Біржан сал бұрмалары

Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінде облыстық ішкі саясат басқармасы және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспiрiмдер ұйымының ұйымдастыруымен жас әншілер арасында «Біржан әндері» атты облыстық байқау болып өтті.

 

Мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрді, мәдениетті, тарихты және «Ұрпақ+» мәдени-білім беру бағдарламасын насихаттауға бағытталған іс-шара облыстық білім басқармасының қолдауымен өткізілді. Сайысқа  Атбасар, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласынан 12-17 жас аралығындағы сегіз орындаушы қатысты. Байқау шарты бойынша әр әнші Біржан Қожағұлұлының екі әнін домбырамен орындауы тиіс.   Біржан әндерінің иірімдері терең, бұрмалары көп болып келетіндігі рас. Осыған байланысты халық өнеріне жаңа ғана қаныға түскен жас өнерпаздарға әлі де болса шыңдала түсу керектігі аңғарылып тұрды. Алайда, дәстүрлі әншілер қарасы жастар арасында көбейіп жатқандығы қуантады. Атадан қалған аманатты арқалап келген сегіз талаптының ішінде топ жарып, «ә» дегеннен-ақ көзге іліккендер болды. Өнер бәйгесіне қатысқан дарабоздардың арасында Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің студенті Өмірзақ Шешқанның өнері кәсіби әншілерден кем түскен жоқ. Репертуары да киім-киісі, сахнада өзін ұстауы, ән орындау шеберлігі  тамсандырады. Осындай талантты жастың қатарында Қоянды орта мектебінің оқушысы Меруерт Әкім де бар. Дауысында даланың кеңдігі сезілетін  Меруерт  атадан қалған аманаттың бүгінгі үзілмеген үміті іспетті. Қазақтың ән-өнері сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы. Ән мен күй шыққан күн мен туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі ғой. Иә, Арқаның әншілік өнерін ауызға алар болсақ, алдымен Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың есімдерін ерекше ілтипатпен еске аламыз.
Осындайда Біржанның әндерін әуелетіп, халық композиторларының шығармаларын насихаттайтын үлкен шараның біздің қалада өткізілгені әбден құптарлық. Жас өнерпаздардың дәстүрлі өнерге қызығушылықтары оны үйреніп-білмекке талпыныстары қуантады. Байқауға колледж студенттерімен қатар, мектеп оқушыларының да қатысқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қазылар алқасының ұйғарымымен «Біржан әндері» облыстық байқауының бас жүлдесі Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенті Өмірзақ Шешқанға бұйырды. Бірінші жүлделі орынды
Целиноград ауданының Қоянды орта мектебінің оқушысы Меруерт Әкім алса, екінші және үшінші орындарды
Атбасар ауданының №7 орта мектебінің оқушысы
Томирис Ысқақ пен Көкшетау қаласындағы №7 орта мектебінің «Гәкку» ансамблі бөлісті.  Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға диплом, Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бас жүлде иегеріне «Біржан әндері» атты облыстық байқаудың кубогы табыс етілді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар