Баукең риза болған

Айдархан Бәйкенов 1942 жылдың қаңтарында әлі кәмелетке толмаған он жетідегі жасын ұзартып, өзі сұранып Отан қорғауға аттанады.

 

Бұл кезде бастарынан бақайшақтарына дейін қаруланған фашистер КСРО-ның батыс аймақтарын түгелге жуық басып алған еді. Беларуссия, Украина және Балтық жағалауы республикалары жау әскерлерінің қол астында қалды. Дұшпан Ленинградты қоршауға алып, Мәскеуге ентелеп төніп келе жатты. Соғыстың тағдыры да осы Мәскеу түбінде шешілетіні белгілі болып қалған еді. Жас бозбала Отанымыз үшін ауыр сын болған дәл осы қатерлі сәтте майданның ең ауыр шебі саналатын ел астанасын қорғауға жіберілді. Қысқа мерзімді дайындықтан кейін ол атақты панфиловшылар дивизиясының құрамында саперлер бөлімшесіне түсті.
– Бір күні Иванов деген жауынгермен бірге мені полк командирі өзіне шақырды, – деп есіне алады майдандағы алғашқы шайқасын ардагер. – Қарасұр өңді, түсі суық қазақ екен. Оның атақты Бауыржан Момышұлы екенін кейін білдім.  Ол бізге әне-міне жойқын шабуыл басталатынын, соған орай жаудың күшін анықтау үшін тіл әкелу керектігін айтты. Біздің міндетіміз барлаушылардың алдыңғы шептегі мина төселген қатерлі аймақтан аман-есен өтуіне жағдай жасау екен. «Тапсырманың ойдағыдай орындалуы тікелей сендерге байланысты. Қандай жауапкершілік жүктеліп отырғанын түсіндіңдер ме?» – деді нығырлай сөйлеп. «Түсінікті» – дедім мен. «Сен өйтіп алдын ала тон пішпе, алдымен тапсырманы орындап ал» деді ол түсін жылытпастан қазақ тілінде.  
Барлаушылардың алдыңғы шептен өтуі үшін артиллериялық дайындық жасалып, жау шебін зеңбіректен атқылау бас-
талады. Осы қарбаласты пайдаланған 23  адам жау шебіне қарай жылжыдық. Мина төселген жерді Иванов екеуміз тазартып, барлаушылардың әрі өтуі қамтамасыз етілді. Сол жолы олардың  жолы болып, неміс офицерін  сүйретіп алып келді. Бұл тапсырманың оңай болмағаны сол,  12 адам ғана тірі оралыпты.
Кейін бізді полк командирі қайта шақыртып алды. Алғашқыдағыдай емес, түсі жылып, маған күлімсірей қарады да, «сен өз ісіңді жақсы біледі екенсің, сөзіңде тұрдың, рахмет», – деді. Осы ерлігім үшін көп ұзамай «Даңқ» орденін кеудеме тақтым.
Осылайша даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының полкінде шайқасқан ол соғыс тағдырына түбегейлі өзгеріс әкелген Мәскеу түбіндегі жеңіске өзінің лайықты  үлесін қосады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, небір қиян-кескі шайқастарды басынан өткерген Айдархан Бәйкенов үш жылдан астам уақытта үш рет жараланған. 1944 жылы жау қоршауында қалып, қатарынан төрт күн өлім мен өмір арасында өтеді. Жау шебінде қалған жауынгерлерді құтқаруға арнайы ұшақ келгенде, қасындағы жолдастарының бәрі оққа ұшып, ол жалғыз қалған еді. Бірақ, әлі де көрер көрешегі алда екен. Әуеде зенит оғы тиіп, мұны алып ұшқан  ұшақ өртене бастайды. Содан ұшқыш ұшақты әупіріммен жерге қондырады.
– Лапылдап жанған ұшаққа келген қызыләскерлер кабинадағы ұшқышты алып шығып, «өліп қалыпты» десті. Қанға малшынған маған да сол сөзді айтқанда, бар күшімді жинап, «мен тірімін» деуге ғана шамам келді. Әр жағын білмеймін…
Қатты жараланған майдангердің көрер жарығы бар екен. Осылай ғажайыптың күшімен ғана тірі қалғаны соны растайды.
– 1944 жылдың жазында бізді Калининград облысы Холм қаласының маңындағы көпірді жаруға жіберді, – дейді Айдархан аға тағы бір сөзінде.  – Ол көпірмен жаудың әскері мен техникасы тиелген пойыздары өтетін. Көпірді миналап қойып, күтіп жаттық. Бір кезде жау составы көрінді. Пойыз көпірдің орта тұсына жете берген сәтте минаны іске қостым. Көпір опырылып ортасына түсті.
Кейін осы ерлігі үшін майдангер екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған. Айдархан Бәйкенов соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылдың жазында елге аман-есен оралады. Бүгінде жасы тоқсан екіде. Көкшетау қаласында тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйген ардақты әке, сүйікті ата. Биыл көктемде майдангерге Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерация-сы елшілігінің кеңесшісі  Александр Мусиенко Мәскеу түбіндегі Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық медалін тапсырды. Кеудесі орден мен медальдарға толы полковник шеніндегі Айдархан ағаға әскери киім әлі де жарасып тұр. Денесі тіп-тік. Бұл да әлі күнге Алланың берген қуаты. Оның бар арманы, жас ұрпақ соғыс атты зұлматты енді қайтіп көрмесе екен.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар