Біздің Роберт Александрович

Кешегі сұрапыл соғыстың ауыр зардабын көрмеген адам кемде-кем шығар. Тіпті, 7-10 жасар жас бүлдіршін, біздер де соғыстың ащы дәмін таттық. Егіннің арамшөбін жұлдық. Сиыр жегіп, жер жырттық. Қол диірмен тарттық, бидай үгіттік, көрмеген көрешегіміз болмады. Осы жайды қазіргі ұрпаққа айтсаң, сенерін де, сенбесін де білмейді.

 

Дегенмен, қаһарлы соғыстың қайғы-қасіретін неміс, шешен, ингуш, татар ұлттарынан артық ешкім көрген жоқ шығар. Туған жерінен айырылды, қуғын-сүргінге ұшырады. Өздерінен белгісіз басқа жерге қоныстанды.
Сонау 1941 жылы кеңестік неміс халқы саяси сүргінге ұшырады, Еділ бойынан немістерді түп көтере көшірген, жан-жаққа тарыдай шашқан 1941 жылғы 28 тамыздағы қаһарлы жарлық Автономиялы республиканы жойды, адам құқығын аяққа таптады, депортацияға ұшыратты. Сөйтіп, саны екі миллионға жеткен неміс халқының бір миллионы Қазақстанға қоныстанды. Сібір мен Қазақстанға мыңдаған неміс отбасы зорлықпен көшірілді. Жүз мыңдаған немістер жазықсыздан-жазықсыз «са-
яси қауіптілер» қатарына жатқызылды. НКВД-ның берген мәліметтері бойынша мыңдаған неміс-фашист бүлікшілері Еділ бойы немістерін қаруландырып жатыр-мыс. Сөйтіп, комитеттің «қырағы» саясатының қырына ілікті, «қантөгістің», қаулап отырған «шпиондық», «сатқындық» әрекеттердің алдын алу мақсатында негізгі тұрғындары Қазақстанға, Сібірге қоныс аударылды. Сөйтіп, ресейлік неміс халқы өз тарихында енді Алмания, Ресейден кейін үшінші орын тапты. Бұл бауырлас ресейлік неміс халқына ауыр соққы боп тиді. Іштей тынды, жаны жаралы болды. Өмірде жүректен соққан ұмытылмас таңба еді бұл.
1941 жыл. Көкшетау ауданы, Қараөзек
ауылына 10 шақты неміс отбасы қоныстанды, бәрінің де шиттей бала-шағалары бар. Бәрінің де жүзінде ыза-кек ызғары сезіледі. Зар жылаған дауыстары жүрегіңді жаралайды. Ауыл тұрғындары да көшіп келген немістердің қайғысына ортақ болады, жылайды кеп.
Қазақ ауылдарында қазақ-неміс тату-тәтті тұрды. Балалары қазақ мектебінде оқыды. Қоныс тепкен немістер жартылай патриархалды қазақ еліне, тіліне, дініне мұрнын шүйіріп қараған жоқ. Керісінше, тектіліктің үлгісін көрсетіп, жергілікті халықтың мәдениетіне құрметпен қарады. Тез арада қазақ тілін білген неміс қазақтың елін де білді. Күллі ұлттық болмысын үйреніп алды. Қазақтармен әзіл-қалжыңы жарасып, дастарханы араласып кетті. Сөйтіп, қазақтардың ең етбауыр жақынына айналды. Талай жетім неміс ұлдары мен қыздары қазақ отбасының бір перзентіне айналып кетті. Сөйтіп, немістердің қазақтармен жаны, қаны араласты. Неміс халқынан қазақтар да көптеген жақсы қасиеттер үйренді. Қора-қопсы, үй-жай салу мәдениеті, тазалық, мұқияттылық, шеберлік, іскерлік, еңбекқорлық тәрізді қасиеттерді үйренді.
…Әкем Нұрғали, жалғыз ағам Қинаят Ұлы Отан соғысына аттанды. Шешем Күлжан екеуміз тұрмыс-тіршілік жасап жаттық. Біздің үйдің қарсысында бір бөлмелі үйде Асығат деген азамат тұрды. Ол өз үйін босатып, ағасы Мүшжармен бірге тұрып жатты. Ал, ол үйге жаңадан көшіп келген Лиза атты әйел төрт баламен орналасты. Балаларының аттары: Сара, Фриц, Давид, Роберт. Ең кішісі Роберт 4 жас-
та. Ал, біздің үйде мал дегеннен үлкен қара сиыр бар, жарықтық сүтті мол беретін. Мен Лизаның үйіне күн сайын ақысыз-пұлсыз екі литр сүт апарып беруші едім.
Мал-мүлкі жоқ Лизаға да төрт баланы асырау оңай болмады. Ауыл тұрғындары көшіп келген 10 отбасына бар қамқорлығын жасады. Қолда барын аяған жоқ, бір түйір нанды бөлісіп жедік. Сөйтіп, немістермен жанымыз аралас, малымыз қоралас болып кетті. Мен көбіне көп Робертті іш тарттым. Роберт жастайынан еңбекқор болды. Мал бақты, 13-14 жасында тракторды ұршықтай үйіретін. Біз таң қалатынбыз.
Жас кезінде қазақша тамаша сөйлейтін. Тіпті, мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде жаның  сүйсінетін. Қазақ тарихын, әдебиетін терең түсінетін. Тіпті, сегіз ата Баймырзадан тараған ауылды ру-руға, ата-атаға бөліп беріп, көсіле сөйлеуші еді марқұм. Біз оның талантына бас иіп, аса қадір тұтып, құрметтеуші едік. Роберт Қызылсая орта мектебін қазақша бітірді. Облыстық, селолық ауыл шаруашылық техникасын дайындау станциясында инженер, басшы болып
жиырма жылдан астам қызмет атқарды. Еңбегі бағаланды. Бірнеше орден, медальдармен, грамоталармен марапатталды. Роберт Александрович кеңпейіл, жоғары мәдениетті, досына адал, ақжарқын азамат еді.
Ұмытпасам, 1980 жылы шілде айында Зеренді демалыс үйінде кездестік. Кең бөлмелі үйде жарты күн әңгіме-дүкен құрдық, балалық шақты еске алып, ой толғауында қалғанымыз бар.
– Олжабай, – деді ауыр күрсініп аяулы досым, – өмір құбылысын, қыр-сырын аңғара бастайтын жасқа жеттік. Неміс халқының қыр соңынан бір әділетсіздіктің қалмай келе жатқанын өзің де аңғарасың. Ұлты неміс болғандығы үшін ғана неге басқалардан кем саналуға тиіс?! Ауыл айналасынан ұзап, 16 шақырымнан әрі неге шығуға болмайды? Неге спецкомендатурадағы қарғыс атқыр тізімге тіркеліп, жиі-жиі тексеріліп тұруға тиіс, – деп бір сәт орамалымен көзінің жасын сүрте, ой сезімін былай өрбітті. –Бір сөзбен тұжырымдасақ, советтік неміс зиялылары нақ осы кезеңде жаппай оталып, баудай орылып, он бес жыл бойына 1941-1956 жылдар аралығының тоқырау жылдарында қағажу, жазықсыз зәбір-жапа шеккендерді көзбен көрдік қой,– деді Роберт Александрович. Мұндай кенеттен қойылған сұраққа не дерімді білмей:
– Сендердің де таңдарың атар, әділетсіздік шырмауынан шықтыңдар ғой, Алла болса ақ тілектерің орындалар, сабыр түбі алтын, – деп досымды жұбатқандай болдым. Сонда тілге шешен Роберт Александрович жұлып алғандай: – Сталиндік сұрапыл саясат жүз мыңдаған немістерді 300 жылдан бері ұйып отырған жылы ұясы – Ресей жерінен жел қуған қаңбақтай жұлып айдап, Қазақстан қиырынан бір-ақ шығарды емес пе? Біздің бағымызға қарай қазақ ауылдарына қоныстандық. Алла бізді үнемі зарлата бере ме? Қазақ дейтін халық барын, олардың бауырмал, қонақжай, салт-дәстүрлері барын білдік. Қазақ ауылының әсері, ықпалы зор болды. Қазақтың қай үйіне бас сұқсақ та бауырындай қарсы алып, төріне отырғызатын, өздеріңмен тату көрші болдық қой, Олжеке,–деп бір қойды да, әңгімесін жалғастыра берді.
– Жалпы, адамдық қасиеттерімнің қалыптасуына ауылдағы қазақ шалдарының қатты әсері болды. Сол кісілердің әңгімелерін тыңдап өстім. Ақсақалдар Кенжетай, Қасым, Айтжан, Зайдолла, Бөктөр, Қалау, Сейтінәсімдердің айтқан сөздері әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты,– деді де, – Олжеке, келіңіз мына шөлмектен алып қоялық, қазақ-неміс достығы берік болсын деп, аздап тартып жібердік.
Роберт Александрович Шейфер қазақ тілінде өте жеңіл сөйледі, тыңдаушысын жалықтырмайды, тыңдай бергің  келеді өзін.  
Арада бір сәт өткенде Роберт Александровичпен әңгімеге қайта оралдық.
– Адам көп тіл білуге үйрену керек, бұл ауа-
дай қажет, – деді ол. Өзің айтшы, жергілікті халық тілін үйренгеннен немістердің несі кетті? Ол кеміп қалды ма? Жоқ. Керісінше немістер қазақтардың алғысын алды, құрметіне бөленді. Қонақжай қазекең төріне шығарды біздерді. Қазақ тілін білетін ұлт өкілдерін қазақ алақанға салды. Құрмет көрсетті. Айтарымыз, тіл білгеннің, әсіресе, жергілікті ұлт тілін білгеннің Қазақстанның бірлігін сақтаудағы ырыс, құт екенін естен шығармаған ләзім. Мен қазақ мектебін бітіргеніме ешқашан өкінген емеспін. Өз ана тілімді де жетік білемін. Орысша да біреуден кем білмеймін.
Өзің білесің, Олжеке, жұбайым Аня да Қызылсая қазақ орта мектебін бітірді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының қазақ тілі факультетін ойдағыдай тәмамдады. Облыстық Литода көп жыл қызмет атқарды. Біз үйде болғанда қазақ тілінде сөйлесеміз. Балаларымыз қазақша біледі. Тегі, намыс оты лаулады ма, қазақ тіліне деген ынта-жігері арта түсті. Қызымыз қазақша еркін сөйлейді. Мен қызымның туған күніне арнап, қазақша кітаптарды сыйға тарттым, – деді ақкөңіл досым.
– Қазақтың салт-дәстүрлерінің тәрбиелік маңызы зор ғой деп,–әңгімесін сабақтай түсті Роберт. –Жас кезімде келін түсіру, тұсау кесу, қыз ұзату, құда түсу, тағы басқа дәстүрлердің куәсі болдық. Осындай салт-дәстүрлерді жинақтап, кәдеге жаратып жүретіндердің бірі біздің Давид еді ғой. Үлкен апам Сара тамаша әнші еді. Оның тамылжыта салған «Майра» әні әлі құлағымнан кетер емес. Өнер сүйер қауымды осы әнімен тәнті ететін өзі. Ауыл тұрғындары «біздің әнші Сара» деп кеудесін кере мақтанышпен айтуында терең бір сыр бар. Марқұм 30-ға жетер-жетпесте дүниеден ерте аттанды,– деп ауыр күрсінді.
– Айтпақшы, сен, жастайынан рульге отырып, техника маманы атанған, әзіл-қалжыңы жарасып тұратын Тербах Сашаны білесің ғой.
– Иә, білгенде қандай. Ауылдың үлкен тойларында да төрде отырып алып, сықақ әңгімелерді нәшіне келтіре айтып, отырған жұртшылықты күлкіге көміп тастайтын Саша емес пе?–дедім әңгімеге араласа.
– Дәл өзі, бауырым барып тұрған жыршы еді ғой. Толғау өлеңдерді домбырамен сүйемелдеп, төгілте жөнелгенде дүйім қауым тырп етпей ұйып тыңдайтын. Бір жағы осындай сағынышпен Роберт Александрович әңгімесін тәмамдады.
…Жылдар жылжып, күндер сырғып өтіп жатыр-ау! Жасымыз болса, сексеннің төртеуіне таяп қалды. Зейнеткерміз, денсаулық та еңсеңді түсіріп қояды. Ара-тұра қойын дәптерімді ашып, өткенді еске түсіріп қоятын әдетім бар. Бір күні сол қойын дәптерімді ашып отырсам, «Робертпен өткізген бір күн, 1980 жыл, 18 шілде» деген жазбаға көзім түсе кетті. Қуанышымда шек жоқ. Жоғарыдағы Роберт айтқан әңгіме желісін дәптеріме қысқаша түрде тізбектеп жаза беріппін. Сол әңгіме арқауы болып отырған Роберт Александрович Шейфер алпыстың асқарына шыға алмай, өмірмен ерте қоштасты. Соңғы сапарға қоштасуға жиналғандардың дені қазақтар. Бәрінің де көздерінен түйдек-түйдек жаңбырдай жауған жасты көргенде, бұл қазекең өзінің бауырындай қайғырды-ау деген сондағы толғанысты ой күні бүгінге дейін көкейімнен кетпейді. Соған тұратын азамат еді ғой, шіркін біздің Роберт Александрович!

Олжабай НҰРҒАЛИҰЛЫ,
еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар