Бюджеттің кіріс бөлігі ұлғайды

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының  кезекті отыз жетінші сессиясы болып өтті.

Облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сұлтановтың төрағалығымен өткен сессия жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық әкімдік аппаратының өкілдері,  облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандық мәслихат хатшылары  және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен, сөз алған облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов 2014  жылғы бюджеттің орындалуы жөнінде баяндады. Жалпы, аймақта  былтыр қазына қаражатының  кіріс бөлігі, яғни, бюджеттік түсімнің ойдағыдай болғандығын атап өткен абзал. Бұл тұрғыда көрсеткіш артығымен орындалып отыр. Соның нәтижесінде бірқатар әлеуметтік мәселелер оңтайлы шешілді. Осындай оң факторлардың барына қарамастан, бірқатар басқармалар дебиторлық және кредиторлық қарыздардың өсуіне жол берген. Яғни, бюджеттік бағдарламаларды ұйымдастырушылар тарапынан қазына қаражатын тиімді игеруге қажетті шаралар қолданылмаған. Әсіресе, ірі көлемде қолда бар қаржыны ұқсата алмады деп облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы басқармаларын атап өтуге болады.
Осы мәселе бойынша жарыссөзде сөйлеген  облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мереке Мұстафин қазынаға түсімдердің басым бөлігін салық төлемдерінің құрайтындығын айтты. Бюджетті игеруде бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеу мақсатында комиссия жүргізген  22 тексеру нәтижесінде 351 жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.  Ал, облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Анатолий Куликов қазына қаражатының ойдағыдай атқарылмауына оны ұйымдастырушылардың конкурстарды уақытылы өткізбеуі,  нысандардың  жобалық-сметалық құжаттамаларының дайын болмауы, оның бірнеше рет өзгеріске ұшырауы, кредиторлық, дебиторлық қарыздардың жиналып қалуы әсер етеді деген тұжырымды ойын ортаға салды.
Сессияда қаралған тағы бір маңызды мәселе – өңірдегі тұрғын үй құрылысының қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы баяндаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы  Дмитрий Петько аймақта баспана кезегінде тұрғандар санын азайтуға бағытталған нақтылы шаралардың қолға алынғанын айтты.
Осы мәселе бойынша жарыссөзде сөйлеген облыстық мәслихат депутаты Сергей Зиборов азаматтарды тұрғын үймен қамту көрсеткіші бойынша өңірдің рес-публикада жетінші орында тұрғандығын жеткізді. Осы орайда, жұртты жаңа пәтерлермен жарылқау жағы бір бөлек те, оның мінсіз сапасын қамтамасыз ету – екінші мәселе. Облыстық мәслихат депутаты Асылбек Исмағамбетов өз сөзінде өңірде салынар үйлердің он пайыздық үлесі Бурабай ауданына тиесілі екендігіне тоқталды. Қазір Щучинск қаласында 75 пәтерлік екі үйдің құрылысы жүріп жатыр, 45 пәтерлік тағы бір көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Бұл ретте сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров облыстық мәслихаттың  «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне енгізілер өзгерістермен таныстырып өтті. Бұдан кейін облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нартай Ысқақов комиссияның бес отырысының өткенін,  онда аграрлық аймақты дамытудағы шағын және орта кәсіпорындардың, өңдеуші өнеркәсіптің алдында тұрған түйткілді мәселелердің талқыға түскенін айтты. Тұрақты комиссия құрамындағы депутаттар 51  ауыл шаруашылығы нысанында болып, жергілікті жерлердегі жағдайға қаныққан. Айтылған жайттар отырыстарда қаралған.
Кезекті отыз жеткінші сессияны қорытындылаған өңір басшысы жиында өте маңызды мәселелердің қаралғандығын, бюджеттің игерілуіне қашанда басты назар аударылатындығын тілге тиек етті.
– Құрылыстың қарқынын бәсеңдетіп алмау үшін ең алдымен, өз өңіріміздің мердігерлеріне басымдық берейік. Нысандар аяқсыз қалып, бір-бірімізді сотқа сүйрегеннен ештеңе де ұтпаймыз. Біз өз құрылыс индустриямызды дамытуға тиіспіз. Бұл істе әрине, әр әкім мен әр сала басшысы жағдайды назарда ұстап, әр құрылыс нысанын жіті қадағалап отыруы керек, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Сергей Кулагин  жобалық-сметалық құжаттамаларды қайта-қайта жасап, қаражат көлемін өсіруге әуес басшыларды жергілікті бюджеттің онсыз да аз қаржысын үнемдеуге шақырды. Аймақ басшысы, сондай-ақ, қазынаға қол сұққандарды қорғамайтынын жеткізіп, қарамағындағыларды өз жұмыстарына барынша жауапкершілікпен қарауға, мемлекетке адал қызмет етуге үндеді. Шара соңында ел Президентінің сайлауында Мемлекет басшысының командасында болып, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге белсене қатысқан облыстық мәслихат депутаттары мен басқа да ақмолалықтарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаттары табыс етілді.  
Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар