Біздің де еншіміз – өркениет

Халық қалаулысы, тәуелсіз елдің азаматы ретінде де отандастарымыздың құқықтары әркез қорғалып, тұрғындар ештеңеге зәру болмаса екен деймін. Қарап отырсақ, қазақстандықтардың еркін, бақуатты өмір сүруі үшін мүмкіндіктері зор.

Өйткені, осының бәріне жағдай жасап отырған, азаматтардың құқығын қорғайтын Ата Заңымыз  – Конституциямыз бар. Бірнеше жыл қатарынан депутат бола жүріп, облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелігіне де қабылдандым. Комиссия отырысында әріптестерімізбен бірге түрлі әлеуметтік сұрақтарды қараймыз. Біздің әр шешіміміз заңға сүйене отырып жасалады. Бюджетті талқылаған кезде де міндетті түрде тұрғындардан келіп түскен өтініштерді негізге аламыз. Себебі, Конституциямыз бойынша халықтың мүддесі, мұң-мұқтажы қашанда бірінші кезекте тұруы тиіс.
Осыдан-ақ демократиялық мемлекет болудың, тәуелсіз елде өмір сүрудің өзі қаншалықты маңызды екенін түсіну қиын емес. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында халқымыз өзінің ойын кез-келген жерде ашып айта алады. Президентті, түрлі деңгейдегі халық қалаулыларын қарапайым тұрғындардың өздері сайлайтыны шынайы демократияның белгісі деп білемін. Әр дауыстың артында қаншама үміттің, сенім мен жауапкершіліктің жатқанын жақсы түсініп, сол сенім үдесінен шығуға, бізді сайлаған жұртқа бір пайдамызды тигізуге тырысып жүрміз.
Мәселен, аталған комиссияның соңғы отырысында Ерейментау ауданындағы мәдениет саласында қордаланып қалған мәселелер сөз болды. Оны шешу үшін әкімшілікке хат жазып, осындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлуді сұрадық. Сонымен қатар, Ерейментау қаласында Бөгенбай батырға арналған фильмнің сандық нұсқасын қалпына келтіру жұмыстары да өз шешімін тапты.   
Құқықтық мемлекеттің азаматымыз деп жай ғана айтып қоймай, өз мүмкіншіліктерімізді дұрыс пайдалана білуіміз керек. Осы орайда, дана халқымыздың «Талаптыға нұр жауар», «Еңбек етсең емерсің» деген мағыналы сөздерін келтіріп өтсем деймін.  Өкінішке орай, тепсе темір үзетін талай жастарымыз не білім алмай, не жұмыс істемей сенделіп бос жүр. Ештеңеге қызығушылығы жоқ адамға «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы» секілді мемлекеттік бағдарламалардың да керегі шамалы. Билік есігіңді өзі қағып, «міне несие, ісіңді дөңгелет, міне, жалға пәтер, жайлы тұрып, еңбек ет» деп беріп тұрғанда сол мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа? Біз
саяси тілмен Конституция деп жүргеніміз, қарапайым тілмен айтқанда  адамның еңбек етуге, денсаулығын сауықтыруға, демалуға, отбасын құруға, сол сияқты басқа да қажеттіліктерін өтейтін құқығы болып табылады.
Ата Заңымыздың қолданысқа енгізілгеніне биыл жиырма жыл өтсе де, әлі күнге дейін өз құқықтарын дұрыс білмейтін азаматтар ортамызда көп кездеседі. Мемлекеттік қызметке тест тапсыру кезінде де жастардың заңға қатысты сұрақтарға жауап беруден мүлт кетіп жатқаны жиындарда жиі айтылып жүр. Бұл да біліміміздің тайыздығын көрсетеді. Мемлекеттік қызметші «Ар-намыс» Кодексі секілді басқа да заңдармен қатар, еліміздің негізгі заңын да бес саусағындай білуге міндетті. Жалпы, кез-келген мамандықты игеруде сауаттылық әркез керек. Сондықтан, Конституцияның 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан іс-шаралар жастарға білмегендерін үйретуге септігін тигізеді, ой салады деген сенімдеміз.  
Айналамызға жақсылап зер салсақ, қазіргі дамыған заманның өзінде отаршылықтың бұғауында өмір сүріп жатқан елдердің барын көреміз. Соларға қарап бүгінгі күнімізге тәубе етейік, өркениетке ұмтыла білейік, ағайын. Мерейлі мерекеміз құтты болсын. Әр шаңыраққа бақыт, денсаулық, береке-бірлік тілегім келеді. Еліміздің болашағы нұрлы болып, жаңа белестерден көрініп, биік асулардан тайсалмай өте берейік!
Бақыт МОЛДАЖАНОВА,
облыстық мәслихаттың депутаты.    
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар