«БОМЖ» болып тумайды

десек те, қоғамның өгей баласы сияқты осындай қаңғыбастар көбейіп барады

…Қоғамның өгей баласы. Күн ұзақ қоқыс салатын контейнерлерді аралап, азын-аулақ азығын, бос шөлмектерді ала дорбасына салып алған ілбіп басқан сұрқай киімді жандарды қай-қайсымыз да көріп жүреміз. Қасынан өткендерден жанарын жасырып, мұңданып, қорланып бара жатады…
Солардың бірімен адам секілді тілдесіп, көңіл бөліп, сөзге тартып сырласып көрсең, балаша қуанып, өкпе-назын әп сәтте-ақ жайып салады.  Әрқайсының  басында өз трагедиясы бар. Құлақ түрсең, жүрегің сыздайды, жаның ауырады.

Бала кезімізде елде «БОМЖ» деген сөзді естімеппіз. Ауылда өскесін, елдің тыныс-тіршілігі бізге етене таныс. Ел адамдары мал ұстап, күн көретіні белгілі. Әркім өзінің малын өзі бағып, өз шаруашылығын өзі өрістететін. Отағасы таңнан тұрып мал жайлап, үйдегі әйелі сиыр сауып, сүт тартатын. Қазір қаланың көп «БОМЖ»-ы ауылда. Бүгінде ауылдың қазағы байыған ба, иә болмаса, желкесіндегі жеті елі жалқаулықтың салдары ма екен, кім білсін, қазіргі қазақ екі сиырды асырау үшін «БОМЖ» ұстайды. Міне, жаңалық! Бірақ, бұл қалада «БОМЖ» жоқ деген сөз емес. Қоқыс теріп контейнер жағалағанынша ауылға барғаны да дұрыс па дейсің, шынында.      
Иә, оларды аяғанымыз дұрыс. Әйтседе, неге бізге Хақ тағала бір-бірімізді түсіну үшін тіл, ақыл-ой, сана берді.  Әрбір пенде қателеседі. Ал, біз тағдырдың тәлкегіне түскендерге қолымыздан келсе, көмегімізді көрсетіп, адамдығымызды танытқанымыз дұрыс, әрине. Осы орайда, мемлекет тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіліп жатыр. Оған еліміздің әр өңірінде тұрағы жоқ жандарға бейімдеу орталықтарының да ашыла бастағаны айқын дәлел. Көкшетау қаласында да тұрағы жоқ жандарға арналған бейімдеу орталығы бар. Аталмыш мекеменің директоры Әлия Әшімованың айтуынша, 2000 жылы ашылған орталықта 50 кереуеттік орын бар. Жыл басынан бері мұнда 190 адамға көмек көрсетілген. Сол жерде уақытша жан сауғалаған баспанасыздар қажет болса, жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдей алады. Сондай-ақ, медициналық көмекпен, тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Жұмысқа да орналастырылады. Жыл басынан 13 зейнет жасындағы адам зейнетке шығып, қазіргі таңда зейнетақысын алып жүр. Он екі адам мүгедектігі бойынша жәрдемақыға қол жеткізіпті. Ағымдағы сегіз айдың ішінде 225 адамға амбулаториялық көмек көрсетілсе, оның 23-і стационарлық ем қабылдаған. «БОМЖ»-дың басым көпшілігі шамамен 25-75 жас аралығындағы ер адамдар. Әйелдер де жоқ емес. Айта кету керек, қазіргі таңда «Әлеуметтік патруль» атты мобильді қызмет көрсетіледі. Үйіңізді немесе аулаңызды торауылдаған кезбе адамды кездестірсеңіз, орталыққа хабарлассаңыз болғаны мобильді патруль келіп, әлгі адамды алып кетеді.  
Жасырары жоқ, аталмыш мекемеде жүріп, адами қалыпқа түскеннен кейін үш айдан соң, тағы да далада қалатындар бар. Көше кезіп, үйреніп алғандар жұмыс іздейін демейді, сол баяғы өлмес тіршілікке қайта көшеді. Замана шеріне, қоғамдық дертке айналған осы бір мәселеге тек қана билік басындағылар емес, қоғамдық ұйымдар, имандылық жолында жүрген азаматтар, әсіресе, имамдар селқос қарамағандары абзал. Өйткені, көшеде қаңғырып, тентіреп жүрген көп жетім мен жесірді миссионерлер қармақтарына түсіре бастады.    
Осы орайда, тұрағы жоқ жандарға арналған бейімдеу орталығының басшылары қам-қарекетсіз емес. Аталмыш мекеменің түнгі бөлімшесінің бөлім бастығы Ақылбек Бекмағамбетовтың мұрындық болуымен өткізілген ашық алаң диалогы осыған нақты мысал бола алады. Облыс орталығында №9 тірек бөлімшесінде өткен бұл шараға түрлі ведомство мекемелерінің қызметкерлері мен «БОМЖ»-дар қатысты. Ақылбек Кәкімұлының айтуынша, орталыққа келетіндердің  басым көпшілігінде жеке басын куәландыратын құжаты болмайды немесе алкоголизм сияқты айықпас дертке шалдыққандар.    – Аталмыш шараға біз әдейі медицина қызметкерлерін, облыстық наркологиялық диспансердің дәрігерлерін, психологтарды, заңгерлерді, жұмыспен қамту бөлімінің мамандарын тартып отырмыз,–дейді Ақылбек Бекмағамбетов.
Өзін Леонид Шепель деп таныстырған зейнет жасындағы азамат әлі күнге дейін кеңес одағы кезіндегі төлқұжатпен жүр екен. Осы кездесуде орталықтың әлеуметтік жұмыс маманы Айымгүл Есентемірова оған Қазақстан Республикасының азаматы екендігін растайтын жеке басының куәлігін рәсімдеуге көмек қылатынын алға тартты. Облыстық наркологиялық диспансерінің нарколог-дәрігері Ғалия Мұхамедиярованың айтуынша алкоголизм, нашақорлық сияқты зауалдарға шалдыққан жандарға диспансердің есігі қашанда ашық. Емделуден өзі бас тартқан жағдайда мәжбүрлеп емдеуге де болады. Тек оған туған-туысының не болмаса арнайы мекеменің рұқсаты керек екен. Жасырары жоқ, қазіргі таңда өңірді айтпағанның өзінде қалада қаншама «бомж» барын болжап айтудың өзі мүмкін емес. Сол себепті де жұмыла жұмыс істегеніміз қоғамға жасаған қамқорлығымыз болар еді, – деді өз сөзінде Ғалия Өсербайқызы.    
– Көкшетау қаласынан қол созым жердегі Васильковка ауылында мал бақтым, қазір жұмыссызбын,–деп өзін Серікпін деп таныстырған қазақ жігіті араққа сылқия тойып алып, тілі күрмеле өз жағдайын айтуға тырысып бақты. Ал, Руслан есімді жігіттің төлқұжаты да, тұрғылықты мекен-жайы да бар. Электрик мамандығын да меңгерген. Тек арағын тастауға құлықсыз. Осының салдарынан отбасымен де  ажырасқан.         
Мемлекет тарапынан мұндай жандарды сауықтырып, емдеу үшін аз қаражат бөлініп жатқан жоқ. Көшеде домалап жатудан ұялмағандар «дайын асқа тік қасық» болуды ғадетке айналдырып та алған сыңайлы. Бейімдеу орталығынан шыққаннан кейін жұмыс істеймін, адами қалыпқа келемін дейтіндері аз. «Баяғы жартас, сол жартас». Неліктен? Орталықтың әлеуметтік қызметкері Ризат Әбілдиннің айтуынша, қаңғыбастардың арасында жастар көп. Тіпті, 18 жастағы  жастар да кездеседі. Осындайда, ел аман, жұрт тынышта, тепсе темір үзетін жастардың кезбе болып кеткендігі миға қонбайды.
 «БОМЖ»-дың арасында осылай жүріп, өз денсаулықтарын құртқандары қаншама. Араларында жұқпалы дерті бары да көп болуы мүмкін.
…Қоғамның өгей баласы. Әнекей, тағы бірі, қалдық-қоқыстан жанталасып қатқан нанды алып жеп жатыр. Кір сіңген күс-күс қолдары дір-дір етеді. Намысы шоқ, жігері құм, болашағы бұлыңғыр сормаңдайлылар-ай!..

Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар