Биыл су тасқыны не дер екен?!.

Қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің төрағалығымен өткен көктемгі су тасқынының алдын алу жөніндегі комиссия отырысында қала қызметтерінің осыған дайындық мәселесі қаралды.

Отырысқа қаланың өнеркәсіп орындары мен ұйымдарының  төтенше жағдай басқармасы, коммуналдық қызметтер мен пәтер иелері кооперативінің басшылары қатысты. Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Еркебұлан Есенжолов өз сөзінде көктемгі су тасқыны қаупіне дайындық бойынша қала қызметтерінің жұмыстары қала әкімінің қаулысына сәйкес жүріп жатқанын айтты. Қалада жедел әрекет ету қызметі мен арнайы техникалардың дайындығы қамтамасыз етілген. Барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың, пәтер иелері кооперативінің басшыларына қарды тазалау, ағын судың жолдарын ашу бойынша іс-шараларды жүргізу қажеттігі жөнінде хаттар жолданған.
Табиғи және техногендік сипаттағы оқиға орын алған жағдайда 81 техника мен жеке құрамның 186 қызметкері жедел әрекет ету шарасын жүргізуге әзір тұр. Еркебұлан Есенжолов қаланың бас алаңында мамандандырылған техникалардың байқауы өткенін атап өтті. Байқауға 38 бірлік техника қатысқан. Сондай-ақ, су алу қаупі бар қала мен елді мекендердегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар ерекше назарда. Сілеті су қоймасы тұрақты бақылауда. Көктемгі су тасқыны жағдайындағы қаланың коммуналдық қызметтері мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы жөнінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ораз Баймақов хабарлама жасап,  күннің жылуына байланысты ағынды суды өткізуде қиындықтар туындауы ықтимал орындарды көрсетті. Сондай-ақ, ол пәтер иелері кооперативінің төрағаларына ағын сулардың жолдарын тазалау қажеттігін айтты. Су тасқыны жағдайында атқарылатын жұмыстарға даярлығы жөнінде «Степногорская ТЭЦ» серіктестігінің техникалық директоры Юрий Кукс, «Қазақалтын ТМК» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Марат Қойшыбаев пен бірқатар кәсіпорындардың өкілдері хабарлама жасады.
Жиналысты қорытындылаған Әнуар Күмпекеев су тасқынының алдын алу жұмыстарының ширақ өтуіне жауапты тұлғалардың назарын апат қаупі төніп тұрған нысандарға күнделікті бақылау жасау қажеттігіне аударды. Қала басшысы өз сөзінде су тасқынына қарсы жұмыстарды ойдағыдай өткізу үшін қажетті қаржы мен техника жеткілікті екендігін айтып өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар