Бразилияда аяқдопты үйренген Ерназар

Кейінгі жылдары аяқдоптан үміті бар қазақ балалары сонау Бразилияға барып, футбол өнерін үйреніп жүргенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Сондайда олардың қатарында біздің Ақмола облысынан өзіміздің қаракөздеріміз бар ма екен деп елеңдейсіз.

 

Әрине, бар. Мәселен, Зеренді селосындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің 11 сыныбында оқитын Ерназар Ерғазыұлы 2015 жылы Қазақстаннан іріктелген 26 жас футболшының қатарында  Бразилияның «Крузейро» футбол клубында бір жыл бойы дәріс алып келген  үкілі үмітіміз. Ол сонда аяқдоптың қыр-сырына бойлап  жүргенінде, «Copa Pan-American» халықаралық турнирінде өз командаластарымен екінші орынды иеленеді.
Жалпы, Ерназардың үлкен футболға құштарлығы 2007 жылы небары 7 жасында басталады. Сол жылы ағасы Ердос оны жасыл алаңға жетелеп әкеледі. Зерендіде кезінде футбол өнерінің үлкен жанашырлары, ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Николай Сергеевич және Татьяна Григорьевна Куленюктердің болғандығын, олар осы спорт түріне үнемі зор көңіл бөліп, қазақтың даңқты футболшысы Тимур Сегізбаев атындағы халықаралық турнирдің негізін қалап кеткендігін бұл күні екінің бірі біле бермейді.  Қапияда жол апатынан қаза тапқан осы кісілер бүгінде аман болса, әлі талай жас өрендер үлкен спортқа қанат қағар ма еді деп ойлайсыз.
Бірақ, ондай футболшылар қазір де жоқ емес, баршылық. Солардың бірі – біз айтып отырған Ерназар. Өзінің  бұл орайдағы алғашқы қадамын «Зеренді» футбол командасынан бастаған ол бара-бара шебер ойынымен танылып, 2009 жылы жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирде «Ең үздік шабуылшы» атағына ие болады. Ал, 2011 жылы Көкшетаудың «Оқжетпес» клубының дайындық тобына өтіп, жоғарыда айтқан Куленюктерді   еске алуға арналған халықаралық турнирде командаластарымен бірге топ жарады және тағы да «Ең үздік ойыншы» атағын иеленеді.
Ерназардың жеңісті жолы әрі қарай да осылай жалғаса берді. Тынымсыз төккен тердің арқасында 2013 жылы қатарластарымен Қазақстан чемпионатында екінші орыннан көрініп, бұған қоса, «Coco-colo» былғары доп» турнирінде жеңіс тұғырына көтеріледі. 2014 жылы Ташкент қаласында өткен Э.Каграмановтың атындағы турнирде күміс медальды иеленсе, ел біріншілігінде тағы да үздік ойынымен көзге түсіп, командасының чемпион атануына зор үлесін қосады.
Республика тарапынан футбол мамандары талапты жасқа зор үміт артып, чемпиондар Отаны – Бразилияға одан әрі шеберлігін шыңдауға жіберетін де осы тұс. 2016 жылы елге қайтып оралған Ерназар 21 жасқа дейінгі жастар өнер көрсететін «Оқжетпес» кәсіби футбол  клубының құрамына алынып, бүгінгі таңда да болашағынан үміт күттіретін жас футболшыларымыздың қатарынан көрініп жүр. Осы жолда біз, жерлестері Ерназарға тек табыс тілейміз!

Назым САПАРОВА,
Мәлік Ғабдуллин атындағы орта
 мектептің 11 сынып оқушысы.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар