Біздің қазандықтарға сұраныс бар

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс деп атап көрсетті. Мұнай бағасы күрт төмендеген дағдарыста ол негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды.

Осы орайда, жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағытымыз өзгерген жоқ. Сондай-ақ, индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс. Елбасы өз Жолдауында кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажеттігін, бұлар бірінші кезекте технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиістігін айтты. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнында цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді. Біздің кәсіпорын Щучинск қаласындағы тұрақты кәсіпорындардың бірі.
Зауыт өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында құрылып, тоқсаныншы жылдардың қиындығын басынан өткерді. Бүгінгі таңда ол тек қана Ақмола облысында емес, Қазақстанның индустрия картасында лайықты орнын алды.
Кәсіпорын әртүрлі өнеркәсіптік, болаттан жасалған су жылытатын бу қазандықтарын, оның қосалқы қондырғыларын шығарады. Жылу магистралі үшін арнайы құбырлар дайындайды. Қазір кәсіпорын өнімі елімізге кеңінен танылып, үлкен сұранысқа ие болды. Мұнда екі жүзден астам адам еңбек етеді. Олардың көбі өз мамандықтарының қыр-сырын жете меңгерген. Уақытында берілетін орташа айлық еңбекақы 110 мың теңгені құрайды. Еңбеккерлер жұмысқа кәсіпорынның автокөлігімен тасымалданады. Зауыт аумағында асхана, медициналық пункт жұмыс істейді. Сондай-ақ, демалыс бөлмелері, жуынатын орын бар. Еңбеккерлерге ыңғайлы болу үшін банкомат орнатылған.
Бір сөзбен айтқанда еңбек өнімділігі үшін барлық жағдай жасалған. Кәсіпорын жоғары деңгейлі мамандарға арқа сүйеп, технологияны жетілдіруде және қуатын арттыруда. Өндірістік және әлеуметтік нысандарды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған блоктік-модульдік бу қазандығын толық жасап шығарады. Мұндай бу қазандығының құрылымы монтаж және іске қосу жұмысын азайтуға мүмкіндік береді. Біздің зауыт өз тұтынушыларына қажетті бу қазандығы мен оның қосалқы қондырғыларын жасау және тасымалдау, монтаж және іске қосу жұмысын орындау, бу қазандығын пайдалануға беру, одан әрі сервистік қызмет көрсету тәрізді кешенді жұмыс пен қызметті толық ұсынады. Қазақстан өнеркәсібі серпінді дамуда. Осы орайда, КВ-Р (КВ-ТС) сериялы механикалық отын жағу арқылы су жылытатын қазандықтарға сұраныс өсіп келеді. Отын транспортермен ленталық решеткаға беріледі. Күл де автоматтық транспортермен шығарылады. Көп жылдардан бері Қорғаныс, Ішкі істер, Көлік және коммуникация министрліктері, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы мен көптеген мемлекеттік және жекеменшік компаниялар біздің тұтынушылар болып табылады. Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Балқаш, Семей және өзге де қалаларда жаңа бу қазандығын салдық. Қуатты өндірістік база, әртүрлі станок паркі, жүк көтеру тетіктері кез келген қиын тапсырысты орындауға мүмкіндік береді. Біздің кәсіпорын қалалық және аудандық деңгейде өткізілетін шаралардан шет қалмайды. Аудандық ардагерлер ұйымына, жас мамандарға, мүгедектерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына тұрақты демеушілік көмек көрсетеміз. Ауғанстанда қайтыс болған интернационалист-жауынгерлерге ескерткіш орнатуға, Көкшетау қаласындағы жаңа шіркеудің құрылысына қол ұшын создық. Сондай-ақ, «Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасы» дін бірлестігі филиалына, «Оқжетпес» футбол клубына көмектестік. Мұндай қайырымдылықтың ауқымы жыл сайын өсуде.
Мектепке дейінгі, мектеп пен өзге де білім шаңырақтарына тауарлық-материалдық тұрғыдан көмек көрсетеміз. Өткен жылы демеушілік және қайырымдылық көмекке 32093,729 мың теңге бағытталды. Жалпы, бізден көмек сұрағандардың бәріне қолұшын созуға тырысамыз. Кәсіпорындағы өнім сапасы мен өндірісті ұйымдастырудың бүгінгі күнгі талабын есепке алып, 2007 жылы МС ИСО 9001-2000 сапаның менеджмент жүйесі енгізіліп, бүгінгі таңда жұмыс істейді. 2016 жылы зауыттағы сапаның менеджмент жүйесі қайта сертификаттаудан ойдағыдай өткізіліп, МС ИСО 9001-2008 сертификатын алды.
Сапаның менеджмент жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі серіктестіктің ұйымдастыру, техникалық және өндірістік жұмысын басқаруды қамтамасыз етіп, шығарылатын өнімнің белгіленген мерзімі мен толық көлемін тұтынушылардың талабына сәйкес орындауға кепілдік береді. Кәсіпорын республикалық, облыстық және аудандық конкурс пен көрмелерге белсенді қатысып, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесінде бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Шығарылатын өнімнің сапасы мен экономиканы дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпорын бірнеше мәрте дипломдармен және грамотамен марапатталды. Өткен жылы кәсіпорынға «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесінің жеңімпазы атағы берілді. Мемлекет басшысының «Алтын Сапа» сыйлығы конкурсына қатысқаны үшін зауыт арнайы «Іскер» сыйлығын алды. Біздің кәсіпорынның алдағы жоспары – сату рыногын ұлғайту, қазіргі заманғы барлық талаптарға сәйкес өндірісті дамыту. Зауыттың сапалы өніміне деген сұранысты қанағаттандыру біздің басты мақсатымыз. Біздің ұжым бірауыздан Мемлекет басшысының саясатын қолдап, қоғамның дамуына өз үлесін қоса бермек.

Марат АХМЕТОВ,
«Щучинск бу қазандығы-механикалық зауыты» серіктестігінің директоры.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *