Береке бастаулары

Атбасар қаласындағы «Қазтехникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған электр үнемдегіш шамдар Астана көшелерін жарықтандырып тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталмыш кәсіпорынның коммерциялық директоры Айжарқын Уәлиев таратып айтып берді.

  Кәсіпорын басшысының сөзінше, елімізге танымал өндіріс орнына қажетті шикізат материалдарының дені Қазақстанда шығарылады. Жоғы Ресейден, сондай-ақ, алыс шетелдерден әкелінеді. Бұрынғы жөндеу-механикалық зауытының цехы жаңа кәсіпорынға лайықтап қайта жарақталған.
– Алғашында біз ескі құрылғылармен жұмыс істедік. Өткен жылы Оңтүстік Кореяның жаңа құрылғыларын сатып алдық – дейді Айжарқын Уәлиев.
Бүгінде зауыт электр үнемдегіш лампалардың 24 түрін жасайды. Тәулігіне үлкен лампалардың 320-сын, кішігірім лампалардың  450-ін құрастырып шығарады. Алғашында тек тапсырыс бойынша жұмыс істеген зауыт кейінгі уақытта толық қуатына көшкен. Зауыт ішінде аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын дайын өнімдерді сақтайтын қойма жабдықталған.  
Зауыт басшысы шығарылған өнімді сату мәселесі оншалықты қиындық туғызып отырмағандығын айтуда. Астана, Алматы, Маңғыстауда бірқатар ірі компаниялар зауыт өніміне тапсырыс беріп жатыр. Сондай-ақ, Жақсы, Есіл, Сандықтау аудандары әкімдіктері және  жеке шаруашылықтармен келісім жасалып көшелерді жарықтандыратын лампаларды орнатып берген. Тапсырыс берушілердің өтініші болса, серіктестік лампаларды орнатып та береді екен. Оған әрине, қосымша ақы төлеу қажет болады. Бүгінде зауыт басшылығы Көкшетау қаласы әкімдігімен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Егер әкімдік тарапынан бұлардың өніміне тапсырыс берілер болса, қала көшелерін жарықтандыратын электр үнемдегіш лампалармен облыс орталығын қамтамасыз етпек.   «Қазтехникс» серіктестігі өз өнімдеріне үш жылдық кепілдік береді. Яғни, лампа үш жыл мүлтіксіз жұмыс жасауы тиіс. Олай болмаған жағдайда, не жаңасымен ауыстырады, болмаса тегін жөндеп береді.
– Жалпы, зауыт шығарған электр үнемдегіш лампалар 20 жыл жұмыс істейді деп жобаланған. Егер сіз зауыт шығарған лампаны сатып алсаңыз, жиырма жылға дейін жаңа лампа алу мәселесін шешкен болар едіңіз. Оның үстіне, электр үнемдегіш лампалардың жарығы басқалармен салыстырғанда мол және электр қуатын аз жұмсайды, – деді кәсіпорын басшысы.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында журналистердің қойған сауалдарына жауап берген Айжарқын Уәлиев алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау және тұтынушылар тарапынан сұраныс болып жатса, кәсіпорын жұмысын одан әрі арттыратынын атап өтті.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар