Бір жұдырықтай жұмылған Жеңіс

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жеңіс – бәріне ортақ» дөңгелек үстелі өтті.

Ол Ұлы Жеңістің 72 жылдығы, Мәскеу түбіндегі шайқастың 75 жылдығы мен Қарулы Күштердің құрылғанына 25 жыл толуына арналды. «Евразиялық саясат институты» ақпараттық-талдау орталығының, «Лад» республикалық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігі және «Урал-Евразия» сараптамалық клубының бастамасымен ұйымдастырылған шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, басқарма басшысы Айна Мысырәлімова, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, ресейлік ғалымдар мен  сарапшылар, ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Шараны Евразиялық саясат институтының директоры Максим Кромаренко жүргізді.  Шара барысында қазақстандықтардың Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі, майдандағы және тылдағы еңбегі, Мәскеу түбіндегі шайқастың әскери-тарихи маңызы ортаға салынды.
Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуына 72 жыл толуын бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттердің бәрі дерлік атап өтті, ал, Мәскеу түбіндегі шайқастың 75 жылдығына ресейліктер ерекше мән беруде. 1941 жылдың қараша айынан бастап қазақстандық 316-шы атқыштар дивизиясы Мәскеуді жаудан қорғауда асқан
ерліктің үлгісін көрсеткені белгілі. Генерал И.Панфилов, Б.Момышұлы, тағы басқа ерлердің есімдері мәңгі тарихта қалды.
Бұл жөнінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Базаров тартымды баяндап берді.  Бұдан әрі ресейліктер,  стратегиялық зерттеу институтының және «Урал-Евразия» сараптамалық клубының сарапшылары Максим Лихачев, Вадим Рудаков сөз алып, Ұлы Отан соғысын әр алуан қырынан қарастырып, ой-пікірлерін ортаға салды. Солтүстік Қазақстан және бұрынғы Көкшетау облыстары тұрғындарынан құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының да осыдан 76 жыл бұрын Ленинград  қоршауын бұзудың бел ортасында болып, жауынгерлік жолы Кутузов орденімен атап өтілгені айтылды.
«ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері», «Ауған соғысының ардагерлері, мен мүгедектері» қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары Мұса Елеусізов пен Дуанбай Ыбырай, жазушы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы  Виктор Терещук жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелері, Ұлы Отан соғысы туралы соңғы уақытта түсіріліп жатқан көркем фильмдер мен сериалдардың мән-маңызы, ардагерлердің естеліктерін жинақтау жайында өз ұсыныстарын айтты.  Дөңгелек үстел соңында ресейлік қонақтарға естелік кітаптар сыйға тартылып, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар