Болашақтың бір бастауы – балабақша

 Бала тәрбиесі – ең  ауыр әрі жауапты еңбектердің бірі. Бүгінде тәрбие беру төрткүл дүниені толғандыратын ең өзекті мәселе. Ғалымдардың пайымдауынша, адамның бес жасқа дейін бойына сіңірген тәлімі бүкіл ғұмырында алған тәрбиесінің тоқсан пайызын құрайды екен. Бұдан шығар тұжырым,  баланы тәрбиелеуде аса мұқияттылық танытып, уысымыздан шығарып алмауымыз қажет.

  Жеке меншікке әлі сенім аз…
Халқымыз ежелден бала тәрбиесіне қатты мән берген. Сәби дүниеге шыр етіп келгенде өнеге оған ана сүтімен   дари бастайды.  Бұл тәрбиелеу жолындағы қаланған алғашқы кірпіш десек қателеспейміз. Өйткені, «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетпек» екені белгілі ғой. Әсіресе, қазіргі жаһандану  жағдайында  балалардың тәрбиелі әрі өнегелі болуы – заман талабы. Шығыстың ғұлама ғалымы Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен.
Алайда, күндегі қарбалас тіршілікпен ата-аналардың балаға көңіл бөлуі азайып барады. Соның салдарынан, балалар көк экранға телміріп, атыс-шабысты бейнефильмдер көріп, кейін оның сөйлеуі, жүріп-тұруы тежеле бастайтыны да жасырын емес. Тәрбиесіз, дөрекі жеткіншектерді көргенде «қап!» деп сан соғатын кездер де көп кездесіп жатады. Мұндай келеңсіздіктерге тап болмас үшін ата-аналар  баланың тек киімі мен тамағын ғана ойлап қоймай тәрбиенің ноқтасын мықты ұстап, оның маңыздылығын ұғынса  екен деп ниет білдіресің. Әрине, уақыттың тапшылығына байланысты бірі балаларын ата-әжесінің қолына жіберсе, бірі балабақшаға  орналастырады. Алайда, бүгінде балабақшаның өзі қолжетімсіз болып кетті.
Еліміздің әр түкпірінде бұл мәселе ушығып, үкіметті батыл қадамдар жасауға үндеді. Нәтижесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасы «Балапан» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Оның  негізгі мақсаты – халықты мектепке дейінгі  тәрбие мен оқыту  ұйымдарының жеткілікті болуын қамтамасыз ету. Бұл жоба негізінде бірқатар жекеменшік  балабақшалар балдырғандарға есіктерін айқара ашып, ұзын-сонар кезектердің азаюына себеп болды.
Дегенмен, мәселе түбегейлі шешім тапты деп айтуға әлі де болса ерте. Қалалық білім бөлімінің дерегіне сүйенсек, бүгінде облыс орталығында 10960 бүлдіршін балабақшаға  кезек күтуде.  
Көкшетау қаласы бойынша 35 мекеме мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен айналысады. Оның сегізі жекеменшік. Жоғарыда аталған мекемелерде  6438 бала тәрбие алуда. Яғни, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен орташа қамту көрсеткіш  80,1 пайыз болса, 1-6 жас аралығында 48,3 пайызды құрайды. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары  Жәния Дондағұлованың айтуынша,  ата-аналардың көпшілігі балаларын мемлекеттік балабақшаларға беруге тырысады. Бұл жекеменшік мекемелерге деген сенімсіздіктен. Бірақ, әр балабақша өз жұмысын бастаған кезде  міндетті түрде аттестациядан өткізіліп, тәрбиешілердің біліктілігі сарапқа салынады. Сол себепті, жекеменшік  балабақшалар мен шағын орталықтар – бұл мемлекеттік мекемелерге балама екенін әр ата-ана жақсы түсінуі тиіс.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беруде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жетпіс бес орындық «Мәдина» және елу балаға арналған «Ясмин» балабақшалары ашылады деп күтілуде. Алайда, жекеменшік балабақшалардың бір айлық төлемі  шамамен 25-30 мың теңгені құрайтындығы ата-аналардың қалтасын қағатыны анық. Әркім көрпесіне қарай көсіледі ғой. Бірақ, ата-аналар жекеменшік балабақшалар қымбат болсадағы, сол бағаға сапа да сәйкес болса дейді. Сондықтан, жекеменшік балабақшалардың бүгінгі жағдайы қандай деген сұраққа жауап алу үшін  мектепке дейінгі осы мекемелерге барған болатынбыз.
                       
«Балапандағы» балғындар
Ғимаратқа кіріп келгенімізде,  ыстық бәліштің иісі мұрынды жарды. Одан қалды, әр бөлмеден естілген балдырғандардың шат күлкісі құлаққа жағымды әсер етіп, қабырғадағы  әр баланың  эмоцияға толы суреттері көңіл сүйсінтті. Бұл «Балапан»  жекеменшік балабақшасы.  Мекеме меңгерушісі Ғалия Рақымберлина бізді қарсы алып, балабақшаның құрылу тарихы жайында әңгіме қозғады. Бастапқы уақытта ата-аналар тарапынан  мекеме жұмысына байланысты күдік болған екен. Әрине, бауыр еті баласын жекеменшік балабақшаға беріп, кейін  ешкім опық жегісі келмейді. Тіпті, мекеме ғимаратына да байланысты дау-дамайлар туып, сынға алушылардың қатары да көп болған. Дегенмен, бірқатар қиындықтарды артта қалдырып, бүгінде балабақша  өз жұмысын жалғастыруда.
–Жекеменшік балабақша болған соң бәсекеге қабілетті, сапалы қызмет көрсететін мекеменің бірі ретінде танылу үшін көп жұмыс істейміз. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатуды жөн санаймыз. Бұл арқылы бізге деген сенімді арттыра түсуге ниеттіміз, – дейді Ғалия Беркінбайқызы.
 Бүгінде балабақшада 265 бала тәрбиеленуде. Әуелде  мекеменің жобалық қуаты 250 адам болса да, ғимаратты кеңейту арқылы қосымша бала оқытуға мүмкіндік туған. Оның 225-і мемлекеттік тапсырыс бойынша тәлім алуда.  Мұнда ата-аналар үйірме бағасын қосқанда  18 мың теңге төлейді екен. Ал, үш жасқа дейінгі коммерциялық топтарда бір балаға 30 мың теңге ақы белгіленген. Өзге балабақшалармен салыстыратын болсақ, «Little people» мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ата-аналар мемлекеттік тапсырыс бойынша 19 мың теңге төлесе, ақылы топта бір балаға 32 мың теңге төлейді. Мекеме меңгерушісі Ғалия Рақымберлинаның айтуынша, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар және балабақша қызметкерлеріне жеңілдік қарастырылған. Яғни, мектепке дейінгі мекемеде бағаға байланысты қатып қалған қағида жоқ.
Балалардың бөлмелеріне бас сұққанымызда балдырғандардың бірі сурет салып отырса, бірі бөлменің бір бұрышындағы тотықұстарға  жем беруде. Тәрбиеші  Лилия Ушакованың айтуынша, құстарды бағып-күту арқылы тәрбиеленушілер өздігінен жүріп-тұруға үйренеді. Сонымен бірге,  олар ағылшын және қазақ тілін үйреніп, ән айтып, би билеуді жақсы көреді. Балабақшаның бір артықшылығы балдырғандарға Монтессори әдісі негізінде сабақтар жүргізеді. Бұл әдіс еш уақытта мәнін жоғалтқан емес. Бала табиғатынан білуге құмар, тумысынан-ақ өсуге, жетілуге ұмтылысы басым. Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасай алуына, таңдау жасай алуына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді. Жиырма бес жыл тәжірибесі бар Гүлнәр Қажыбаева осы әдіс бойынша жұмыс істеп, жыл сайын Астана қаласында білімін жетілдіріп отырады. Мұнда  бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Музыка, спорт және акт залдары, қазақ, ағылшын тілдері кабинеттері мен психолог, логопед сияқты мамандардың кабинеттері бар.  Сондай-ақ, каратэ, шахмат үйірмелері де жұмыс істейді. Өкінішке орай, орыс тобына қарағанда қазақ тобы аздау екен.
 Тамақтану мәселесіне келетін болсақ,  санитарлық -эпидемиологиялық станция  мамандары ас мәзірін бекітіп, жүйелі түрде тексеріс өткізеді. Тәрбиеленушілер күніне бес мезгіл тамақтанады. Ал, ауладағы  жылыжайда көктем мезгілінде қияр мен қызанақ отырғызылып, балалар қыс бойы табиғи таза өнімдерді тұтынады.
Әрине, қалалық жерде халық санының өсуіне байланысты баланы балабақшаға орналастыру мәселесі жыл сайын қиындап барады.  Жас ана Инабат Қайырғалиқызы сәбилі болған соң қызы Әминаны бірден балабақшаға кезекке қойыпты. Бүгінде ол бір жастан асты. Уақыт тез зымырайды ғой. Әйтеуір, дер кезінде орын болса екен деп үміттеніп отыр. Балабақшаға деген сұраныс жоғары. Ата-аналар тағат таппауда. Балабақша кезегінде тұрған көкшетаулық  бүлдіршіндер қашан мектепалды тәрбиемен қамтылып, базарлы балалық шақтың бал дәмін татамыз деп апыл-тапыл басып жүр. Кезек келгенше ержетіп те қалар…   

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар