Бірлесіп жұмыс істеуге ынталы

Облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов қытайлық «China National Instruments Import and Export Group Corporation» компаниясының өкілдерін қабылдап, біздің облысымызға қызығушылық танытқан компанияға өңірдің әлеуеті, тиімді жобалар жөнінде айтып берді.

Ақмола экономикасының құрылымында агроөнеркәсіп секторы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау және туризм ерекше орын алады. Машина жасау үлесі 30 пайыз, алтын 20 пайыз, уран 10 пайыз болса, өңірдің барлық аграрлық әлеуетінің 20-25 пайызын дәнді дақылдар құрайды. Біздің өңірде республика үлесіндегі ұнның 10 пайызы, сүттің 15 пайызы өндіріледі. Туризмге келсек, өткен жылы облыста 1 миллионға жуық турист болды.
– Ақмола облысы тек қана агроөнеркәсіп бағытымен және бай туристік әлеуетімен шектелмей, ауыл шаруашылығы, машина жасау, тау-кен және туризм салалары кіреді. Мұның бәрі қытайлық компаниялар өз үлесін қоса алатын бағыттар,–деді Василий Крылов өз сөзінде. Бұдан соң «China National Instruments Import and Export Group Corporation» компаниясының өкілдері өз компанияларының жұмысына ірі қытай инвесторларының арасында тиімді шетел жобаларын іздестіру және бөлу кіретінін әңгімеледі. Олардың бұл бағыттағы және туризм индустриясындағы жұмыс тәжірибесі отыздан астам жылды құрайтын көрінеді. Қытайдан келгендер Ақмола облысында туристік бизнесті дамытуға бағытталған ашық әрі ыстық минерал көздері бар шипажай құрылысы, курорттық-шипажайлық емдеу тәрізді медициналық жобаларға қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, өңірдің әсем табиғи бет-бейнесін көрсету үшін жақсы мүмкіндік ұсынылды. Соның бірі – Орталық Азия мен Еуропа елдерінде кеңінен пайданылатын фотографиялық туризм болып отыр. Сондай-ақ, меймандар Бурабай аумағында сауданың баж алымынсыз жүйесін ашуға қызығушылық танытты. Олар келесі жылдың ақпанында ҚХР-дан туристердің пилоттық тобының бағыты жоспарланғанын, олар Щучинск-Бурабай курортты аймағына саяхат жасауға келетінін айтты.
Делегацияны қабылдау аясында қытайлық меймандар үшін «Бурабай Даму» серіктестігі аталмыш курортты аймаққа саяхат ұйымдастырды. Оның барысында «Бурабайға» келу орталығы, гольф клуб, қазақстандық Лапландия және курортты аймақтың өзге де нысандары көрсетілді. Туристік бағыттағы қызығушылықпен бірге, инвесторлар өңір аумағындағы өзге де тиімді инвестициялық жобаларды қарастыруда.
Осы орайда, келесі күні қытайлық меймандар «Қазақ Инвест» Ұлттық компания-сы» акционерлік қоғамының облыстағы өкілдерімен бірге Степногорск қаласында болып, жылыжай кешенін салу мүмкіндігін қарастырды. Кездесу барысында Ақмола облысы әкімдігі мен қытайлық компания өкілдері арасындағы қол жеткізілген келісімді бекіту мақсатында өзара түсіністік пен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *