Бір үйден төрт адам майданға аттанып, үшеуі оралмаған

Соғыс!.. Осы бір ауыз сөздің қалай ызғарлы, қалай суық естілетінін білсең ғой. Сұм жау бейбіт жатқан кеңес еліне басып кіріп,  бейбіт жұрттың құтын қашырып, тыныштығын кетірді. Соғыс дүрмегінен шалғайда жатқан қазақ елі де ортақ Отанның азаттығы үшін сырт қала алмады. Қаралы күннің қайғы жасын жұтып,  қамыққан  жандар жауға қару алып ұмтылды. Өз еріктерімен сұранып, өшпенді жаудан кек алмақ болған қазақтың қаншама жас ұландары  ерліктің өшпес өнегесін көрсетті.

Асылбек Дәулетов майданға аттанғанда небәрі он жеті жаста ғана болатын.  Бұл 1943 жылдың ақпан айы еді. Бар туыс-бауырлары көздеріне жас алып шығарып салды.  Бозбала жасқа жеткен жігіттің  ерте есейгенін  артында қалған аяулы әжесі де, анасы да  байқамай қалмаған.
–Бауырым, жасың менен кіші болсаң да, ел қорғауға ерте кетіп барасың.  Мен де көп бөгелмеспін. Елімізге жау ылаң салып, қырғидай тиіп жатқанда қалай ғана тасада қалармыз. Батыл бол! – деді ағасы Еркен (оны еркелетіп Ержігіт дейтін еді) Асылбекті әскери комиссариатқа шығарып салып тұрып. Асылбек алғаш рет туысқа деген сағыныштың қандай ыстық болатынын сезінді. Жанарына жас келді. Бұл өз туған жерінен жыраққа кетіп бара жатқан адамның қимастық жасы еді.
…Соғыс басталып, алғашқы қиын-қыстау жылы асқар таудай әкесін де өзі шығарып салған. Ол қырықтан асқан шағында шақыру алып, елін, жерін, бала-шағасын тастап кете барды. Ел басына күн туса, енді қайтпек?! Артында Асылбекпен қатарлас үш ағасынан басқа шиеттей екі қыз бен бір ұл бала қалып бара жатты. Жұбайы болса, аурушаң, тағдырдың бұл тауқыметін көтере ала ма деп қамыққанын ешкімге әке байғұс сездірмеген шығар-ау. Ал, жетпістен асқан қарт анасын қатты аяған болар ол.
Міне, араға тура бір жыл салып, ортаншы ұлы Асылбегі  де ұрыс даласына аттанып барады. Әкесінің сол күнгі кескін-келбеті көз алдынан кетер емес. Соңғы рет ұл-қыздарын маңдайынан иіскеп, мауқын бір басты. Асылбектің бала жүрегі әке мейірімін енді қайтып көре алмайтынын білген де жоқ еді. Қайран әкелеріне амандық тілеп қала берді.
Асылбектің ізін ала  ағасы Еркен де майданға алынды. Ол жиырма жасқа шыққан. Бір отбасынан соғысқа кеткен төртінші жан. Ал, ең үлкен ағалары Есләм 1939 жылы әскерге алынып, соғыс басталар алдында ғана елге оралмақшы еді. Тағдыр оған туған жерге оралуды жазбапты. Ленинград әскери округінде алғашқы ұрыстарға қатысты. Қатардағы жауынгерден атқыштар ротасының командирі, капитан шеніне дейін көтерілді.
Ұлы Отан соғысының ең алғашқы қиян-кескі шайқастарын бастан өткерді. Он жауынгер бір қарумен соғысып,  өлім оты шашылған аласапыранда талай жанқиярлық ерліктер де жасады.  Рота басқару кім-көрінгеннің қолынан келе беретін қабілет те емес.  Сөйтіп, ол 1942 жылдың қыркүйек айында  Ржев қаласында мерт болып,  мәңгіге сол жерден тұрақ тапты.
Асылбектің әке-ағалары Мәскеу түбіндегі жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысты. Әкелері майданға алынған 1942 жылдың күзінде хабарсыз кеткен. Ал, Асылбектің өзінен кейін соғысқа аттанған Ержігіт ағасы да  Мәскеу түбінде  1943 жылы опат болды.
–Үй іші әкем және ағаларымның қаза тауып, хабарсыз кеткенін  соғыс аяқталғанша білген жоқ, – деп еске алады Асылбек ағамыз. –Ол кезде онсыз да қайғының қанды жасын жұтқан отбасына қара қағазды тапсыру шаңырағын шайқалтқанмен бірдей еді. Осылай біздің отбасынан әкем және үш ағам жайлы біз кейін білдік. Менің өзім майданнан елуінші жылы елге оралғанда бір-ақ естідім. Ең жақын адамдарыңнан айырылу қандай қиын еді.
Алла тағала маған өмір мен өлім белдескен аласапыраннан отбасыма аман келуді жазған екен.  Анамыз Мағрипа да 1943 жылы көз жұмды. Соғыстың қайғысы кімге оңай тиді дейсің. Бәріне бас-көз болып қалған сексеннің сеңгіріне келген Зылиха әжеме қатты таңданамын.  Шиеттей іні-қарындастарымды бағып, қағып, ержеткізді.  «Әкелеріңнің сендерді маған табыстаған  аманатын орындамай о дүниеге кетпеймін» дейтін ол. Зылиха әжелері өзінің көзі тірісінде барлық немерелерін аяқтандырып, жеке-жеке шаңырақ еткен екен. Өзі де тоқсан сегіз жасқа келіп өмірден өтеді. Мұндай қазақтың қайратты әжелері тарихта аз ба екен?!  Бүкіл үрім бұтағының қамын жеп, қиындығын еңсеріп, даналық танытқан Зылиха әжесінің  сол күндері иығына түскен ауыртпашылықты айтып жеткізу қиын.
–Есләмбек деген ағам ғана соғысқа барған жоқ. Ол денсаулығы жарамай, елде қалды. Ержігіт ағам екеуі егіз туған. Сөйтіп, Зылиха әжеме қолқанат болып, ерте үйленіп, түтініміздің түзу ұшуына көп еңбек сіңірді,–дейді Асылбек ағамыз өткен күндерге бір шолу жасап.
Немерелері он жеті-он сегіз жасқа толғанда ұзататынын ұзатып, қалғанын аяқтандырып, өзінің әжелік парызын орындады. Асылбектің көз алдында соғыстың тұмшаланған қара бұлтымен бірге, осындай бір шаңырақты шайқалтпай сақтап қалған әже бейнесі ерекше қастерлі көрінеді.
Міне, бір отбасынан аттанған төрт адамнан жалғыз оралғаны осы Асылбек Дәулетов. Ол өзінің соғыс жайлы естеліктерінде Карель майданы арқылы талай ұрыстарды басынан өткергенін айтады.  Майданға алынған алғашқы жылы 37-інші әуе десанты корпусы фин шекарасына тақап келеді.  Кеңестің қаһарлы әскерінен қаймыққан финдер қаруларын тастап,  өздігінен беріледі. Осылайша генерал Кирил Мерецков қолбасшылық жасайтын 7-інші армия құрамында Свирь өзені бойымен жүріп өтіп,  Батыс майданына қосылады. Эшелонға отырып Калинин және Мәскеу арқылы Белорусияның Орша қаласына келіп тоқтайды.
Әуе десанты әскері ең күрделі жағдай қалыптасқан жерлерге жіберілетін жедел құрылымдарға жатады. Ла-манш бұғазында гитлершілдердің қарымды шабуылдары күшейіп, әскери жағдай қиындай түседі. Біздің одақтасымыз саналған ағылшын әскерлері екінші майданды ашуды кешіктіріп алады. Дереу жоғары жақтың бұйрығымен  бұлардың әуе десанты әскері Украина, Молдовия арқылы Венгрияға жеткізіледі. Сөйтіп, олар Венгрия мен Австрияны жаудан азат ету ұрыстарына қатысты. Ұлы Жеңісті де осы жерде қарсы алады. Ал, Асылбек ағамыз осы ұрыстардағы ерлік істері үшін 1-інші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Ол елуінші жылы ғана  туған жерге оралды. Сегіз жыл әскери борышын атқарған екен. Дивизион комсоргы ретінде жақсы мінездемемен келген ол Көкшетау аудандық партия комитетінің аппаратына нұсқаушы болып жұмысқа алынды. 1957 жылы жоғары партия мектебін бітіргесін Асылбек Жәзиұлы партия жұмысында биік лауазымдарды атқарды. Володар және Арықбалық аудандық партия комитеттерінің екінші хатшысы, ал, 1969 жылдың наурызынан 1980 жылдың ақпанына дейін 11 жыл бойы Ленинград аудандық атқару комитетінің төрағасы  және одан әрі 6,5 жыл Көкшетау облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып абыройлы қызмет істеді. Бүгінде майдангер ағамыздың есімі жерлестеріне етене таныс.  «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағын иеленіп, өзінің азаматтық болмысымен көрініп жүрген ардагер. 1986 жылы майдандағы еңбегі бағаланып, «Кеңес Армиясының әуе десанты әскерінің құрметті ардагері» атағын да алды.
Өзінің бір отбасынан төрт адам майданға аттанып, жалғыз оралғаны Жаратушы Алланың да Дәулетовтар шаңырағын құлатпай, кейінгі ұрпаққа жол көрсетсін деген мейір шапағаты шығар. Жыл сайын бір оралатын Жеңіс мерекесі күні ол ең алдымен соғыстан оралмаған аяулы әке мен бауырларын еске алып, тағзым етеді. Өзінің осы күнге жеткеніне шүкіршілік етеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар