БІР КҮН

Мазасыздық көптен бері Беріктің жан серігі болып алғандай. Бүгін де ерте оянғанымен, басын көтеріп, орнынан тұруға зауқы соқпады. Үй-ішіне зер салып еді, таң атқалы қашан дегендей, төрт қабырға ағараңдап қалыпты. Өзі білсе, бұл ауыл әлі аяғынан тұрып кете қойған жоқ. Малды өріске айдап салып, ұйқыға басатын әдетін жұмыссыздықтан бері тапқан. Бұрын ғой, осы кезде тіршілік қыз-қыз қайнап жататын.
Мұны шіркін, оқудан жазғы каникулға келіп, ауылда жүргенде, Байтас шалдың от қайраққа шыңдаған шалғысының шыңылы оятушы еді-ау. Сонда ол кісі нешеде тұрады десейші. Таң атпай көрші үйден жеткен сол үн бір тоқтап, бір қайталанып, құлағыңның етін жеп тұрып алған соң, шыдап көр. Бұл да киініп, есік алдына шыққан сол күні бригаданың қорапты машинасының үстінде шөпшілер рахметін айтып, Байекеңнен қайраған шалғыларды бір-бірлеп алып жатыр екен.
– Әй, студент, – деп тіл қатқан әлгілер мінген көлік анадай ұзаған кезде бұған көзі түсіп кеткен Байтас атасы біткен іске көңілденген қалпы. – Сендей жасымда мен ұйқы дегенді білмеуші едім. Біздің ұйқымыз окопта өтті. Жамбасыңнан сыз өткенде, қайбір жатыс. Ал, сен болсаң, оқудан келгелі ана шешеңнің қолын ұзартайын деп табынға бір мал айдап қостың ба. Бар, бар, бүгін Зағираны жүгіртпей, өзің қоса ғой.
Осы күні жарықтықтың сол жаздағы талай әңгіме, талай сөз саптасынан гөрі сондағы мұны осылай бір бүйірлеп алуы ойына жиі оралады да жүреді. Үй арасында үй жоқ еді-ау. Өңі қандай ашаң болса, сөзі де зілсіз-ді. Содан кейін ұялып, осы үйге біткен үш-төрт қара мен оншақты қойды ауыл шетіндегі табынға ауық-ауық өзі айдап қосып жүрді. Қартың қалт жібермеген сол бір жай да бұған ертеңіне керек сабақ, өмір сабағы еді. Соңында томпайған төмпешік қана қалып, Байтас шалдар да мына бейопа тірліктен мәңгі көшкелі қашан. Кереғарлық дегенді қойсайшы. Бұлардың тозыңқы үйі тұр да, қолы білген қарттың күш-қуаты барда ағаштан бұрап тұрып салған еңселі шаңырағының тек орны ғана қалған. Санай берсе, осы ауылда соңғы он-он бес жылда неше үй келмеске кетті екен?!.
Бөлмеге жарма есікті айқара ашып анасы кірді. Көзін жұма қойып, ұйықтаған болып жатыр еді, басқан ізімен ертеде төселген тақтай еден әр жерден бір сықырлауға айналғанда шыдамады. Баяғыда өмірден озған көршісі есіне түсіп жатқасын ба,
аузынан:
– Сол кезде мына Байтас шалдың үйін сатып алсақ қой. Біздікінен әлдеқайда тәуір еді. Ақыры, қаладан көлденең біреу бұзып әкетті. Қолымызда азын-аулақ мал тұрғанда, баласы сол ақшаға беріп-ақ кететін еді, – деген сөздің қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалған. Терезенің пердесін сырып жатқан Зағира мұны естіп, шарт кетсін.
– Немене, әкеңнің өліп-талып сендер деп салып кеткен қара шаңырағы тақияңа тар келіп тұр ма? Жүдеп-жадап тұрса, екеуіңнің берекесіздіктерің. Осы үйдің ол қайтқалы бір шипырын жаңарттыңдар ма? Жатып алып, зәкүн соғуға шеберсіңдер.
Сол-ақ екен, анасының мұнысына бұл да үнсіз қала алмаған. Рас та болса, таң атпай қытығына тиген мына сөз сүйегінен өтіп кетті.
– Сонда бізге не қыл дейсің. Жұмыс болып, күреп тауып, оңды-солды шашып жатсақ бір сәрі. Осыны ести-ести Болаттың да қалаға кетіп тынғаны анау. Мен де кетейін, ендеше. Қайта бір түйір жұмыс жоқ осы ауылда саған қарайлап, қасыңда жүргеніме рахмет айт!
– Не рахмет айтатыны бар. Маған қарайлап, жетістіріп жүрсің. Сөзін қара…
Содан анасы да ашынып, бұл да ашынып барып, екеуі үн-түнсіз дөңгелек үстелдің басына жайғасқан. Әлден бір-бірін қажап алған соң бір-екі кесе таңертеңгі шай-суанының да бойына сіңер түрі жоқ. Оразаларын бұлай айғаймен ашқандары қайбір жақсылық дейсің. Бәріне кінәлі мына тұқыртып қойған заман. Соны түсінбей, жоқ жерден айғайлайды кеп. Анасын қайдам, дәл қазір Беріктің өзінде осы реніш. Дегенмен, ақырын барлап, көз қиығын салып еді, жаңағы ойы бір жаққа ұшқандай, қартайып, екі иығы қушиып, шөгіп кеткен қарсы алдындағы жанды бір түрлі аяп кетті. Жүріп-жүріп, соны анық бүгін байқап отырғандай. Маңдайы, бет-аузындағы көбейген әжім іздері де соңғы жылдардағы тірлігінің оңай соқпағанын қуаттап тұр. Осыған бір сәт ой тоқтатқан ұл енді қысылайын деді. Өз-өзінен бекер жүз шайыстым ба деп анасының манадан бері ашыла қоймаған қабағына бір, ауық-ауық шай кесеге барып қалатын тарамыс қолдарына екі қарағыштап, не де болса жұмсарып, көңілін аулауға бекінді.
– Маржанның да келетін уақыты болды, неге бөгеліп жатыр екен, ә?
Сөзді бұлай бастауы да тегін емес. Маржан осы үйдің үлкен келіні, яғни, өзінің келіншегі, әкесі мен анасының көздерін ашып көрген тұңғыш қызықтары. Бір жұма бұрын екі баламен төркіндеп, көрші аудандағы үйіне кеткен. Биыл он үшке толатын Ержаны мен былтыр мектеп табалдырығын аттаған Гүлсаясын өзі де әбден сағынып жүр.
Келінін есіне салуы мұң екен, Зағираның да жауабы кешікпеді.
– Қайта сендерден сол келіннің еті тірі. Қолынан келгенше сипап-сиырып осы үйді ұстап отыр.
– Ә, ә, солай екен ғой. Ендеше, Ертай, Есендердің біреуімен сөйлесіп, жақсы келініңді тезірек үйге алып келейін. Кім біледі, көлік болмай жатыр ма? Осы жасыңда үй шаруасы да оңай емес.
Бұлай әзілмен жақсы келінге басып жатқанының да жаны бар. Әйтеуір, реті келгенде анасының келінін осылай жақтап сөйлегеніне іші жылып қояды. Бір шүкіршілігі, араларында зіл, тоң-теріс қылық жоқ. Әйтпесе, осы күні бір-бірін қарадай ұнатпай, сынап-мінеп отыратын ене мен келін аз ба. Бұл да болса, текті ортадан шыққан, көп сөзге жоқ, өз орнын білетін Маржанының арқасы. Сосын, әрине, анасының да артық-ауыс мінезі жоғын ел біледі. Ал, бүгінгі бұған кейіп, амалы таусылғаны мына олай тартсаң өгіз өлер, былай тартсаң арба сынар шарасыздықтың кейпі де. Қайтесің, қол қысқа, тапқан-таянғаның жоқ, біреу тойып, біреу тоңып секірген осы күні анаған да, мынаған да дәрменсізсің. Бәрін ақша шешеді, ақша кесіп айтады. Қалталы – құдай, қалғаны – былай. Әйтпесе, осы үйді үй қылмайын дейсің бе. Қысқа жіп күрмеуге келмей қойған соң, бәрі кейін сырғи береді. Сосын да өзіңнің осы күйкі тірлігіңді мойындайсың, қанша қопаңдап бақсаң да айтылған орынды сөзді жоққа шығара алмайсың. Әлгі заматта тағы да түпсіз ойдың жетегіне қалай кіріп кеткенін өзі де байқамапты. Сол құрсаудан анасының қоңыр даусы босатып алған.
– Барсаң барып кел. Әлгі екі құлынды да бір иіскемегелі қашан.
Мына сөзбен үнсіз келісіп, далаға шықты. Күн де әлден ыси бастап, оттай қуырғалы тұр екен. Бүгін біреудің трәктірін сұрап алып, Маржан келгенше қора-қопсыны сылауға ақ бауыр әкеліп қояйын деп ойлаған. Үйдің сәті түспей жатса да, бұрыш-бұрышына мал сүйкеніп, балшығы түскен қораны бұлай құлазытып қоюға болмас. Енді «кімнен аламын?» деп жүрген сол трәктірге келіншегін әкелетін көлігі ол қосылды. Кімге барса да әрнені бір сылтауратып, оңай көнгісі жоқ. Бұрынғыдай емес, адамдардан да қайырым қалмай бара ма өзі?!. Осындайда ешкімге жалынбайтын ортанқол «Аудиін» жүріп-тұруына жеңіл болсын деп қалаға жұмысқа орналасып жатқан жалғыз інісіне мінгізіп жіберген. Бүгін күн әлі сәрсенбі, ол демалысқа келгенше қашан. «Ана Жақыптың трәктірін сұрасам, тағы бірдеңесін көлденең тартып, бетімді қайтарып тастай ма?» деп екі ойлы қалпы тағы бірер мүмкіндікті бажайлап тұрғаны сол еді, мұны көріп, көше жақтан сыралғы досы Ерімбет те бері бұрыла берді. Өзі кәдімгідей көңілді, екі езуі екі құлағында, алып-ұшып келеді. Амандық-саулық жоқ, жете бере тап Қалимашы өзіне ұл тауып бергендей:
– Әй, естідің бе, құрдасың түнде кішкентайлы болыпты ғой. Атқа мінер дейді, – деп бастырмалата жөнелді.
– Қай құрдас? Кімді айтып тұрсың?..
Жөппелдемеде аузына сөз түспей, абдырап қалып еді, ал кеп қажасын.
– Жайшылықта құрдас-құрдас дегенде сондайсың. Сен немене, әйелдерінің қайсысының аяғы ауыр екенін де ұмытып қалғансың ба?
– Ә, ә, – деп сөз төркінін енді түсінген Берік қуанып кеткен. – Сартайды айтасың ба? О, жақсы болған екен.
– Жақсы болғаны қалай? Нағыз жігіт те. Демографияң болса анау, бала қалмай бара жатқан мектебің болса мынау. Бізге де үлгі алу керек одан.
Екеуі сол бетпен ананы-мынаны айтып, біраз тұрып қалды.
– Құрдасты ат ұстарымен құттықтап шықпаймыз ба? – деген Ерімбет кетерінде.
– Қалада шығар. Үлгереміз ғой…
– Өй, ол перзентханаға Айнашты түнде өзі апарып келіпті. Есіміз шыққан баяғы тұңғышымыз емес, күнде шаба берер дейсің бе? Давай, түс кезінде барып шығайық.
Іштей бүгінгі ойға алған шаруасымен болып, бұған не иә, не жоқ деп айта алмаған Берік үн-түнсіз қала берді. Үнсіздігі әрине, келіскені. Ерімбеттің де сеніммен күтемін деп кеткені сол. Жалпы, бала кезінен бірге ойнап, бірге өссе де, осы Ерімбетке көңілінің кейде жата бермейтіні бар. Оған сөзінің тұрпаты кінәлі. «Ауыз менікі» дейді де тұрады. Әй, адамдар-ай, мына қамшының сабындай қысқа ғұмырында іліп-шалмай, сіз, біз десіп жүрсе нелері кетеді екен? Жоқ, міндетті түрде бір-біріне сөз тасуы, араздасып, бет-жүзін көрместей болуы керек.
Мұның бала кезінде, одан бері де елдің, әсіресе, үлкендердің пейілі қандай кең еді. Жұрт «егін орып жатқанда туыпты» десетін Орақ ағатайының бір ауыз сөзі әлі күнге көкейінде. Есіне алса болды, жүрегі еріксіз елжіреп кетеді. Жаздың жылы түні. Әкесі үйге қайқайтып бір арба шөп әкелген. Мұндайда әлі бала болғанымен, бұл да айыр ұстап, сол шөптің үстінде жүргеніне мәз. Пішеннің төбесі биіктеген сайын көңілі өсіп, «біз шөпті көп үйеміз, иә, әке» дей бергені сол еді, іле түнгі ауаны жаңғыртып анадайдан:
– Ой, құлыным сол, аузыңа май. Айтқаның келсін, – деген дауыстың саңқ еткені. Үй арасында үй жоқ Орақ ағатайы екен. Бұлар көзін ашып, ес білгелі ауылдың мініс аттарын бағатын. Ауыл сыртына астындағы торысын тұсап, күндегідей іргеден өтіп бара жатқан беті екен.
Жүйрік уақыт. Өзі де міне, қырықтың қырқасында. Балалары да сол кездегі өзіндей. Кемі он бес – жиырма жыл, Орақ ағатайы да жоқ. Ал, сондағы бір ауыз жылы сөзі жатса, тұрса жадында. Сөз де емес, мұны бала бақыттың шырқау шыңынан бір-ақ шығарған үлкеннің кішіге деген даладай көңілі мен таудай пейілі еді-ау, ол.
Әлгі құрдасы Ерімбеттің себеп болуымен, сөйткен Орақ ағатайының аруағын тағы да бір ойша риза етіп алып, бастапқы шаруасымен еріксіз Жақып үйіне қарай аяңдаған. Аяғының астында басып келе жатқан көгал мені көр дегендей, үй-үйдің арасына түгел жайылып барып, шарбақтың іргесінде ғана бойын тартыпты. Кешегі техниканың көп кезінде шаңы шығып жатқан жер тынығып, тыңайып, көк жамылған. Бұған да шүкір. Барынан қағылған ауылдың сәл-пәл ертедегі реңін тапқаны да.
Бұл таяғанда, іздегені де сол болғасын ба, есіктің алдында тұрған көк «Беларус» көзіне оттай басылды. Ескісі ескілеу, бірақ, қолда барға не жетсін. Отын-шөбін айырып тұр. Осындағы ел ауданды былай қойып, облыс санасатын білдей бір шаруашылықтың қалай су түбі құрдымға кеткенін білмей де қалған кешегі күні тым құрыса, өмір бойы алқаптың басында жүрген әкесіне осындай бір техниканың бұйыратын-ақ реті бар еді. Қайда, ептілер қақты, бұлар сияқты дым сезбестер қаннен-қаперсіз жатты. Енді міне, сәлеркесі өзімнен, бірер сағатқа балшық әкеліп алуға трәктіріңді қишы деп керек болса, өлердегі сөзін айтпаққа біреуге келіп тұр.
Мұндайда іші әлгіндей дегенімен, иліге сөйлемесе тағы болмайды. Әйтеуір, өзінен үш-төрт жас үлкендігі бар, іздеген Жақыбы үйінде екен, өрт сөндіре келгендей болмайын деп түпкі ойын жайлап жеткізуге бекінді. Қанша айтқанмен, тілегі бір ауылдас емес пе. Әңгімесін тұздықтап жіберуге жаңағы Ерімбет жеткізген жаңалық та бар.
Алыста емес, бір ауылда отырғандарымен мал-жан, күнделікті күйбең тірлік, бір бүйірдегі биыл әлі нәр тамбай тұрған күн райы, бұларға қарағанда қолы ұзын Сәрсен саудагердің танысынан қазақы алабай иттің тұқымын әкелгені, бәрі кезек-кезегімен кейін қалған сайын келген шаруасының да басы қылтия берген.
Әйелі жасап әкелген шай үстінде барып-келіп істейтін қаладағы күзетінен бүгін боспын деген Жақыптың:
– Назгүл, бұл Берік біздің үйге күнде келе бермейді. Бар болса, әкел бір жартыңды, – деген сөзіне де:
– Жо-жоқ, жұмыс… Мына ыстықта керегі жоқ, – деп рай бермеді.
– Осы ауыл баяғыда ұмытқан қай жұмысты айтасың? Ал, бірер рөмке, – деп жатыр Жақып та обалы нешік, сол бетімен бастырмалатып. Дәл осыны күткендей, келген шаруасы да еріксіз аузынан шығып кетсін.
– Маған Жақа, одан да бір-екі сағатқа трәктірің керек еді. Қора-қопсыны сылауға Көкбелден бір азырақ ақ бауыр әкеліп ала-
йын деп…
Сол-ақ екен, манадан пейілін беріп отырған Жақыбы қипақтады да қалды.
– Анада қар кетіп, үйдің маңын тазалағаннан кейін өзін орнынан қозғамаппыз. Әйтеуір, балалар оны-мұнысын бір шұқылап қояды.
– Қайбір трәктір дейсің. Ілдебайлап…
Бұл бір бүйірден Берік күте қоймаған Назгүлдің емеуріні еді.
– Әрі-бері көп болса, үш-төрт қыр ғой. Көршінің ұлдарымен тез-тез артып, әкеле қоямын.
Бұл сөзінің де әсері болмағандай, сәлден соң дастарханға дәм қайырылып, екеуі есік алдына шықты.
– Балалар да үйде жоқ. Соларға сенген шаруа ғой бәрі. Мен өзі мұның мәнісін де көп біле бермеймін, – деді Жақып «тоқ етері осы» дегендей, көк трәктірдің доңғалағын аяғымен теуіп тұрып.
Беріктің қайтар жолда манағыдай емес, көңілі нілдей бұзылды. Кеше ғана бір алқаптың басында сменшігі болып бірге жүрген бұған сенбегені ме, жоқ, әлде әркімнен бір қалар жаман трәктірді кісіліктен жоғары қойғаны ма?! Осылай боларын да есептен шығармағанымен, тақа мұны күтпеген екі ұдай сезіммен салы суға кетіп, одан да жаңағы бір жартысын тастап алмаған екем деп те өкінді.
Тез-тез басқан осы бір іштей буырқанысы ендігі үміті – Жастілектің үйіне де лезде алып келген. Есік алдында тіркемесі тіркеулі трәктірінің от алып тұрғанын көріп, іркіліп қалды. Дәу де болса, бір жаққа жиналған беті-ау. «Жазғы ас үй саламын» деп былтыр қалаға көшкен Қошанның үйінің кірпіштерін бұзып алмақшы екен. Соны естіп:
– Мүмкін, ертең, – дей беріп еді:
– Болмайды-ау, – деді Жастілек мұның бүгін бітетін шаруа еместігін аңғартып. – Сәлкенге барсайшы…
Бұл кіріптар болып тұрған трәктір рас, онда да бар. Бірақ, екеуінен беті қайтып қалған соң, үшіншісіне зауқы соқпады. Көшемен үйін бетке алып еді, жолда Рысбек шалға жолығып, сәлем берді. Әкесімен шамалас. Осы ауылда ендігі қалған азын-аулақ үлкендердің бірі. Бұл Рекең мал фермасында, әкесі марқұм егіс бригадасында, өмірлері бірге өтті. Әкесімен ертедегі жылы қарым-қатынасы ма, жайлы мінезімен ылғи мұны да іш тартып жүргені. Сол үлкендігімен жадырай сәлемін алып, анасының, бала-шағаның амандығын сұрады.
– Бәрі орынша, аға. Тек үйдің бір шаруасына көлік керек болып… Сізде ат-арба ғой. Сұрасам, бересіз бе?
Ойнаған болып күлді.
– Е, жүр үйге, ал. Әкең де айтқанымды екі етпей, есік алдының қарын лезде сырып беруші еді. Сенен ат-арба жалкы ма?..
Жасынан бұлардың айналдырғаны темір болған соң, ат-арба қолы емес екенін біліп, осы пейіліне де риза қалпы рахметін айтып, ұзай берді. «Бұл ауыл мына үлкендер кеткесін не болады, ә?».
Манадан бері жолы болмағасын ба, ойы өзінен-өзі осы сауалдың төңірегінде айналсоқтап, алға басқан адымы кері кеткендей, көңіл-күйі келер емес. Үйге жеткен соң да көлеңкеде отырды да қойды. Кейде құдай ақына, өзінен-өзі осы маңайға сыймай кетеді. Бұрынғыдай көрші-қолаңның да бір-біріне басы артық кіріп-шығуы қалған. Үй арасында үй жоқ, кейде шіркіндердің аулаларында жүріп, анадайдан бас изейтіндерін қайтерсің. Екі қолға бір жұмыс болса, мұндай тауқыметті білер ме еді. Қанша жыл міне, жоқ қой…
Бармағанымды Сартай қалай түсінеді деп, кешігіріңкіреп құрдасының үйінің босағасын аттағанда, өзіне сыралғы төрт-бес жігіт дастарханға жайғасып та үлгерген екен. Сырттан кірген мұны байқайтын емес. Сірә, тост кезегі тиген болуы керек, дауысы жарқын-жарқын шыққан Елжан:
– Өмірге жаңа келген нәресте, жас сәбиге менің тілегім, аман-есен ер жетіп, бәріміздің мерейімізді өсіріп, осы ауданның әкімі болсын, – деп әкетіп барады. Соны күткендей:
– Жоқ, әкім емес, алдымен, адамгершілігі мол азамат болсын, бағы жанып, Алла қолдаса, әкім болу қайда қашар дейсің? – деп нығырлай ілгері озған. Бұл да болса, бүгінгі қитығына тиетін осындай бір әсіре елпілдеулерге іштей қарсылығы еді.
Мына күтпеген жағдайдан Сартай да, басқалары да біртүрлі абдырап қалды.
– Өй, кіре бәрімізге шүйліккенің не? Кім не дегісі келеді, өзі біледі. Одан да адам сияқты Сартайға құтты болсыныңды айтпайсың ба? – деп мана ғана өзінде болып кеткен Ерімбетінің кейігені де жөн шығар. Әйтсе де, ненің болсын, ақиқатын артық көретін осы бір тіктеу мінезі… Сонысынан кейде өзіне де оңай соқпай жатады.
Сол отырғаннан бұлар ұзақ отырған. Не айтылып, не қоймады дейсіз. Аттың басын бұрса болды, әрқайсысы бір-бір кәнігі маманға айнала түсетін саясат та, осы төңіректе өздерінен де өзге ұлттың тұрмысының көш ілгері екені, бұлай іргесі сөгіле берсе, аз үймен бұл ауылдың да тақа ұзаққа бармасы бәрінің аузымен бір-бір аудастырылып-төңкеріліп өткенде, несі қалсын.
– Бір көтерсе, Ержан көтерер еді бұл ауылды, өздерің ғой алдарыңа келгенде, бетінен қаққан.
Кенет араларында манадан бері көбіне-көп тоң-торыс отырған Нұртай да тізгінді ептеп жібергені сол екен, мына сөз жанды жерлеріне тигендей, бәрі даурығысып кетті.
– Ауылды ұшпаққа ұшыратындай, оның қолында не бар еді сонда…
– Білеміз ғой, шама-шарқын…
– Жоқ, Нұртай дұрыс айтады. Өз ортамыздан шыққан сол Ержанды қолдасақ, бәрі басқаша болар ма еді?
– Кешегі бір шаруашылықтың бас инженері. Тәжірибесі, білімі де жетеді. Үш атадан ғана қосылатын осы аядай ауылды біреу құрлы ұстар еді ғой. Байқайсыңдар ма, көңілі қалған-ау, оқта-текте болмаса, ауылға да көп жоламайды.
Иә, қалай десең де, өткен өкініш енді орнына келмейді. Қыза түскен әңгіме ауанын Серіктің:
– Сартай сенің жуғаның жетеді, енді біз жуамыз ұлыңды, – деп төс қалтасынан умаждалған екі мың теңгені суырып алған шалт қимылы ғана басқа арнаға бұрып жіберген.
– Жігіттер, қойыңдар, осы отырғанымыз да жетер. Жас емеспіз, үйде мал-жан бар дегендей. Біраз ойнадық-күлдік, енді тарайық. Кеше ұйықтамаған Сартай мен балалар да дем алсын.
Ақыры, бәрі осы бір жөн сөзге қонақ беріп, далаға шыққанда күн де ұясына қонып, ымырт үйіріліп келеді екен. Өрістен оралған сиырлардың албарда марғау жатқан күйі тіпті, бұлардың қатты-қатты шығып қалатын дауысын да елең қылмауы жұмыр жер бетін түн қараңғылығы тұмшалай бастағанының белгісі еді.
Берік үйіне Аманжолдардың картобы қоршалған шарбақтың жиек-жиегімен төтелей тартты. Бойынан жаңағы ішкендігі сезіледі. Тағы бір күнінің босқа өткені өзіне аян. Не істеуге болады? Ертең де бір трәктір бұйырмаса ше? Қой, қарға тамырлы ағайынбыз ғой. Құдайға қараған біреуі берер. Осы оймен анасына көрінбей жата қалайын деп, есікті ақырын ашып, ішке ене бергені сол еді, о керемет, ас үйде әдеттегідей ыдыс-аяғын жуып өзінің Маржаны отыр. Сол-ақ екен, күні бойғы көрген-білгені осымен жуылып-шайылып кеткендей, қалай жанына тез жетіп барғанын өзі де аңдамай қалды. Шынымен, сағынып қалыпты.
– Балалар қайда?..
Жүзі бал-бұл жанып, алғашқы қойған са-
уалы осы болды.
– Күн ыстық, жолда шаршаған ғой, сені тосып-тосып, жаңа ғана жатты.
Бөлмелеріне кіріп, екеуінің де шөп-шөп еткізіп, беттерінен сүйді. Тәтті ұйқыларын, аптапқа тотыққан жүздерін қызықтап, көз айырмай әлі қарап тұр. «Құлындар сол. Жоқ, бұл қателесіпті, бүгін күні босқа өтпеген екен. Дүниеге әлгінде өзі де тілеуін тілеп оралған жаңа тіршілік иесі – сәби келді. Ойламаған жерден жары, ұл-қызы үйіне оралып, көңілін қуанышқа толтырды. Мүмкін, кім біледі, мана Елжан айтпақшы, осы елдің атын шығаратын, оған дейін тарасын-тарамасын, түбі туған ауылын да бір оңалтып алатын сол шақалақ шығар. Ал, трәктірді қойшы, бүгін болмаса, ертең бола жатады. Қара да тұр, әлі бір-екі өгізшесін сатып, ақша жинаса, жүретін бір техника бұған да бұйырмас деп кім айтар?!.»
Осы оймен қайын жұртының амандығын сұрауға ас үйге әйеліне беттеді. Ертеңгі күн ішіне не сыр бүгіп тұр екен?!.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар