Бурабай – туристер назарында

Өткен сенбі күні Бурабай баурайындағы «Айнакөл» қонақ үйі кешені аумағында «Four seasons» имидждік жобасы шеңберінде «Octoberfest Burabay» сыра фестивалі ұйымдастырылды.

Батыс елдерінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын жат фестиваль соңғы кездері біздің елде де қанат жая бастады. Бұл жолы сыра мерекесін тойлау-шылар Бурабай курортында бас қосты. Шара маусымнан тыс уақытта туристерді өңірге барынша тарту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Бүркітбаевтың айтуынша, шараға өңірдегі 16 отель өкілдері қатысып, өз мүмкіндіктерін ұсынды. Олардың арасында «Елікті» тау-шаңғы базасы, «Парк хаус Көкшетау» қонақ үйі сияқты туристік мекемелер болды.
Сыра мерекесі деп аталғанымен фестиваль барысында ересектер мен балаларға да түрлі көңіл көтеру шаралары қарастырылған. Қонақтар танымал диджей жəне эстрада жұлдыздарының орындауындағы концертті тамашалады.
– Облысымыз табиғи-климаттық жағдайымен, курортты əлеуетімен, сауықтыру орындарымен дүниежүзіне танымал. Осы күні облысымыз отандық туристерге ғана емес, шетелдік қонақтарға жоғары сапалы туристік қызмет көрсете алады. Бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған мақсатымызда осы, өңірге туристерді көптеп тарту, – деді Шынарбек Бүркітбаев.
Бір тәулік бойы өткен шараға барлығы 1000-ға жуық адам қатысты. Қатысушылар мен қонақтар отандық сыра өнімдерінің дәмін татып көрді. Фестивальді Қазақстандағы Польша елшілігінің өкілдері де тамашалауға келіпті. Осы күні Бурабайға демалуға келген қонақтар үшін жергілікті қонақ үйлер 50 пайыз жеңілдіктер ұсынды.
Фестиваль аясында байқау ұйымдастырылып, «Қонақтарды көп тартқан ең үздік туристік нысан», «Көп турпакет сатқан ең үздік сауықтыру орны» және «Ең үздік шетелдік серіктестік» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. Үздік туристік мекемелердің басшыларына диплом-
дар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Осыған дейін де Бурабай баурайында «Four Seasons» имидждік жобасы аясында бақшашылардың «Табиғаттың сыйы», асыл тұқымды тазылар мен төбеттердің «Қансонар» фестивалі өтіп, туристердің қызығушылығын арттырған болатын. Алдағы уақытта да осындай шаралар одан әрі жалғаса бермек.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар