Боксшы Дина Жоламан

Біз бүгін әлемдік додада ел абыройын аспандатып жүрген қазақстандық спортшы, бокс бойынша халықаралық кластағы Қазақстан Республикасының спорт шебері, қыздар арасындағы бокстан Әлем чемпионы атағын жеңіп алған Жақсы ауданының жауқазын қызы Дина Жоламан жөнінде сыр шертпекпіз.

Жүзінен нұр төгілген нәркезкөз әдемі қызды ә дегеннен бокстан әлем чемпионы деп ойламайсыз. Жан-жағына ізгілік шуағын, сұлулықтың қуатты нұрын себізгілей білетін Динаның бойынан мейірімнің шуағы есіп тұрады. Атағынан ат үріккен аймаңдайлы қыз бүгінде ел мақтанышы. Алайда, ол маңдайына біткен осы бір бақытты аялай біліп, бүгініне тоқмейілсіп, көкірек ұрып, дандайсымайды. Керісінше, ұлы бабасы қазақтың «үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету» әрбір қыз баланың өмірлік ұстанымы болуы керек деп есептейді. Жас та болса ақыл-парасатты көкірегіне тоқып жүрген арудың әлі талай байрақты додаларда еліміздің көк байрағын желбірететініне сеніміміз мол. Себебі, Динаның бойында ұлтжандылық, елге деген сүйіспеншілік, жеңіске деген қайрат мол.
Осыдан он шақты жыл бұрын Дина дәл осындай биікке қол жеткізеді дегенге сенген бір адам болса ол оның жаттықтырушысы еді. Қолына былғары қолғап киіп, боксшы боламын деп келген кішкентай қыздың талабын жанып, қабілетін ашып, оның болашағына зор сенім артқан жаттықтырушысы Александр Высоцкийге айтар алғысы шексіз. Дина кербез Көкшенің тумасы. Алайда, балалық шағы Жақсы ауданында өтті.
– Кішкентай кезімде батырлар туралы мультфильм-
дер көргенді ұнататынмын. Бокспен 13 жасымнан бері айналысып келемін. Жақсы ауданындағы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде қыздар боксынан үйірме ашылды. Кластас қыздармен еріп барған едім, басында жай қызығушылығым басым болды. Шамамен жарты жыл өткен соң қыздардың көбі үйірмеге бармай қойды. «Көзім көгерді, қолымды ауырттым» деген желеумен қыздар боксты тастап кетті. Ал, мені керісінше, тылсым сырға толы ғажайып спорт әлемі өзіне баурай түсті. Рингке алғаш рет 14 жасымда шықтым. Алғашқы рет шығып, жеңіліп қалғаным рас. Бірақ, өз ісінің шебері жаттықтырушымның қолдауымен мен спорттан қол үзбей, еңсемді езбей керісінше, екі есе еңбектеніп, жеңіске деген құлшыныспен алға ұмтылдым. Содан бері, «Жеңіліс тапсаң да, жеңістен үміт үзбеу керек» деген ұранды өзімнің өмірлік қағидама балаймын», – дейді Дина ағынан жарылып.
Боксшы қыз спортта белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіп жүрсе ең әуелі бұл жеңістің барлығы анасының арқасында екендігін айтады. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де анаға деген сағыныш, елге деген риясыз көңіл оны желеп-жебеп тұрғандай көрінеді. Оның еліне, отбасына, туған-туыс бауырларына және жанашыр жаттықтырушысына деген алғысы шексіз.
Кейбір адамдар пендешілікке салынып, біреуді сынап, сырттай тон пішуге келгенде алдына жан салмайтыны бар. Сондайда қолына былғары қолғап киген спортшы тек қана жұдырықтасуды біледі деген пайымға тоқтайтыны жасырын емес. Бірақ, Дина спортшылардың санқырлы екендігін дәлелдеп келеді. Оның қылқаламмен сурет салғанын, гитарамен ән айтқанын естіген адам Динаны Тәңір жан-жақты талантты етіп жаратқанын ұғынады. «Мені танымал спортшы болады дегенге анам мен жаттықтырушымнан басқа ешкім сенген жоқ. Алайда, Алла бір пайыз талант берсе, қалғаны еңбекпен келетінін өз басымнан өткердім. Сол себепті де, соңымнан ерген сіңлілеріме айтарым, біреу сіздің болашағыңызға сенімсіздікпен қараса, я болмаса сан түрлі сәттерде жеңіліс тапсаңыз ешқашанда салыңыз суға кетпесін. Себебі, өмірдің өзі күрес қой!», – дейді спорт саңлағы.
Елінің абыройын ойлаған, сол үшін тер төккен Қазақстанның жүз жаңа есімінің бірі Дина Жоламанды әлі талай биіктен көретініміз анық. Жаңа 2018 жылы Қазақстанның көк байрағын байрақты додаларда желбірете бер. Жұлдызың жоғары болып, абыройың аспандай берсін Дина дейміз біз де!

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар