Басқаның қаңсығына еліктеме!..

Кеше Айнұр есімді құрбымның орталық базарда түрлі-түсті жүрекшелерді сатып алып жатқанын көріп, «мұны не үшін алып жатырсың?» деп сұрадым.  Ол: «Ой, құрбым-ау, ертең «День Святого Валентина», яғни, «Махаббат күні» ғой, жолдасыма және жұмыстағы кейбір құрбыларыма алып жатырмын. Құрбыларым  күнделікті жұмыстан бас алмай шаршаған кезде, тосыннан осындай бір сыйлық жасалып жатса, көңілдері көтеріліп қалмай ма? Сен мені католиктердің мейрамын тойлап жүр деп ойлап қалма, бұл тек қана аздап көңіл бөлу…» деді.

«Әулие Валентин қай атаң?!.»
Мен осы жүрекшелерді сатып жатқан сатушының дүңгіршегіне жақындап барып, қарап тұрмын. Сан алуан сый кәделердің түр-түрі көздің жауын алады. Кезек қатары көбейіп барады. Әйтеуір, араларында өзіміздің жергілікті ұлттың жастары бірен-саран екен. Соған да тәубе етіп, кейін шегініп, сыртқа шығуға ыңғайланып жатыр едім, жасы қырықтар шамасында тілі шүлдірлеген қаракөз әпкем кіріп келіп, «Извините, пожалуйста оставьте мне вон ту большую сердечку, для моего любимого» деді орысшалап. Шығып бара жатып мен қателескен шығармын, мүмкін өзге ұлт өкілдерінің бірі болар деп, аса мән бермеген едім. Біраздан кейін, әлгіні жолдасымен көрдім. «Алмагүл, жүр ана жерден сүт алып, үйге қайтайық, қонақтар күтіп қалатын болды» деп жатқан отағасына қарап, әлгі «жеңешеміздің» жаңағы әрекетіне таң қалдым. Тіпті, ол үшін ұялдым.
Жалпы, соңғы жылдары елімізде 14 ақпанды, яғни, «Әулие Валентин күнін» тойламау туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәселе жиі көтеріліп жүрсе де, бұл күнді жастар жағы былай тұрсын, орысша тәрбиеленген өзіміздің аға-әпкелеріміз де атаусыз қалдырмайды екен. Былтыр, қоғамдық көлікпен келе жатып, аға-әпкелеріміздің осы күнмен туған-туысқандарын ұялы телефонмен құттықтап жатқандарын естіп, «мұнысы несі?» деп таң қалған едім. Соншалықты Жаңа жыл немесе Наурыз мейрамымен құттықтап жатқандай әсер қалдырып, бар ақ тілегін жаудырып жатқандарын естіген мен ғана емес, көлікте келе жатқан бір қария да намыстанып, «Әй, сен қай баласың? Әулие Валентин қай атаң еді? Сонша не болды?» деп, айғай салған. Әлгі ағамыз ақталмақ болып, бірдеңелерді түсіндіріп жатыр еді, атамыз сабасына түсіріп, «Әке-шешеңді өзге діннің мейрамымен емес, өзіміздің діни ораза, айт, құрбан айт, Наурыз мерекелерімен құттықта. Ата-бабаңа жұма сайын Құран бақшыла, міне, сонда адам боласың» деп өзінің үлкендік ақылын айтты.
 Жүрекшелермен де
пайда табуда
Аталмыш күнді әсіресе, студенттер қалай атап өту қажеттігін ертерек жоспарлап, алдын ала сүйіктілеріне сыйлықтар алады. Бұл уақытта қала дүкендері мен  базардағы сатушылардың  айы оңынан туып, сауда қыза түседі.  «Әулие Валентин күні» жақындағанда жоғарыда атап өткеніміздей, базар сөрелерінде түрлі-түсті қағаздан жасалған жүрекшелер мен ленталар, қос ғашықтың суреті бейнеленген қызылды-жасылды бұйымдар көздің жауын алып, жайнап тұрады. Бағалары да әртүрлі. Мәселен, ең кішкентай ашық хаттардың, «валентикалардың» құны жүз  теңгеден басталып, 2000 теңгеге дейін барады. Орталық базар сатушысының бірімен тілдескенімде, мұндай бұйымдар негізінен көрші елдерден әкелінетінін, студенттер мен оқушылар тарапынан сұраныстың жоғары екенін айтты. Бірақ, сатушының сөзіне қарағанда, бұл жүрекшелерді көбінесе өзге ұлт өкілдерінің жастары алатын көрінеді. Ал, қазақ жастарының саны азайып кетті деген сөзіне мен іштей қуанып қалдым.  
– Мен негізінен тойларға және Наурыз, Жаңа жыл секілді мерекелерге арналған құттықтау қағаздарын сатамын. Ал, «Әулие Валентин күніне» арналған бұйымдарды ақпан айына қарай әкелемін. Тауарлар 12-13 ақпан күндері өтімді, – деді Тамара есімді сатушы. Осыған қарағанда, мереке әлі де қызу аталып өтіледі және кейбіреулер мұны табыс көзіне айналдырған. Мәселен, көрші Ресейде халықтың 80 пайызы осы күнді атаусыз қалдырмайды және оның 64 пайызы сыйлық алады екен. Бұл орайда, бізде де «Әулие Валентинге» табынушылар ресейліктерден кем түспей жатқанға ұқсайды.  

Түп-төркіні аңызда…
Әулие Валентинге қатысты бірқатар аңыз бар. Солардың бірінде, христиан діні алғаш тараған жылдарда Валентин есімді католик шіркеуінің қызметкері болғаны туралы айтылады. Ол Рим императоры Клавдий II тұсында өмір сүрген. Сол уақытта жас жігіттер әскерге бармау үшін ерте үйленетін болыпты. Бұндай қулықтың алдын алу үшін Клавдий II олардың әскерге бармай тұрып үйленуіне тыйым салады. Ал, Валентин пірадар болса, оларды құпия түрде некелестіріп отырған. Алайда, оның әрекеті әшкереленіп, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы Римнің Геласиус деген императоры 14 ақпанды «Әулие Валентин күні» деп жариялаған екен.  Тағы бір аңызда Валентиннің дін қызметкері екені, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, осы ісі әшкере болып басының кесілгені жөнінде айтылса, енді бірінде Валентин шіркеу қызметшісі болғандықтан қызға сезімін білдіре алмай, оған жүрек тәрізді хаттар жолдайтыны баяндалған. Кейін оның ісі әшкерленіп, жазаға тартылады. «Әулие Валентин күнін» Батыс Еуропа елдері ХІІІ ғасырдан бастаса, АҚШ 1777 жылдан бастап мерекелеуде, Ресейде бұл мереке тоқсаныншы жылдардан бастап, біздің елімізде де одан әрі «Әулие Валентин күнін» атап өту дәстүрге айналды. Алайда, аталған мерекенің шығу тарихынан жастарымыздың көпшілігі бейхабар. Тіпті, католик шіркеуінің қызметшісінің атымен аталып кеткен бұл күнді қазір дәл сол шіркеу мойындамайтын көрінеді.

Жастар және әсіре «Ғашықтар күні»
Әу баста әлемде «Әулие Валентин күні» мерекесінде жастар жиналып тойлаған. Мереке күні қыздар есімдері жазылған қағазды қораптың ішіне тастайды. Ал, жігіттер қораптан бір қағазды таңдайды. Онда кімнің есімі жазылса, мереке күні сол серігіне айналатын көрінеді. Ал, қазіргі таңда мерекенің рәсімі сәл өзгеріп, қорапшаға қыз да, жігіт те өзіне ұнаған адамға ғашықтық сезімін білдіріп хат жазады. Осыған қарап, кім-кімге ұнағанын біледі.  Кейбір жоғары оқу орындарында бұл рәсім әлі де бар. Жалпы, бұл күнді жастар не үшін тойлайды?  Осы орайда, бірқатар жастардың пікірін білген едік.
–Бұл махаббат күнінде мен өзімнің сүйіктімнен тосын сый күтемін. Әрине, бұл күнді қаншама мәрте тойламау қажет, дінімізге де, ділімізге қайшы мереке деп айтып жүргендер көп. Бірақ, біз мектеп қабырғасынан бері бұл күнді атап өтетінбіз. Ол кезде керісінше, мектепте тойланатын. Бірақ, қазір біз бұл күнді «Әулие Валентин күні» деп емес, өзімізше отбасылық мейрамға айналдырып алдық, –деді Гүлден есімді құрбым.
Шынымен де, бұрын мектептерде осы мейрам неге соншалықты насихатталғандығы белгісіз, әйтеуір, жоғары сынып оқушыларынан жұптар құрап, түрлі ойындар, сайыстар өткізіп, ғашықтар күні деп атап өтетінбіз. Бәлкім, ұстаздарымыз бұл күннің қандай күн, қайдан шыққан мейрам екендігіне аса мән бермеді ме екен? Не үшін осы мейрам атап өтілгендігін әлі түсінбеймін. Осы бір мейрамның бала кезден санада қалыптасып қалғандығының салдарынан Гүлдендеріміз, Айгүлдеріміз сүйіктілеріне әлі күнге жүрекшелерді сыйға тартып  жүр.
Жастардың көпшілігі бұл күннің тарихын білмейді, сондықтан, арзан сезімге бой алдырып, бір-біріне сыйлық ұсынып жатады. Ал, «Әулие Валентин күні»  Еуропадан келген біздің дінімізге, қазақы салт-дәстүрімізге жат мереке. Сондықтан, бұл күнді мереке ретінде қабылдап, тойлауға болмайды.
Біз жақсы қасиеттерді ислам діні мен салт-дәстүрімізден аламыз. Яғни, ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат – Алла тағаланың разылығы, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығына негізделеді. Ата-анамызға, туған жерімізге, оқу-білімге ықыласты болып, еліміздің өркендеуіне үлес қосқанымыз жөн.  Өзгенің емес, өз асылдарымыз бен құндылықтарымызды құрметтейік, ағайын.
P.S. Кейінгі жылдары 15 сәуір Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні, яғни, ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып жүр. Сезіміңізді сонда білдіріңіз… 

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар