Берлинді алған батыр

 Ұлы Отан соғысына ел ішінен алғашқылардың бірі болып шақырылған Молдабек Жұманов Зеренді ауданының Ескенежал ауылының тумасы. 1917 жылы дүниеге келген.

  Адам жанын түршіктіретін сұрапыл, суыт хабар ел ішін кезіп кеткенде, өз замандас-тарымен бірге нар тәуекелге бел буып, Отан қорғауға аттанған. Одан басқа амал да жоқ еді. Бала жасынан бағзы замандағы батырлар жырын жаттап өскен, қиялында Алпамыс болып жаумен алысқан, Қобыланды болып ел қорғаған сол бір кезеңдегі Алаш азаматтарының бойында қайсарлық қасиет берік орныққандығын, олардың майдан даласындағы дәлдеп атылған оқтан тайсалмай, алдарына қойған қасиетті мақсатты орындау үшін шыбын жанын қия алатындығынан көруге болар еді. Сержант Молдабек Жұманов үшінші Беларусь майданының құрамында Мәскеу қаласында басқыншы жаудан азат етуге қатысқан.
Фашистердің мұздай темір құрсанған әскери күші Мәскеуді алу үшін жанталасып бақты. Бірақ, алға ұмтылған қадамдары кері кетіп, тұмсықтарына тегеуірінді соққы тиді. Сол уақытта ел жүрегі саналатын Мәскеуді қорғау барысында қазақстандық жауынгерлер айтса тіл жеткізгісіз ерлік көрсеткендері тарихтан белгілі. Кейін Клин, Ржев, Витебск, Борисов, Вильнюс, Каунас, Берлин қалаларын неміс фашистерінен азат етуге белсене қатысты. Арада 70 жыл өткен соң айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе неміс фашистері әрбір елді мекенді, әрбір қаланы бекініске айналдырып, табан тіресіп майдан ашты емес пе. Оларды азат ету де  оңай болған жоқ. Гвардия генералы, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Н.Крылов қолбасшылық еткен армия құрамында Қиыр Шығыстағы жапон милитаристеріне қарсы соғысты.
Молдабек Жұманов 1945 жылдың 23 тамызында Оңтүстік Сахалинді, Сюмюсу және Парамушир аралдарын азат ету үшін шайқасты. Осы шайқастардағы көрсеткен ерен ерлігі үшін Кеңес Армиясының бас қолбасшысы И.Сталиннің №372 бұйрығы бойынша сержант Молдабек Жұмановқа алғыс жарияланды. Қан майданда періште қағып оқ дарымай арпалысқан Молдабек ағамыз ерлігіне сай марапаттардан кенде болған жоқ.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дейтін сөздің астарындағы ой ақиқат. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан Молдабек атамыз кейін өзінің туған ауданындағы Еңбек-Бірлік ұжымшарында механизатор болып жұмыс істеді. Кейін ұжымшар басқармасының орынбасары қызметтерін атқарды. Майданда жаудан беті қайтпаған жауынгер тың майданында да тамаша табыстарға жетті.
Бар саналы ғұмыры ерлік пен еңбекке толы, өткен өмірі ұлағатты шежіре болып саналатын атамыз төрт перзентін тәрбиеледі. Бүгінгі күні тереңнен ойлансақ, осындай абзал адамдардың ғұмыры кейінгі жас ұрпақты тәрбиелеу үшін де керек екен ғой.  Құтты рухани қазынаның, ерлік дәстүрінің бір тамшысы тәрізді. Сол үшін де Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Молдабек атамыздың айрықша ерлігін, тамаша еңбегін үлкеннен қалған ұлағат болу үшін ұлықтай жазып отырмын.

Айзат ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ,
журналист.
Зеренді ауданы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар