Білімге салынған инвестиция жемісін береді

Бүгінгі заман талабы басқа. Дүниенің кілті – білімдінің қолында. Ал, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу – кез келген мемлекеттің болашаққа нық басқан қадамы.

Сондықтан, мемлекеттің негізгі капиталы – халық десек, оның әрбір мүшесінің сауатты әрі кәсіби маман атануы аса маңызды.
Әрине, кез келген талапкер бала кезден армандаған мамандықтың иесі атана бермеуі мүмкін. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген тәмсілге сенсек, кейде білімді оқушының өзі асқақ мұратына қол жеткізе алмай жатады. Мұндайда баланың сағын сындырмайтын жолды қарастыру керек. Ата-ана баласының жоғары білім алуы үшін бар жиған-тергенін шашуға дайын. Алайда, бұл ақша бір, әрі кетсе екі жылға жетер. Ал, төрт жыл немесе одан да көп оқитын студент оқу ақысын қалай төлейді? Бұл кезде бар ауыртпалық ата-анаға түспей ме?!
Қазіргі кезде жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты назарында. Еліміздің білім гранттарын тағайындап, тегін оқытуының өзі үлкен қамқорлық. Алайда, мемлекет бөлген грантқа екінің бірінің қол жеткізуі мүмкін емес. Мұндайда 2013 жылы бастама ретінде енгізіліп, бүгінде жемісті жұмыс істеп келе жатқан Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) көмекке келетінін баса айтқан жөн. Яғни, әлемнің бірқатар елдерінде, атап айтсақ, Испания, Сингапур, Нидерланд, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ-та қолданысқа енген ұтымды жүйе пайдасын беріп үлгерген. Неге десеңіз, ата-ананың баласын оқытуға жұмсалатын шығынының бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Мемлекеттік білім берудегі жинақтау жүйесі арқылы еліміздің кез келген азаматы өзінің немесе балаларының Қазақстанда және шетелде оқуына жоспарлы түрде қаражат жинақтай алады.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің көздегені не? Әрине, бұл жүйе туралы ақпаратқа қанық емес адам күмәнмен қарайтыны заңдылық. Алайда, баланың болашағы үшін, жоғары білім алып, білікті маман иесі атануы үшін қолға алынған қадам екенін жүйенің мақсаты мен міндетін елеп-екшеген жан біледі. Бұл ұрпағыңыздың қиналмай оқуға түсіп, алаңсыз білім алуы үшін ақша жинаудың оңай тәсілі.  
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңға 2013 жылы 14 қаңтар күні қол қойғаны белгілі. Жүйенің негізгі мақсаты – білім алудың қолжетімділігін арттыру, яғни, ата-аналардың аз мөлшерден жинап бастаған салымдарының көбеюіне, ертеңгі күні мектеп бітірушілердің ЖОО-ларға немесе магистратура, докторантураларға түсуіне мүдделі болу. Осы заңның аясында бүгінде Білім және ғылым министрлігінің жанында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы қарқынды түрде жұмыс істеуде. «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, бүгінде 17 мыңнан аса азаматқа білім беру депозиттері ашылып, оларға салымдар жасалуда. Ал, осы жүйені елімізге енгізуге байланысты қыруар жұмыс атқарылғаны анық. Өйткені, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Елбасының қолдауымен, пәрменімен құрылғандықтан, оны атқаруда   халық алдындағы жауапкершілік өте үлкен. Бұл ретте халықтың сеніміне кірудің оңай еместігі байқалды. Техникалық жұмыстар бірнеше банктің және бірнеше мемлекеттік органның мәліметтер базасын бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіруден басталса, нормативтік жұмыстар негізгі заң қабылданғаннан кейін жүйеге қатысушылар арасында үлгілік келісімшартты бекітуден туындады. Содан кейін ғана білім беру депозиттерінің шарттары мен басымдықтарын түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық жұмыстарға кезек берілді. Әлбетте, жаңа  жүйе бойынша білім беру депозиттерін ашып жатқандардың қатары 17 мыңнан асса да, бұл әлі де болса насихаттауды, бір-бірімізге айтып жүруді артықтық етпейді.
Ең бастысы, салынған ақшаға кепілдік бар. Яғни, жеке тұлғалардың барлық салымдары сияқты білім беру депозиті де Депозиттерді кепілдендіру қорымен 10 миллион теңге мөлшеріне дейін сақтандырылған. Сондай-ақ, білім беру депозитінің басқа депозиттерден ең басты елеулі айырмашылығы ретінде банктің 14 пайызға дейінгі жылдық сыйақысынан бөлек мемлекет тарапынан да беріліп отыратын 5-7 пайыздық сыйлықақыны атауға болады. Демек, 7 пайыз мөлшеріндегі көтеріңкі мемлекет сыйлықақысы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға жататын азаматтар, оның ішінде жетім балалар, мүгедек балалар және көп балалы отбасындағы балалар үмітін ақтауға арналған. Басқа салымшыларға мемлекет сыйақыны жыл бойына жинақталған сомаға 5 пайыз мөлшерінде төлейді. Айталық, салымшы жылына 1 миллион теңге ақша салатын болса, ол банк пен мемлекет тарапынан 19-21 пайызға дейін көтермеленіп, үстіне ақша қосылады.
Білім депозитінің көздеген мақсаты – жинақталған қаржы тек қана білім алуға жұмсалуы тиіс. Егер салымшы жинаған қаржысын басқа мақсатта пайдаланғысы келсе, мемлекет тарапынан бөлінген сыйақы берілмейді. Болашақ студент білімді Қазақстандағы оқу орындарынан алғысы келе ме, әлде шетелде оқуды армандай ма, мейлі. Салымшы өзінің не баласының атына қатысушы банктен білім салымын ашады да, ақша жинау мерзімін, қанша ақша жинау керегін және салымның уақытын өзі белгілейді. Салымды екінші деңгейдегі банктерден, мәселен, Халық Банк, Нұрбанк, Цеснабанктен ашуға болады. Ал, банкке салынатын бастапқы жарнаның ең төменгі сомасы 3 айлық есептік көрсеткішті құрайды, яғни, банктерде білім депозитін ашу үшін 6 708 теңгеден асатын қаражат салынуы керек. Білім депозитін жинақтаудың мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Салымды ашу үшін ата-ананың жеке куәлігі немесе төлқұжаты және баланың туу туралы куәлігі немесе төлқұжаты керек. Айта кету керек, білім депозитіне салымды республикамыздың аумағындағы барлық елді мекендерде қатысушы банктердің барлық филиалдарында ашуға мүмкіндік бар.
Әрине, өмір кездейсоқ жағдайлардан тұрады. Егер салым иесі грантқа оқуға түсе қалған жағдайда, салымшы барлық қаржысын банк үстемақысымен және мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қайтарып алуына құқы бар. Немесе ҚР азаматы болып табылатын басқа бір адамның атына білім салымын аударуына болады. Тіпті, болмаса салымды әрі қарай жалғастырып, магис-
тратурада оқуы үшін жинақтаған қаражатты пайдалана алады. Егер салымшының жинаған ақшасы оқу ақысын төлеуге жетпей қалса, ал, білім депозитіндегі қаржы оқу ақысының елу пайызын құраса, онда қаржы орталығының кепіл болуымен талапкерге білім несиесі беріледі.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне тек жеке тұлғалар ғана емес, қайырымдылық қорлары мен мүдделі ұйымдар, компаниялар да қатыса алады. Мұның мысалы ретінде Сара Назарбаева басқаратын «Бөбек» қорының акциясын айтуға болады. Ол еліміздегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеті мың балаға білім беру депозитін ашып, қайырымдылық істің бастауында тұр. Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Өзіңнен баста!» қайырымдылық акциясы қолға алынған. Акция ауқатты адамдарды, көрнекті қоғам қайраткерлерін мұқтаж балаларға білім беру депозитін ашу ісіне тартуды мақсат етеді. Бұл акция аясында да депозиттер ашылуда.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым – білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деген болатын. Мемлекет бұл үдеден шығуға  күш салып келеді. Ал, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», – деген пікіріне біз тілге тиек еткен ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржы орталығының қолдауымен жүзеге асып отырған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі толыққанды дәлел бола алады. Себебі, білімге салынған инвестиция – болашақтың кепілі. Оның қайтарымы да, пайдасы да мол болары сөзсіз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар