Біржан сал есімі рух береді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып аталды. Егемен еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында туған ауданымызға осы бір тарихи тұлғаның есімінің берілгеніне барша қазақ жұрты шын жүректен қуануда деп ойлаймын.

Қасиетті де қастерлі тәуелсіздігіміздің арқасында өшкеніміз қайта жаңғырып, жоғалтып алғанымыз табылып жатыр. Біржан сал – қазақтың дара тұлғасы, оның шығармашылығы қазақтың ұлы мұрасы, қазақтың қазынасы, болмысы мен мұраты.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар қолға алынып, ұмыт болған тарихымыз жаңғыру үстінде. Осы ретте, біздің де ауданымызға Біржан сал бабамыздың есімін беру өте құптарлық жағдай. Бұл күнді аудан халқы ғана емес, барша жаны қазақ, рухы қазақ азаматтар көптен күтіп едік.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V-VI шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиевтің де ауданымызға Біржан салдың есімін беру туралы Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне екі мәрте жолдаған депутаттық сауалының да мұнда үлесі бар. Бұл – халықтың ізгі тілегінен, игі мақсатынан, қайраткердің туған жеріне деген жанашырлықтан жасалған құтты қадам.
Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге 26 жылдай болып қалса да, мұндай қадамдарға баруды біраз уақыт күтуіміз де керек болған шығар. Елбасының көрегендігі мен сындарлы саясатының арқасында қазір елімізде осындай игі шаралар жақсы жолға қойылуда. Әрине, іргемізді берік етіп, ішімізді бүтіндеп алу үшін кейде үлкен сабырлық пен төзімділік те керек. Қазір ұрпағымыздың санасын жаңғырту, ұлтымыздың тарихын білу жолында осындай игі істерге барудың өзі үлгі-өнеге. Бұл жас ұрпақты өзінің елін, жерін сүюге, оны қастерлеп, қадірлей білуге бастайтын елдік іс.
Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
Ақмола облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар