Бір есім, бір тағдыр-ай!..

Өмірге шыр етіп келген бейкүнә нәрестені қазір қалай атасаң да бәрібір, өйткені, ол ештеңені де түсінбейді, бірақ, есейе келе өзінің есімінің қандай мәнді беретіндігіне, неге олай аталғанына назар аударатыны сөзсіз. Немересі дүниеге келгенде оның есімін қойған әжесі болатын. Бірақ, бұл есім сәбиге серік бола алды ма?..

Гүлден бүгін мазасыз күй кешті. Айы-күні жетіп жеңілденетін уақыты да болған келініне ауданға емес, облыс орталығына баруды Марфуға әже өзі айтқан болатын. Жолдары айқұш-ұйқыш автобус қалаға 300 шақырымды бір күн жүріп, әрең жеткізетін. Әупірімдеп, кешкі алакеуімде ет-майын арқалаған қос сөмкесімен қалаға да жетті-ау. Жеткенін қайтерсің, жол соқты ма іші бүріп, шыдатпады. Ақыры жедел жәрдем көлігімен әйелдер босандыратын ауруханаға келіп, сәбиін өмірге әкелді.
Иә, ана жүрегі бір сәт қуаныштан жылап жатты. Арасында талықсып кете ме, қалай? Бірақ, көңіл түкпіріндегі бір түсініксіз ой ара-кідік қылаң береді. Содан екі беті томпиған, аппақ қызын кеудесіне басып, мейірленген ананың қуанышы ұзаққа бармады. Сәбиді қырқынан шығарып, дәрігерлік тексерістен өткізгенде, бір аяғының қысқалығын анықтады. Мұның бәрі жеті-сегіз сағат жол жүріп, өзі жеңілденуге шамасы келмей шаршап барған
жүкті ананың теріс келген сәбиін тартып алғанынан ба екен?.. Кім білсін, айтуға ауыз бармайды. Ондай болса, ауданда да жеңілденуге болмас па еді деген өкініш әлі күнге өзекті өртейді. Міне, сол күннен кейін мазасыздық басталды. Сәбидің аяғына гипс салып, қаламен екі ортада вертолетпен қатынау. Өйткені, автобуспен жүру мүмкін емес еді. Одан әрі Алматыдағы Ақсай балалар санаториясындағы жылдап жатқан уақыттар. Жанары жасқа толып, сәби қалса, жүрегі мұңға оранып ана жүретін. Сондағы алғашқы отадан үмітсіз де емес еді-ау. Бірақ, сәтсіз болды…
Айнамкөз әрине, бір қарағанда әп-әсем есім. Өзі де томаға-тұйық, қолаң шашы беліне түскен, екі көзі мөлдіреген, талдырмаш бойлы көрікті қыз болып өсіп келеді. Десек те, осы есімді иеленген қызы жиырма жастан асса да, сырқатынан айықпады. Тіпті, денсаулығы сыр бергені соншалық, бірнеше рет Астана қаласында күрделі ота жасатып, тағдыр тауқыметін тартудай-ақ тартты. Соған қарамастан, Айнамкөздің оқысам, анама көмектессем деген асыл арманы болатын… Орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына да түсті. Алайда, сол армандары кейде сырқатына байланысты үзіліп қалып жатты-ау. Отбасында анасы мен өзінен кейінгі бауыры Мақсат бар. Сабырлылығынан ба, томаға-тұйықтығынан ба, әйтеуір, жанына батқан ауруын анасына да, басқаға да сездірмеуге тырысатын. Сондағысы тағдыр жүгінің ауыртпалығын шыдамдылықпен жеңіп шығу болды ма екен, кім білсін?
…Айнамкөз бірде өзі дүние есігін ашқаннан бергі өмірін көз алдынан өткізіп, ұзақ ойланды. Анасы жұмыста, бауыры оқуда. Қаншама жыл пәтерден-пәтер ауыстырып, жалдамалы пәтердің қиындығын да тартып келеді. Оның үстіне мүгедектігі жанына батты ма? Дүниеден баз кешкендей тағдырына налыды ма, әйтеуір, еңсесін басқан тұңғиық ойдан серпіліп шығуға талпынып көрді. Сөйтіп жүріп, жүрегі де сыр берді.
Тағы да аурухана палатасы. Айналасы ақ халаттыларға толған. Тек бір өзгешелігі – өзінің көрікті қаласында Көкшетауында жүрегіне ота жасалды. Оған да «шүкір», – деді. Өйткені, жөргекте жатқаннан шырылдап жүгірген аяулы анасы ең болмаса, осы жолы жетпеген қаражатын қамдап, жұмысынан сұранып, пойыздан-пойызға ауысып, басқа қалаға барып, бірнеше сағаттап жол жүріп, қызының қасында апталап отырмайды ғой, – деп анасын аяды. Иә, Алла, жаратқан ием өзің жар бола көр, деп іштей күбірледі ме? Өзіне де түсініксіз. Әйтеуір, Алланы аузына жиі алатын болды. Жүрегінде бір ұшқын алға жетелегендей. Сөйтіп жүріп, анасымен бірге Ораза ұстады. Анасы екеуі жиі сырласатын. Бірақ, Айнамкөзді мазалаған бір ой ол өзінің есімінің тарихын білу болатын.
– Иә, қызым, сеземін сені толғандырған ойды. Сол есімді саған неге бергенімді айтайын ба? – деп анасы қызының дүниеге келген кезін еске алды. Ол кезде үлкен кісінің айтқаны орындалады. Әжеңнің таңдаған есіміне мен қарсы болмадым. Кейін келе сен де сол Айнамкөзге ұқсап бара жатқаныңды байқадым. Байқадым да, жүрегім шымырлап, өзімді қоярға жер таппадым. Әлі күнге мен оны саған айта алмадым. Ал, бүгін сен есейдің құлыным. Ол Айнамкөз қасы-көзі қиылған, қолаң шашы дәл сендей беліне түскен сүйкімді бойжеткен. Бірақ, бала жастан мүгедек қалпында қалып қойды…
Иә, біз қашанда көнбіс халықпыз. Тағдырдың жазуы дейміз. Кейде ештеңенің байыбына бармаймыз. Жылтырағанға қызығамыз. Ал, бүгін Айнамкөз ақыл тоқтатқан. Ол о бастан, томаға-тұйық, сабырлы да салмақты қыз. Бірақ, ол өзінің өмірін ой елегінен өткізгені соншалық, өзіне жиырма бес жыл серік болған Айнамкөзді Ақнұрға ауыстырмақ болды. Сөйтіп, бұл шешімін анасы да құптап, тиісті орындарға барып, құжаттар жинастырып жүріп, арада бірнеше ай өткенде жаңа есімі жазылған төлқұжатын қолына алды. Қуанышында шек жоқ. Енді бар қиындық артта қалғандай. Ылайым, солай болғай!
…«Алла» деп жаңа есімімен қоса, өзіне жақсы дос тауып, жаңа өмірге аттанды. Бағалай білгенге бақыт қонатыны рас-ау. Әне, қол ұстасқан екі жас бірін-бірі көздерінен ұғынып, жаңа есімді серік етіп, ақ арманның құшағына бет алды. Бағың ашылсын, Ақнұр!
Иә, балаға ат қоюда жеті рет өлшеп бір пішкен дұрыс болар. Өзің болмасаң да, болашақ ғасырларға атың қалады. Әрбір ата-ана баласына ат қою өзіне жүктелер жауапкершілік екенін сезініп, аса сақтықпен қарағаны жөн. Мұндай жағдай бізде ғана емес, басқалардың да басында бар шығар, кім білсін? Өйткені, есім – адамның өмірлік серігі екенін естен шығармайық, ағайын!

Асылай Қадырқызы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *