Білім саласындағы берері мол бағдарлама

Биыл «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы қолға алынуда. Осыған байланысты облыстық білім басқармасының техникалық-кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Б.С.Сәдуақасовпен кездесіп, осы тақырып төңірегінде әңгімелеп беруін өтінген едік.

Тілші: Бекжан Серікұлы, тегін кәсіптік білімге кім ие бола алады, әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ?
Бекжан Серікұлы: Иә, расымен де сіз айтып өткендей, Мемлекет басшысы жылдың басында 2017 жылы «Барша жастарға арналған тегін кәсіптік білім беру» бағдарламасының басталатыны туралы айтты. Сондықтан, осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылды. Алдымен жергілікті басқармалармен бірлесе отырып талдау жасалды. Жоба 9 сыныпты немесе 11 сыныпты бітірген оқушыларға қатысты. Сонымен қатар, колледжде оқитын оқушылар да бар. Жоғары оқу орындарынан шығып қалған студенттер де ескеріледі.
Тілші: Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қандай жұмыстар атқарылады?
 Бекжан Серікұлы: Облыста  39 колледж бар. Олардың 30-ы мемлекеттік болса, 9-ы жекеменшік. Аталмыш оқу орындарында 20 мыңға жуық оқушы оқиды. Оның 13402-сі мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып жатыр. Ал, 362 білім алушы «Серпін» бағдарламасы бойынша оқиды. Облыста Еңбекшілдер, Бұланды, Жақсы, Жарқайың аудандарын айтпағанда, барлық өңірлерде колледждер бар.   Мемлекет жастарға зор мүмкіндік беріп отыр. Біздің мақсат – бұл бағдарламаны бұқара халыққа барынша насихаттау. Көбінесе ақпараттық насихат жетіспейді. Кейбір ауыл балаларының арасында осындай бағдарлама барын білмейтіндер де бар. Ал, бұл оқимын, білікті азамат боламын дейтіндерге көп кедергі келтіреді.
Тілші: Ал, кадр жетіспеушілігі қай жерлерде көп байқалады? Өңірлер бойынша деректер келтіре аласыз ба?
Бекжан Серікұлы:  Жалпы, қай сала болсын мамандар қажет екені айқын. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама көбінің аузында жүр. Орта кәсіпорындарда жоғары білімі бар мамандар емес, компьютерлік техниканы, бағдарламалауды жақсы білетін, орта білімі бар мамандар қажет етілуде. Жасыратыны жоқ, бұрнағы жылдары мектеп түлектерінің басым көпшілігі заңгер, қаржыгер, психолог мамандықтары бойынша оқуға талпынды. Ал, жұмысшы мамандар тасада қала берді. Содан болар, бұл күнде электр дәнекерлеуші, комбайншы, шаштараз, басқа да өз ісінің шеберлері жетіспейді. Біз қоғамға, ата-аналарға кәсіптік білімді игеру тиімді әрі беделді екенін түсіндіруіміз керек. Сол жұмыс арқылы да отбасын асырай алуға болады. Бұл мамандықтардың болашағы зор. Соны көпшілік, үлкен де, кіші де жан-жүрегімен түсінгені жөн.
Тілші: Тегін кәсіптік-техникалық білім алуға кімдер қол жеткізе алады?      
Бекжан Серікұлы: Алдымен, бұл жоба негізгі мектепті бітірген жастарға арналған. 9 сыныптан кейін олар жұмысшы мамандығы бойынша білім ала алады. 10, 11 сыныпты оқығысы келетіндер де белгілі бір кесте бойынша даярлықтан өтіп, мектеп аттестатымен қатар, мамандық алып шыға алады. Сондықтан, біз осы концепция аясында кредиттік-модульді технологияға көшеміз. 11 сынып бітірген түлек жұмысшы мамандығын меңгеремін десе, ол да бұл бағдарламаға қатыса алады. Жұмыссыз жастар да «Жол картасы-2020» бойынша тегін білім ала алады.
Тілші:  Осы бағдарлама аясында білім алушыларға шәкіртақы төлене ме?
Бекжан Серікұлы: Жасыратыны жоқ, көпшілігі әлеуметтік көмегі бар болғасын ғана қызығушылық танытып жатады. Біздегі басты талап оқуға жүрдім-бардым қарамайтын ізденімпаз, еңбекқор, білімге құштар жастарды қолдау болып табылады.  Сондықтан, шәкіртақы тек 4 пен 5-ке оқитын үздік оқушыларымызға беріледі. Қазіргі жұмысшы мамандардың біліктілігі жоғары болуы керек. Сондықтан, бірінші кезекте білімге назар аударамыз.
Тілші: Бұл орайда, қайта білім алғысы келетін оқушылармен, бос жүрген жастармен қалай жұмыс істейсіздер?
Бекжан Серікұлы: 9 сыныпта оқитын әрбір оқушы туралы арнайы ақпараттар дерегі жинақталады. Сонымен қатар, ата-аналармен тығыз байланыста боламыз. Жалпы, әрбір талапкер неғұрлым мамандығын жүрек қалауымен, өз қабілетіне қарай дұрыс таңдаса, солғұрлым оның жемісін көретінін ұмытпауымыз керек.

Сұхбатты жүргізген
Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар