Бюджетке қосатын үлесі мол

«Қамқор Локомотив» серіктестігінің Атбасар электровоз жөндеу зауытында жергілікті тұрғындар көптеп жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын бюджетке қомақты қаржы аударуда.

Шағын ауданның аумағын алып жатқан зауыттың негізгі цехтары аппараттық, құрастыру және электромашиналық деп аталады. Біз зауыттың ішіне енгенімізде қайнап жатқан еңбектің куәсі болдық. Жан-жақтағы еңбеккерлердің ширақ қимылдарын көріп, нағыз еңбек адамдары осында екен ғой деген ойға келдік. Сөйтіп жүріп зауыттың басты цехына келдік. Құрастыру цехында сонау кеңес заманынан бері пайдаланылып келе жатқан сегіз «ВЛ80Т» маркалы локомотив жөнделіп жатты. Зауыттың бас механигі Игорь Гринцтің айтуынша, елімізде жаңа локомотивтер жетіспей жатқан көрінеді. Алдымен, зауытқа енгізілген локомотив бөлшектеніп, арнайы цехтарға таратылады екен. Мәселен, электровоз қозғалтқышы электрокараға тиеліп, электр цехына, дөңгелегі дөңгелек цехына және өзге бөлшектері аппараттық, автоматтық, дайындау және механикалық тәрізді қосалқы цехтарға жіберіледі. Электровоз ішіндегі аспап аппараттық цехта жөнделеді. Электр тогын механикалық қозғалысқа айналдыратын «ВС-1», «ВС-2» панельдері электровоздың қозғалуын қамтамасыз етеді. Мысалы, кабельмен 50 Вольт ток келсе, екінші ұшы – рельсте ток болмайды. Қажетті ток трансформатор арқылы реттеліп отырады. Қауіпсіздік үшін полимерлік резина мен капрон пайданылады. Құралдар инструментальдық цехта тексеріледі.  Сондай-ақ, мұнда әртүрлі қондырғылар жөнделеді. Бұл жұмыстардың барлығына конструкторлық және техникалық бөлімдер жетекшілік етеді. Мәселен, техникалық бөлім барлық өндіріспен айналысып, жұмыстың қарқынды жүргізілуін қамтамасыз етеді. Кәсіпорынға қажетті жылу мен бу автономдық бу қазандығы арқылы беріледі. Бүгінгі таңда зауытта 1360 адам еңбек етуде. Көптеген еңбеккерлер өз кәсібіне саналы ғұмырын арнаған екен. Мұнда әлеуметтік пакет арқылы барлық жағдай жасалғандықтан, еңбеккерлер тұрақты жұмыс істеуде. Цехтардың іші мұнтаздай таза. Еңбек қауіпсіздігі сақталған. №2 цехта локомотивке техникалық қызмет көрсетіледі. Ұсталық-механикалық цехтың басшысы Асқар Жұматов өз сөзінде локомотивтегі қозғалтқыш бөлігінің детальдарын дайындайтынын айтты. Металл құю бөлімшесінде электровоз подшипниктері мен локомотив дөңгелектерінің барлық бөлшектері қалпына келтіріледі. Локомотивтердің ескі бөлшектері индукциялық пеште балқытылып, жаңа детальдар құйылады. Тек қана латун өзге кәсіпорындардан тасымалданады. Электровоз подшипнигі айналып тұрған қондырғыдағы қалыпқа сұйық металл құю арқылы жасалады. Токарьлар детальдарды тегістейді. Сөйтіп, әртүрлі формадағы белгілі бір мақсатқа пайдаланылатын детальдар жасалады. Көбі түрлі-түсті металдан құйылады. Бөлшектер электрокарамен тасымалданып жүргенін көзіміз шалды. Зауытта Қостанай облысының Рудник қаласы іргесіндегі кеніште жұмыс істейтін «ВП» локомотиві де жөнделеді. Бұл жұмысты зауыт тендер арқылы ұтып алып, технология-ны игеру үшін арнайы цех жаңғыртылуда. Зауыт әкімшілігі тапсырыс берушілерді өздері іздейді. Кен тиейтін дункар вагондары да осында жөнделеді.
–Бұл цехта токарь, фрезеровщик, слесарь тәрізді жүзден астам еңбеккер жұмыс істейді. Олардың арасында слесарь Ардақ Ескендіров, токарьлар Юрий Кяицев пен Максим Гипкало өз еңбектерімен көзге түсіп жүр. Цех жұмысшылары жылжымалы кестемен жұмыс істейді. Бір күн, бір түн жұмыс істеп, 48 сағат демалады. Олар үшін душ пен асхана дайын. Спортзалда ауыр атлетикамен айналысып, денсаулықтарын жақсартады. Мұнда металл құю цехы, электрдәнекерлеуші, сыршы, вагон жуушы тәрізді өзге де жұмысшыларға сүт беріледі,– дейді цех басшысы. Бұдан кейін біз Сергей Новов басқаратын цехқа келдік. Мұнда Соколов-Сарыбай тау-кен комбинатының карьерінде пайдаланылатын вагон игерілуде. Зауыт биылғы жылы вагондарды жөндеу тендерін ұтып алыпты.
–Біз жаңа жұмысты игерудеміз. Бүгінгі таңда өндірістік үдеріске қырыққа жуық адам қатысуда. Бұл агрегатты жөндеу үшін қосымша жұмыс орындары ашылды. Бір жылғы жұмысқа қабылданған адамдарды  мамандыққа даярлап, біліктілерін тұрақты жұмысқа алып қаламыз. Шебер мамандардан айырылғымыз келмейді. Жергілікті құжаттар мен интернетті пайдаланып, адамдарды оқытамыз. Мұндай вагондарды жөндеушілердің еңбекақысы да жоғары. Бұл бағытта маңдай терін төгуге тура келеді. Жалқаулар біздің зауытта жұмыс істей алмайды. Разрядтары жоғарылардың еңбекақысы да мол. Разряд алу үшін адамдар оқуға ұмтылып, емтихан мен тест тапсырады. Қазір тіркеме агрегаттың 80 пайызы жөнделді. Қосалқы бөлшектер келгеннен кейін жоспарға сәйкес, вагон толық жөнделеді,– дейді Сергей Новов. Ұсталық-механикалық цехта вал өңделеді. Мұнда бригадир Рамазан Бейсембаев жетекшілік ететін токарьлар өз нормаларын асыра орындау-да. Еңбеккерлер жұмыстан тыс уақытта еріктілер ретінде тәртіп сақшыларына көмектеседі екен. Василий Пакетченконың аппарат цехының слесарі болып жұмыс істегеніне 14 жыл толыпты. Мұнда «ВЛ80Т» электровозына «ЭКГ» жасалады. Жұмысшылар атқарған жұмысына қарай еңбекақы алады. Осының арқасында айлық жоспар үнемі орындалуда. Аппарат цехының шебері Александр Наумов пен слесарь Талғат Сағындықов электровоздың жүрегі болып саналатын электр аспаптарын жөндеумен айналысады. Жөнделген бөлшектер құрастыру цехында қайтадан құрастырылады. Сөйтіп, күрделі жөндеуден өткен локомотив тапсырыс берушіге қайтарылады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар