Белгі тас қашан ескерткішке айналады?

Осыдан тура үш жыл бұрын облыс орталығында  саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылмақшы болып, белгі тас қойылған болатын. Жылда 31 мамыр жақындаған сайын бізді, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағын «осы ескерткіш қашан ашылады екен?» деген ой жиі мазалап қояды. 

Сол бір зұлмат жылдары ашаршылық пен ауру-сырқаудан 1,5 миллионнан астам  отан-дастарымыз көз жұмғаны белгілі. Ал, 600 мың қазақ отбасы ата қоныстарын тастап  кетуге мәжбүр болды. 1937-1938 жылдары облысымызда бес мыңнан астам адам кінәсіз сотталса,  оның 1600-і  атылып кете барды. Осындай әділетсіз жазаға ұшыраған жанның бірі – менің әкем Құсайын Беймұханов еді.
Бұрынғы Щучье ауданына қарасты  Үлгі-алған ауылында  қойма меңгерушісі болып,  коммунист ретінде сол кездегі жүйеге тұтастай бағынған  жанның өзі шаш ал десе, бас алатын асыра сілтеушіліктің құрбаны болды. Ұжымшарға керек болған соң бір жұмыс атын  биеге айырбастаған әкемді қасындағылар НКВД-ның жендеттеріне ұстап береді.  «Халық жауы» деген қара күйе жағу үшін ол кезде міне, осындай бір сылтаудың өзі жеткілікті еді.  
Әкем сол кеткеннен біржола кетті. Төрт баласымен 29 жастағы анамды АЛЖИР-ге  апарып қамайды. Анам араға уақыт салып, елге қайтып келіп, сауыншы болды, жер жыртты. Бізді асырау үшін көрмеген қиындығы жоқ. Колхоз жұмысына араласа бастағанда, «халық жауының баласы» деп бізге де күн көрсетпейтін. Дүре соғатын қамшының еттен өткені ештеңе емес қой, сүйектен өткен сөздерін қайтерсің.
Осының бәрін кейінгі ұрпақ білуі керек. Мұндай зұлмат ешқашан қайталанбауы тиіс. Белгі қойылған жерде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына бір ескерткіш тұрса, өткеннен зәрезап болған біздің де көңіліміз аздап жайланар еді. Әрине, қазіргідей әлемдік дағдарыс кезінде мұның өзі оңай шаруа емес шығар.  Бірақ, айтылған сөз жүзеге асуымен құнды ғой. Мен сияқты әкесі айдауда кеткен бейбақтар құр тасқа емес, сол ескерткішке келіп, тағзым еткені жөн емес пе? Бұл жалғыз менің емес, көптің де тілегі деп білемін.      
Надырхан ҚҰСАЙЫНОВ,
қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *