Баян атаның «Үш кезеңі»

Зеренді аудандық кітапханасында Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Ақмола облысы және Зеренді ауданының Құрметті азаматы, еліміздің абыз ақсақалы болған марқұм  Баян Жанғаловтың  «Үш кезең»  кітабының  электрондық  нұсқасы  жарық  көрді. Салтанатты  шараға аудан әкімі Асқар Мұратұлы қатысып, сөз сөйледі.

 

Сондай-ақ, әдеби кешке соғыс және еңбек ардагерлері,  қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым  қатысып, нар тұлғалы азамат туралы естеліктерін ортаға салып, кейінгіге мұра болған кітап туралы ойларымен бөлісті.
Он үш жыл бұрын баспадан шыққан  кітапта автор өз басынан кешкен оқиғаларды, балалық шағын, өскен ортасын, әр кезеңдегі өмір  ағымынан  нақты  дәлелдер келтіріп, ата-анасының  өзіне берген тәрбиесі жайлы әсерлі баяндайды. Кітап  «Өмір бастауы», «Жұлдызды ғұмыр», «Болашаққа аманат» деген үш  үлкен  бөлімдерден тұрады.
Тұсаукесер рәсімін М.Ғабдуллин атындағы  Зеренді қазақ орта мектебінің мұғалімі  Сәуле Дүйсенова  ашып,  жүргізіп отырды.   Кеш барысында  Баян Жанғаловтың  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  20 жылдығына  арналып, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың  қатысуымен өткен  салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөйлегені туралы, сонымен қатар, оның туған ауылы Жамантұзда өткен мерекелік  шараны  баяндайтын  бейнефильм  көрсетілді.  
Баян Жанғаловтың «Үш кезең»  ғұмырнамалық кітабының электрондық нұсқасын ғаламтор арқылы тарату мәселесіне мұрындық болған   аудан әкімі Асқар Мұратұлы  мәдени шарада сөз сөйлеп, өз  ойын былайша  сабақтады:
– Ауданға басшы болып тағайындалысымен, бірінші  кезекте  аудан тарихымен танысуым керек  деп  шештім.  Ел ақсақалдарымен, еңбек ардагерлерімен, жалпы білім беретін мектептердің тарих пәнінің мұғалімдерімен кездестім. Осындай кездесулердің  бірінде  ақын Күләш Рақымжанова  маған  Баян Жанғаловтың  «Үш кезең» кітабын  табыс етті. Кітапты  оқып шыққанда  тек ауданның ғана емес, жалпы өңірдің, қала берді  бүкіл еліміздің тарихынан толық ақпарат алдым десем артық айтқандық емес. Нақты  оқиғалар негізінде жазылған  туынды маған мазмұнымен, оқиғалардың шебер суреттелуімен, өз еліне деген шексіз патриоттық  ұстанымымен ерекше  әсер  етті. Аталған еңбекпен танысқаннан кейін, өзімнің  селолық округтерге жұмыс сапарларымның барысында  тұрғындардың  осы  кітап  туралы не білетіндерін сұрайтын болдым. Оның нәтижесінде олардың басым көпшілігі  аталған кітап  туралы  естігендерін, баспадан аз көлемде шығуына байланысты  оқып шығу  мүмкіндіктерінің  жоқтығы  туралы естіп білдім. Сол  кезде  кітаптың электрондық нұсқасын әзірлеу дұрыс болар деген шешімге келдім. Осылайша жоспарлы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде кітаптың аудионұсқасы жасалып,  республикалық   «Әдебиет»  порталына енгізіліп,  барлық  қазақстандықтарға, қала берді  шетелдегі қандас бауырларымызға  қолжетімді  болып отыр, – деп жүрекжарды қуанышымен бөлісті аудан әкімі.
Мәдени шарада кітап авторының ұлы  Мұратбек  Жанғалов, еңбек ардагерлері  Мұхит Қабдешев, Олжабай Нұрғалиев, Светлана Халилова және  басқалары  толғаныс сезімдерге  толы  естеліктер келтіріп,  игілікті шараға бастама көтеріп, жүзеге асуына атсалысқан аудан басшысы Асқар Мұратұлына ақ  ниеттерге  толы  алғыстарын жеткізді.
Тұсаукесер рәсімінің барысында  М.Ғабдуллин атындағы Зеренді қазақ орта мектебінің оқушылары Назым  Сапарова «Үш кезең»  кітабынан үзінді, Қайыргелді   Мәртен Кәкімбек Салықовтың Баян  атамыздың 80 жылдық торқалы тойына  арнауын, Арайлым Салық   Саттар Сейітқазиннің  1996  жылы «Жұлдыз»  журналында  жарық көрген Баян  атаның ерекше қасиеттерін  баяндайтын  өлеңдерін оқып берді.  
Мерекелік  шара   «Балқадиша»   фольклорлық тобының  ерлер  триосы  орындаған Күләш Рақымжанованың «Ақ орамал» әнімен  мәресіне  жетті.

Қайрат ҚАЗИЯҚПАРОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар