Бір көрпенің сыры

Сталиндік сұрқия саясаттың салдарынан тек бір ғана ұлт пен ұлыс емес, Кеңес Одағының бүкіл халқы азап шекті. «АЛЖИР» мұражай кешенінің негізгі және ғылыми-көпшілік қорларында халқымыздың басына түскен зобалаң кезеңге қатысты жәдігерлер жинақталған. Жуырда қорымыз әйгілі беларусь ақыны Тодор Кляшторныйдың қызы  Майя Тодоровна тапсырған тағы бір жәдігермен және  құнды естелікпен толықты.

Жаппай ұжымдастыру, жаппай қуғын-сүргін  мен жаппай жер аудару жылдарының нәубетінен зардап шекпеген отбасы кемде-кем. Адамды жазықсыздан-жазықсыз кінәлі ету еш қиындық тудырмағандықтан, бұдан қашып құтылу мүмкін де емес еді. Осындай азапты жағдайда көптеген кеңестік отбасылардың тағдыры тәлкекке түсті.  Тіпті, оның құрығына әйелдер мен балалар да ілікті. 1937 жылы 28 желтоқсанда Орталық Комитет жауапқа тартылғандардың балалары мен туыстарын оқудан шығару туралы шешім қабылдап, сан мыңдаған жазықсыз жеткіншекті далада қалдырды. Бұл бізге куәгерлер мен олардың ұрпақтарының естеліктерінен белгілі. Мұндай дүниелер жансызды жандандырып, өшкенді қайта жаңғыртып, мәдени-тарихи мұраны сақтаушы орта –  біздің мұражай сияқты жерлерде тұрса,  жұрт назарына ұсынылса, олардың маңыздылығы, құндылығы арта  түседі. Міне, осындай естеліктерді жинақтау мақсатында  Минск қаласына жол тартқан едік.  
Ғылыми сапар барысында  сол елдің белгілі ақыны, «халық жауы» деген жаламен 1936 жылы тұтқындалып, небары 33 жасында ату жазасына кесілген Тодор Кляшторныйдың қызы Майя Тодоровнамен жолықтық. Жендеттер ақынның өзін атқанымен қоймай, отбасына да қырғидай тиіп, әйелі Янина Германовичті де  Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол  Ақмола лагеріне Оршидан әкелініп, 1945 жылдың аяғында ғана  босатылған екен. Қарт апа мені туған жерінен іздеп келді деп балаша қуанды. Анасы Янинаны тұтқындағанда Майя небары жөргектегі төрт айлық сәби болатын. Балалар үйінде басынан кешкен қиын да азапты балалық шағы жайында жан тебірентерлік естеліктерін баяндады.  
«Лагерь маңындағы  балабақшада болдық, кейін 3 жасқа толғасын аналарымыздан
айырып, Осакаров балалар үйіне жіберді. Онда  қант болған жоқ, жіңішке етіп кесілген нанға ащы сүзбе жағып беретін. Бірде тәрбиешілер бал әкелді, біз алғашында онымен не істеу керек екенін де білген жоқпыз. Тойып тамақ ішкен емеспіз. Қыстыгүні қар көп, қатты аяздар болды. Айнала барактар, мен 7-ші баракта тұрдым. Лагерьде Маруся апай мен Вася ағай жұмыс істеді. Маруся апай кір жуушы, ал Вася ағай өгізбен Есілден су таситын. Қайбір жылдары өзенде су тартылып, азая бастайды.  Басқа былай тұрсын, ішетін суға да зар болып қалдық. Су жинау үшін бізді де көмекке жіберді. Ересектеу балалар құмды қолдарымен қазып, шыққан суды алақандарымен тасып, бөшкені толтыратын. Оны асханаға тамақ әзірлеуге және балаларды жуындыруға пайдаланады.   Балалар түрлі аурумен ауыратын, үстімізден жара кетпейтін. Тәрбиешілер бір леген суға барлық балаларды жуындырады, бірінші жарасы аздау деген баладан бастайды. Маруся апайда кішкене сабын бар, оны  арасында бір жағып, көбіне тұзды қолданатын. Ал, жазда  біз тек іш киіммен жүретінбіз, өйткені, басқа киім болған жоқ. Қыста қардың қалыңдығы сонша, барактың терезесіне дейін жетеді. Сонда кішкентай терезеден бәріміз далаға қарап отыратынбыз,  барактың айналасында сары иттер жүретін, қасқырды да сол жерден көрдім, – дейді көп қиындықты бастан кешірген кейуана.
Апайдың айтуынша, барактың бір жағындағы  шағын ауылда қоныс аударылғандар тұрыпты. Ал, екінші жағынан шешендер жол салып жатқан. «Бір күні балалардың бірі барактан кішкене қашықтау жерде қазақ ауылы тұратынын айтты, ол жаққа барсаң, тамақ береді дегенді естідік. Сонда бет алып, жолда шешендерге кезіктік.  Олар біздің арып-ашыған түрімізді көріп аяса керек, алақанымызға кішкене дән салып берді, соның өзіне қатты қуандық», – дей келе  Майя әжей таршылықта жеген дәннің дәмінің таңдайдан кетпейтіндігіне тағы бір рет көзімізді жеткізгендей болды.
Кейіпкерім ауыр бір күрсініп алып, әңгімесін әрі қарай жалғады. «Әр баракқа балаларды ұлттары бойынша бөліп орналастыратын, біз қандай ұлт екенімізді білген жоқпыз, бірақ бізден кейінгіде украиндықтардың балалары болды. Кейін, есейе келе өзіміздің беларусь екенімізді білдік. Бір күні мені іздеп Вера апай келді. Оның балалары жоқ, өзі өрімдей жас болатын. Маған: «Сен Майясың ба?»,– деді, «Иә», – деп едім: «Сен анаңның түрмеде отырғанына қорықпа, сенің анаң жақсы адам. Жақында ол түрмеден шығады, сені алып кетеді. Ал, әкең беларусь ұлтының ұлы ақыны. Бірақ, бұл естігендеріңді ешкімге айтпа»,  – деді. Бала болсам да, Вера апайдан естігенімді ешкімге тіс жарып айтпадым. Содан кейін мен анамның барын, оның жақсы адам екенін білдім. Вера маған өзіне берген күнделікті тамағы болуы керек, кішкене шемішке мен екі-үш алма берді.  Шемішкені шағуды білдім, бірақ, алманы не істеу керек екенін білмедім. Күнде иіскеп, қолыммен ысқылап қойып сақтап жүрдім, кейін ол қарайып, шіри бастағанда, оның иісі аңқып шықты. Сонда ғана бірінші рет алманың дәмін таттым», – деп жанарына жас толғанын білдірмей, күлімсіреді апай.
Майя Тодоровна мұражайымыздың экспозициясын толықтыруға өз үлесін қоса отырып, сонау қиын-қыстау кезеңнен келе жатқан көрпесін берді. Оның да өзіндік тарихы бар екен.
«Анам екеуміз осы көрпемен Қазақстан, Сібірді аралап, Белоруссияға жеттік. Сібірге жібергенде, тұратын үйіміз болмады. Вокзалда түнеп жүрдік, анам күнде жұмыс іздеуге кететін. Бір күні қыстың сықырлаған аязында бізді вокзалдан қуып шықты. Менің үстімде Осакаров балалар үйінде берген пальто болды, оның қысқарғаны сонша, жеңі шынтағыма жететін. Анамда да дұрыс киім жоқ, лагерьден келе жатқан мақталы сырмақ шалбары болатын, соны маған кигізді. Кейін  осы көрпені үстіме жауып қойды. Өзі болса, әбден тозығы жетіп жыртылған киімдерімен жүгіріп жылынып жүрді. Сосын бізді Белов қаласындағы Нахалов ауылына жіберді, анамды мырыш зауытына жұмысқа орналастырды. Онда жер аударылғандар мен тұтқындар жұмыс істейтін. Заводтың адам денсаулығына зияндылығы сонша, сол ауылда тұрған бір апта уақыт аралығында қызуым көтеріліп, асқа тәбетім болмай, құсып, қатты ауырып қалдым. Артынша, бір әйел аяп үйіне кіргізді, үйлері жұпынырақ екен. Анам екеумізге бір темір кереут берді, сол кереутте осы көрпені жамылып жататынбыз. Кейін өз елімізге келіп жағдайымыз түзеле бастады, сонда да бұл көрпені тастамай, көзімнің қарашығындай сақтадым. Өйткені, ол маған қымбат жәдігер», – деді әже кешегі күндерді жадында жаңғыртып. Іссапарымыз аяқталып, Майя Тодоровнамен қоштастық.  Ол да бізді қимай  қалды.  
Міне, бұл естелік өткеннің сойқан саясатына куәлік етеді.  Өз халқының тәуелсіздігі мен еркіндігі жолында бел шешіп күрескен, сол жолда жазықсыз оққа ұшқан азаматтардың, азаптау лагерьлеріне қамалған  олардың жазықсыз жарларының, шаранадай шырылдап, жетімдер үйіне жіберілген сәбилерінің тағдырын көрсететін  бұл деректер өскелең ұрпақты тарихты білуге, ақиқатты іздеуге, ендігі жерде  қатыгездікке жол бермеуге үндейді. Бастысы, бүгінгі бейбіт күннің қадірін сезіндіреді. Ендеше, өткеннен сабақ ала білейік демекпін.

Гүлнұр  ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,
        «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені экспозиция және көрме
бөлімінің маманы.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар