалар және жүзу құралдарының, қауіпті аймақтардан адамдарды көшіруге арнайы орындардың әзірлігі де назарда, –  деді департамент басшысы. Қазір Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Целиноград аудандарының су тасқыны қаупі бар Сілеті, Есіл, Жабай, Нұра өзендерінің бүгінгі  жағдайларын, Шағалалы және Сілеті су қоймаларындағы су тораптарының тасқын суларды өткізуге дайындықтары тексерілуде.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар