Берекенің бастауы бекем

 Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Шортанды ауданында болып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік-коммуналдық нысандардың жұмысымен танысты және бүгінгі күннің өскелең талаптарынан туындайтын міндеттерді белгіледі.

  Облыс әкімі ауданға сапарын алдымен «Сағым-Бидай» серіктестігінің егістік алқаптарын аралап көруден бастады. Осында «Бараев атындағы Ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» директоры Жексенбай Қасқарбаев бастаған ғалымдармен кездесіп, егіннің шығымы жөнінде сұрап білді.
Ғалымдардың айтуынша, биылғы жылы өңірде егіннің шығымы да, пісіп-жетілуі де жаман емес көрінеді.
– Өткен жылмен салыстырғанда биыл жауын-шашын көп жауғандықтан, ылғал мол болды. Ал, соңғы ай ашық әрі ыстық күндерімен ерекшеленді. Сол себепті, ауа райы алдағы уақытта тосын мінез танытпаса, егіннің пісіп-жетілуіне қолайлы болар еді. Тамыз және қыркүйек айларында жауын жылдағы деңгейде болса, онда орташа әр гектарынан 13 және 15 центнерден астық алуға мүмкіншілік бар, – дейді Жексенбай Қасқарбаев.
Осы орайда, облыс әкімі бидай сабағының технологиялық биіктігі мен масақтарының толық жетілуін ерекше атап өтті. Облыстың өзге өңірлеріндегі кейбір шаруашылықтардың егіндерінің кеш пісуіне байланысты орақ науқанын таңдап ору арқылы жүргізу тиімді болатынын ескертті.
Дамса ауылындағы «Сағым-Бидай» серіктестігінің бұрынғы ғимараты әкімшілік орталық ретінде қалпына келтірілуде.  Оған осыған дейін қарияларға арналған медициналық әлеуметтік мекемесі ғимаратының бір бөлігін паналап келген жергілікті әкімдік,  дәріхана, кітапхана және Шортанды су коммуналдық кәсіпорнының бөлімшесі орналастырылатын болады.
– Біздің міндетіміз шау тартқан қарияларға қамқорлық танытып,  олардың жайлы өмір сүрулеріне жағдай жасау болып табылады. Бұған бәріміз аса жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді өз сөзінде өңір басшысы.
Қазіргі кезде нысанға электр жарығы тартылып,  есік, терезелері ауыстырылып, жақтаулары сырланған. Сондай-ақ,  төбе тақтайлары мен едендері жаңартылды. Екінші қабатта жөндеу жұмыстары толық аяқталды.  Нысанды қыркүйек айында тапсыру жоспарланған.
Шортанды кентінде 36 пәтерлі тұрғын үй мен бассейн құрылысы да қызу жүргізілуде. Мұндағы тұрғын үйдің құны 153 миллион теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі кезде нысанда жылу,  электрмен жабдықтау жұмыстары тәмамдалып, есік,  су және кәріс желісі тартылуда. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қабдолла Орынбасаров бұл нысанды да қыркүйек айында тапсыратынын айтып сендірді.
Ал, бассейнге келетін болсақ, оның құны 331 миллион теңге және аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрап отыр.  Ұзындығы 25 метр,  ені 11 метр бассейнде жүзуден басқа, бір ауысымда 32 адам келіп, жүгіру,  вело және күш жаттығуы залында спортпен шұғылдана алады. Жыл соңында нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Сапар соңында облыс әкімі №2-ші орта мектеп, суқұбыры желісі және жылу қазандығында да болып, қысқы маусымға дайындық жұмыстарын пысықтап, аудан басшыларына нақты тапсырмалар берді.

 

Аслан ОСПАНОВ

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар