Бекболат Сәдуақас ақсақал:

«Адамға жүз жасау шек емес»

 

Сексеннің тоғызындағы Бекболат Сәдуақас ақсақал денсаулықты сақтау, ауырмау, ұзақ жасау әр адамның өз қолында деп санайды. Өткен тамыз айында 88 жасқа толған қарт ауру дегенді білмейді, емханаға бармайды және дәрі-дәрмек ішпейді.

 

Арақты бір-ақ рет
аузына алыпты
1928 жылдың 17 тамызында дүниеге келген Бекболат ақсақал соғыс біткенде он сегізге толмағандықтан, майдан даласын көрмеген. Бірақ, ол Ұлы Отан соғысының отты жылдарында бұғанасы қатпай, ерте еңбекке араласып, ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан.
–Еңбек жолымды Еңбекшілдер аудандық прокуратурасында қызмет істеуден бастадым, – дейді ақсақал. – Ол кезде жұрттың бәрі арақ-шарап ішеді. Алғашқы жалақымды алған күні біреулер жу деген соң арақ алып, солармен отырып іштім.  Әрине, бір жарты емес, бірнешеуінің басына су құйдық. Содан ақыл-есім  кіресілі-шығасылы,  жалдап алған пәтеріме қалай жеткенім есімде жоқ. Ертеңіне таңертең басым ауырғанына қарамастан, жұмысқа шықтым.
Менің түріме қарап, прокурор арақ ішкенімді айтпай-ақ  түсінген сияқты. Өзі  түсі суық, қатал кісі еді. Маған «арақ іштің бе?» деді қадала қарап. «Іштім» – дедім жасыра алмай. «Енді арақ ішсең, жұмыстан кетесің, бұл саған соңғы ескертуім» деді маған сұстана қарап. Прокурор ағайымның сол сөзі әсер етіп, содан бастап арақ ішуден мүлдем тиылдым. Әрине, бұған үлкен ерік-жігер керек. Ол менде болды. Ал, темекіні болса-болмасын шекпейтінмін. Содан күнде таңертең он-он бес минут дене жаттығуын жасауды әдетке айналдырдым. Кейін келе жарты сағат, одан да көп дене жаттығуын жасайтын болдым.
Бекболат Сәдуақасұлы сол кезден бастап салауаттылықты серік етіп келеді. Ол күн сайын 1,5-2 сағаттай дене жаттығуын жасап, жүгіреді, мұздай суға шомылады. Салауаттылықты өмірлік серігіне айналдырған ақсақал ауру дегенді білмейді. Сексеннен асқан жасына қарамай, салмағы 24 келілік кір тасын иығына қойып, 100 рет отырып, тұрады. Қолын алдына созып, 500 рет отырып тұру жаттығуын жасайды. Ақырын желе шоқытып (марафон жүгірісімен) күн сайын 1-1,5 сағаттай жүгіреді.
Салауаттылық  денсаулығын нығайтуға көмектесіп қана қоймай, белсенді өмір сүруге де жағдай жасапты. Бекболат ақсақал прокуратура органында қызмет ете жүріп, түрлі спорт жарыс-тарына үнемі қатысып отырған. Ол үш дүркін облыстық «Ақбидай» спартакиадасының көпсайыс бойынша жүлдегері. Өзі ұзақ жылдар қызмет еткен Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы және «Қазақстан Республикасы  прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері. Бұған қоса, ақсақал қарап отырмай, түрлі тақырыптарға қалам тербеп, кітап жазады. Қазір оның тоғызыншы кітабы баспаханада басылып жатыр.
Денсаулығын өмірінің басты мәні деп білген
Адам өз денсаулығының қожайыны деп санайды Бекболат ақсақал. Өмір бойы салауаттылықты ұстанып, дене жаттығуын жасаумен, ұйықтау және тамақтану тәртібін сақтаумен келе жатқан қария басы ауырып, балтыры сыздау дегенді білмейді. Денсаулық өздігінен келе салатын Жаратқанның адамдарға берген тегін сыйы емес деп санайды ол. Агротехникалық шараларды қатаң сақтаған диқанның мол өнім алатыны сияқты, денсаулығын нығайту шараларын ескерген адам ғана ауру дегенді  білмей, ұзақ жасайды. Бұл – сексеннің сеңгіріне шықса да, өзін жігіттей ширақ сезінетін Бекболат ақсақалдың өмірлік ұстанымы.
Қарияның әрбір күні өзі белгілеген күн тәртібі бойынша өтеді. Кешкісін сағат 10-дар шамасында ұйқыға жататын ол күн сайын таңғы 5-те оянады. Одан әрі мұздай суға шомылып, аздап дене жаттығуын жасайды. Содан кейін күн жылы, ашық болса таза ауаға шығып бірер сағат серуендейді. Ал, қыстың қытымыр аязды күндерінде желдеткішті ашып қойып, үйдің ішінде немесе ауладағы албарда жүреді.
– Денсаулықты нығайтуға қажетті серуендеу, дене жаттығуын жасау сияқты әрекеттер үшін керек болса, үйді, болмаса есік алдындағы албарды, ауланы да пайдалануға болады, – дейді ол. Таңғы тамағын ішкен соң тағы да бірер сағат жаяу жүріп, содан кейін жазуына отырады.
Тамақты бейберекет ішіп-жемейді. Таңертең түлкіқұрсақ тамақтанса, түсте тоя ішіп-жейді. Ал, кешкілік жеміс-жидек немесе көкөніс салаты. Ұйықтар алдында аздап таза ауада серуендейді.
Бекболат ақсақал жылына бір рет толық медициналық тексеруден өтіп тұрады екен. Сол тексерудің қорытындысына сай егер қаны азайған болса, қан толықтыратын тағамдарды көбірек жеуге көңіл бөледі. Ал, глюкоза, болмаса басқа да витаминдер жетіспеушілігі болса, бұл олқылықты да толтыруға назар аударады.
«Мен бойымдағы кейбір ұсақ-түйек ауруларды өзім емдеп аламын» дейді ақсақал. Түрлі дене жаттығулары мен массаж жасау сияқты тәсілдерді пайдалану арқылы ұсақ-түйек аурулардан айығуға болады деп санайды ол.
Денсаулығын қадағалап, өз ағзасын бақылау және басқаруды меңгерген қария шын мәнінде өз денсаулығының қожасына айналған. Оның денсаулықты қалай сақтауға болатыны жайында айтатын құнды пікірлері мен ойлары аз емес. Өкінішке орай, ғарышқа самғауды үйренген бүгінгі ғылым денсаулықты сақтау ғылымын үйрене де, үйрете де алмай отырғаны шындық. Бүгінгі медицина ғылымының бар берері – бойын дерт меңдеген адамдарды түрлі дәрі-дәрмекпен және операциялар арқылы сырқатын аздап жеңілдету ғана. Дәрімен аурудан толықтай жазылу мүмкін еместігін бәріміз көріп, куә болып жүрміз.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде
Жыл сайын біздің елімізде ғана ондаған ауруханалар мен емханалар, дәрігерлік амбулаториялар салынып жатады. Жүздеген, тіпті мыңдаған жастар медициналық білім алып шығады, бірақ, соның бәріне қарамастан, елімізде аурухана мен емхана және дәрігер мамандар жетіспейді. Неге десеңіз, аурулар саны жыл санап көбеймесе, кемімей отыр.
Бүгінде қашан барсаң да емханалар мен ауруханалардың дәлізінде сіресіп кезек күтіп тұрғандарды көресің. Олардың арасында жастар да, қарттар да бар. Солардың ешқайсысы өкінішке орай, Бекболат ақсақалдың айтқанындай, адам өз денсаулығының қожасы екендігіне мән бермейді.
Мен Бекболат ақсақалмен анда-санда моншада кездесіп қаламын. Өмірге құштар, аңқылдаған ақкөңіл қария кездескен жерде амандық-саулық сұрап, мәз-мәйрам болып қалады. Ауру дегенді білмейтін (ол кісі өмірінде екі-ақ рет ауырыпты) денсаулықты сақтау өнерін жете меңгерген ақсақалдың  аурудан азап шеккендерге айтар ақылы мен берер кеңесі аз емес. Әуелі Аллаға сеніп, екіншіден, деннің саулығына өзіміз еңбек етуіміз қажет.
– Мен жүз жасқа жеткенде «Ұзақ жасаудың құпиясы» деген кітап жазсам деген ойым бар, – дейді ол. Ол кісінің осы сөзіне-ақ риза боласыз. Ауырмаудың амал-тәсілін жете қолға алған қарияның өз тәжірибесі арқылы түйсінген ұзақ жасаудың құпия сырын жұртшылыққа ұсынудағы мақсаты да көпшіліктің назарын салауаттылық салтын ұстанып, денсаулықтарын күтуге аудару екендігі анық. Қария бізбен:
– Ештеңе өздігінен келмейді. Адамдардың көбі жалқау, олар тіпті, ауырып, содан тауқымет тартып жүрсе де аз-мұз уақыт бөліп, денсаулықтарын сақтауға, салауаттылыққа әрекет жасағысы келмейді. Жалқаулықты жеңген адам ауруды да жеңеді, – дегенді айтып қоштасты. Иә, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанған Бекболат ақсақалдың  ұстанымының дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеуде.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар