Басқарманың алқа мәжілісі шалғай аудандарда өткізілді

Осы айдың 16-17 күндері Есіл және Жарқайың аудандарында облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді және назар аударатын бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.

Жыл басында барлық салалық мекемелер мен ұйымдар өткен жылғы атқарылған жұмыстарының қорытындысын шығарып, алдағы жылғы атқарылар шаруаларын тиянақтап алатыны белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы биылғы осындай алқалы мәжілісін жылдағыдан өзгешелеу жағдайда, яғни, облыс орталығында емес, шалғай аудандарда өткізді. Бұл бастама әрдайым сырт қалып жүретін шалғай  өңірлердегі атқарылған шаруаларды көзбен көріп, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары мұндағы жағдайларды өз жұмыстарымен салыстыра отырып, қорытынды шығарсын, тәжірибе алмассын деген оң ниеттен туған сияқты.  16 ақпанда Есіл қаласында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышеваның басшылығымен облыс әкімінің жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісі өткізілді. Онда облыс экономикасын дамытуда елеулі рөл атқаратын тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту жайы қаралып, талқыланды. Мәжіліске облыс аумағындағы денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қатысты. Саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту жайына жете көңіл бөлініп, соның нәтижесінде денсаулық сақтау мекемелерін жабдықтау жылдан жылға жақсара түсуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Иманқұлованың айтуынша, өткен жылы 16 денсаулық сақтау нысандарына күрделі, ал, 17 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ауқымы 481,2 миллион теңге қаржы жұмсалған. Биылғы жылы 924,7 миллион теңге қаржы бөлініп, 6 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілу
жоспарланып отыр.
Мәжілісте, сондай-ақ, мектептегі медициналық қызметтің жай-жапсары да кеңінен әңгіме болды. Еліміздің ертеңгі тізгін ұстар болашағы жас ұрпақ десек, олардың денсаулығын сақтаудың маңыздылығы айқындала түспек. Бүгінгі күні облысымызда 567 мектепте 115391 бала оқып, білім алуда. Балалардың денсаулығын сақтау, түрлі жұқпалы қатерлі дерттерден қорғау мемлекеттік маңызы бар мәселе. Осындай жауапты міндетті мектептердегі медициналық кабинеттер мойындарына алып отыр. Мектеп жанындағы медициналық қызметте еңбек ететін 422 медициналық қызметкер білім саласынан денсаулық сақтау саласына бағыныштылыққа өтті. Мұның өзі олардың денсаулық сақтауға тікелей жауап беретін қызметкер ретіндегі жауапкершілігін арттыра түсетіні анық. Осыған орай, мектептердегі медициналық кабинеттерді жабдықтауға да жете көңіл бөлінуде.  Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов, облыстық перинатальдық орталықтың бас дәрігері Ермек Мұхамедиев сөз сөйлеп, денсаулық сақтау саласына қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.
17 ақпанда Державинск қаласының аудандық орталық ауруханасында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындыларына тоқталып, алдағы жылы атқарылатын міндеттер жайында жан-жақты баяндап берді. «Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға үнемі жете көңіл бөлініп отырады. Биылғы Жолдауда да халықтың денсаулығын сақтау жайы назардан тыс қалмаған», – деп бастаған сала басшысы өткен жылғы атқарылған жұмыс қорытындыларына тоқталды. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға көбейіп келеді. Өткен жылы денсаулық сақтау саласының 9 нысанын салу жоспарланса, соның 8-інің құрылысы біткен. Тек дәрі-дәрмек сатып алуға 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өмірге қатер төндіретін бірқатар дертпен ауыратындар тегін дәрі алады. Ана мен бала өлімі, жүрек-қантамыр, онкологиялық аурулар сияқты қатерлі дертпен ауыратындар қатары біршама азайған. Облыстағы адамдардың орташа өмір сүру жасы да  өсе түскен. Мұның бәрі де осы саладағы атқарылған жұмыстардың игі нәтижесі екендігі анық. 2016 жылы саланың материалдық-техникалық жабдықталу жайын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 622,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 274 медициналық құрылғылар, 12 автокөлік сатып алынды. Биылғы жылы қазіргі заманғы шет елдік медициналық құралдар сатып алу үшін бюджеттен 765 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде Атбасар ауданаралық көп салалы ауруханасына 250 миллион теңгеге компьютерлік томограф, облыстық ауруханаға 395 миллион теңгенің антиографын және облыстық онкологиялық диспансер үшін 120 миллион теңгенің сандық маммографын  алу көзделуде. Сонымен бірге, 232  медициналық  құрал-жабдықтар мен 35 автокөлік алуға бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарастырылған.  Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, биылғы жылы 16 медициналық автокөлік лизинг арқылы сатылып алынбақ. Сондай-ақ, салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке де жете көңіл бөлінеді.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Ақмола облыстық департаментінің басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров міндетті медициналық сақтандыру туралы айтып берді. Міндетті медициналық сақтандырудың бірінші кезеңіне қатысты облыстық штаб мүшелері барлық аудандардың емдеу-сауықтыру орындарында және 22 қалалық, облыстық мекемелерде болып, кездесулер өткізген. Өткен жылдың қазан айында түсіндіру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып, барлығы 4136 медициналық қызметкер қамтылыпты. Насихат жұмыстарының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін облыс әкімі орынбасарының басшылығымен штаб мүшелері барлық аудандардың әкімдіктері жанынан құрылған штабтардың өкілдерімен кездесіп, атқарылатын жұмыстарды пысықтаған. Ақпараттық жұмыстардың екінші кезеңінде қалалық және аудандық 12 штаб өкілдерімен 17 кездесу өткізілген. Екінші кезеңде барлығы 1033 адам қамтылып, оларға міндетті медициналық сақтандыруға байланысты  толыққанды ақпараттар берілген. Қазіргі күні ақпараттық түсіндіру жұмыстарының үшінші кезеңін өткізуге дайындық шаралары жасалуда.
Биылғы жылдың 28 қаңтарында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтің төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінің көшпелі мәжілісінде міндетті медициналық сақтандыру мәселесі қаралып, талқыланған. 2016 жылдың желтоқсанындағы міндетті медициналық сақтандыру туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты жарна мен төлем мөлшері біршама өзгертілді. Мемлекет әлеуметтік әлжуаз топтар үшін орташа жалақы деңгейінің 7 пайызы көлемінде жарна төлейтін болады. Бұл орайда, жарна мөлшері жыл өткен сайын сатылап көтеріледі, атап айтқанда:  2018 жылдың 1 қаңтарында 4 пайыз, 2019 жылдың қаңтарында 5 пайыз, 2024 жылы 6 пайыз, тек 2025 жылы ғана ол көзделген 7 пайыз деңгейіне жеткізілмек. Жұмыс берушілердің өз жұмысшылары үшін төлейтін жарна көлемі жалпы жалақысының 5 пайызы мөлшерінде болмақ. Ол да бірден жасалмай, сатылап көтеріліп, 2020 жылы 5 пайызға жетеді.
Өзін-өзі қамтамасыз ететіндердің (жеке кәсіпкерлер, нотариустер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, т.б)  міндетті медициналық сақтандыру жарнасы жалпы табыстарының 7 пайызын құрауы тиіс. Ол 2017 жылдың шілдесінде 3 пайыз болып, сатылап көтеріле келе 2020 жылы межеленген 7 пайызға жеткізіледі. Алқа мәжілісі өткізілген Жарқайың ауданындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі туралы аудан әкімінің орынбасары Асылхан Әлжанов баяндады. Ауданда 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде біраз шаруалар атқарылған. Денсаулық сақтау мәселесі аудан әкімдігінің мәжілістерінде тұрақты түрде қаралып, аталмыш бағдарламаның орындалу барысы назарда ұсталады. Өткен жылы аудан әкімдігінің жанындағы үйлестіру кеңесінің халықтың денсаулығын сақтау мәселесіне арналған 4 отырысы өткен. Бүгінгі күні аудандық орталық ауруханаға бағынысты 4 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 15 медициналық пункт жұмыс істейді. Қазіргі күні денсаулық сақтау саласында 250 адам еңбек етсе, олардың 26-сы жоғары білімді дәрігерлер, 103 медбике бар. Мамандармен қамтамасыз ету деңгейі 61 пайыз көлемінде. Дәрігер мамандарға деген тапшылық басқа өңірлердегі сияқты мұнда да қатты сезілуде. Осы орайда, жас мамандарды тарту жайына жете көңіл бөлінеді. Өткен жылы 17 жас маман келсе, олардың 5-еуі дәрігер, 12-сі орта деңгейлі медицина қызметкерлері. Медицина қызметкерлеріне өткен жылы 10 пәтер берілген. Пятигорск ауылынан баспана сатып алу үшін  жас маманға 2 миллион 400 мың теңге несие алып беріліпті.
2016 жылы Үшқарасу және Отрадный ауылдарындағы медициналық пунктке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Қазіргі күні Кен, Зерноград селоларындағы медициналық пункттерге жөндеу жүргізу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Ана мен бала өлімі өткен жылы өңірде тіркелмеген және бір атап өтерлігі туберкулез сияқты қатерлі дертпен ауырушылар қатары да біршама кеміпті.
Алқа мәжілісін қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов денсаулық сақтау саласының жұмысына оң бағасын берді. Ана мен бала өлімі азайып, онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларының саны біршама кеміген, материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстары жақсарған. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары  назар аударатын бірқатар жайларға тоқталды. Ең алдымен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке жете көңіл бөлінуі керек. Өйткені, денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, жаңасын салу сияқты көп қаражатты қажет ететін жұмыстардың бәріне бюджет қаржысы жетпейді. Осы орайда, кәсіпкерлерді тартудың маңызы зор. Медициналық құралдарды сатып алуда қаржылық лизинг жүйесіне сүйенудің тиімділігі көп. Бұл мәселе де салада енді ғана қолға алынып келеді. Облыс аумағында туберкулезбен
ауыратындар саны жалпы алғанда кемімей отыр. Осы орайда, ауруды анықтау, оның алдын алу жұмыстарына баса назар аударылғаны жөн. Денсаулық сақтау саласының жұмысы үшін де, қарапайым жұртшылық үшін де маңызды болып отырған міндетті медициналық сақтандыру мәселесін халыққа жете түсіндіруге көңіл бөлінуі қажет.  Алқа мәжілісінің соңында облыс әкімінің орынбасары ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар медицина қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыс етті.   

Қалкөз Жүсіп.

Суретте: облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің алқа мәжілісінде сөз сөйлеп тұрған сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар