Дала мен қала шежіресі

қоса өрілген музей тарихи танымды қалыптастыруда

 Музей тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, тағы басқа да мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме.

Заттық және рухани құндылықтарды ғылыми тұрғыда зерттеп, насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ғылымның, білімнің, мәдениеттің өркен жаюына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына игі әсерін тигізбек. Облыс орталығындағы Көкшетау қаласының тарихы музейі міне осы бағытта қызмет істеп келеді. Біздің музейіміздің бес экспозициялық залы бар. Қала тарихының негізі қаланған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейінгі жылнамасын қамтитын бұл залдарда қаланың экономикасы, өнеркәсібі, денсаулық сақтау саласы, білім беру ошақтары жайлы мол мағлұмат жинақталған. Тек жансыз бейне ғана емес, қаланың дамуына айрықша үлесін қосқан айтулы адамдар туралы да ақпараттар баршылық. Жинақтап айтатұғын болсақ, дәл қазір музей қорында 15 мыңнан астам жәдігерлер сақталуда. Олар: әртүрлі фотосуреттер, көне құжаттар, құнды қолжазбалар, тарихи заттар, қазақ халқының тұрмыстық-этнографиялық бұйымдары, әр кезеңдегі қала тұрғындарының тұтынған заттары. Қай музей болмасын өзінің жәдігерлер қорын көбейтуді мұрат тұтады. Сондықтан, әр жыл сайын қорды толықтыру мақсатында «Музейге жәдігер сыйла» акциясы өткізіледі.
Енді бірауыз сөз осы музейдің қала халқына және меймандарға қаншалықты қажеттілігі хақында. Ел ынтасын айқын аңғарту үшін нақты деректермен шегелей сөйлеген жөн шығар. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында біздің музейге 2500-ден аса адам келіп, экспозициялық залдарымызды аралап, мұражайдағы мағлұматтармен танысты.
Музейдің ғылыми-зерттеулерді қамтамасыз ету бөлімі төмендегі тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде: «Өткен ғасырдағы Көкшетау қаласының тарихы», «Қала тұрғындарының өмірі мен тұрмыс-тіршілігі», «Көкшетау округінің қалыптасуындағы Ш. Уәлиханов отбасының рөлі». Сол сияқты нәубет жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қала тұрғындары, ел еңсесін биіктетуге атсалысқан қаланың құрметті азаматтары жайлы да деректер жинақталуда.
Музейдің міндеті де ауқымды. Қоғамдық орындарда қала тарихынан тылсым сыр шертілетін шолулар өткізіліп, қала шежіресі жайында қызғылықты деректерге негізделген сан алуан әңгімелер айтылады.     
Музей қабырғасында тақырыптық экскурсиялар, қолданбалы-сәндік қолөнер шеберлерінің көрмесі, фотокөрмелер, қаланың құрметті азаматтарымен, соғыс және еңбек ардагерлерімен, қызықты мамандық иелерімен, шығармашылық тұлғалармен жүздесулер ұйымдастырылады. Қала мектептерінде көшпелі білімдік бағдарламалар – «Көкшетау отты жылдарда», «Тас бейненің тарихы», «Қазақтың этнографиялық бұйымдары», «Ұршық құдыреті» атты интерактивті сабақтар, тақырыптық дәрістер өткізіледі.
«Круиз» туристік фирмасымен өзара әріптестік байланыс негізінде «Сүйікті қалам – Көкшетау»  экскурсиялық жобасы аясында қаланың тарихи орындарына саяхат жасалады. Мұндай ескілікті естелікке жан беретін ұлағатты іс аз емес. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаланың тыныс-тіршілігін көрсететін өндіріс ошақтары, тарихи орындар да назардан тыс қалмайды.  
Облыстық мәдениет басқармасының үйлестіруі және қолдауымен ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Отбасы – өмір аясы» атты кездесу өткізілді. Кездесудің басты мақсаты өңірімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың ұлттық салт-дәстүрін көрсету. Сол арқылы әр ұлттың құндылықтарын құрметтей білу сезімін қалыптастыру болып табылады.
Ағымдағы жылдың басында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай майдан даласында жауынгерлік ерлік көрсеткен әйелдермен, тылдағы қияпатты жұмысты еңсеріп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлері туралы «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әйелдердің ерлігі» атты жаңа музейлік жоба қабылданған болатын. Осы жоба аясындағы жұмыстың нәтижесінде соғыс жылдары көшірілген Подольск тігін машиналары зауыты мен Көкшетау механикалық зауытының негізінде құрылған №621 әскери құпия зауытта жұмыс істеген әйелдердің фотосуреттері, Көкшетау қаласында орналасқан госпитальда жаралы жауынгерлердің жанына арашашы болған медицина қызметкерлері жайлы деректер жинақталды. Сондай-ақ, от-жалынға оранған ауыр жылдары тракторшы, комбайншы болып жұмыс істеген тыл еңбеккерлерінің фотосуреттері мен деректері табылды. Осы құжаттардың негізінде Ұлы Жеңіске майданда да, тылда да үлес қосқан әйелдерге арналып, көрген жанның жүрегін тебірентерлік мазмұнды да маңызды фотокөрме ұйымдастырылды. Осы фотокөрмеге 47 сурет қойылды. Әрине, басым бөлігі көне, әуесқойлар түсірген суреттер. Бірақ, соған қарамастан, өте құнды деректер.
Музейлер күні қарсаңында күнделікті атқарып отырған шаруамызды түгел болмаса да ішінара саралап, шолып шықтық. Алда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай танымдық сайыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Облыс орталығындағы білім ошақтарында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мен жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойларына орайластырылып, сабақтар өткізбекпіз. Мақсат – зор, міндет – орасан. Сол үдеден шығу біз үшін басты міндет.
Ботагөз ҒАБДУЛЛИНА,
Көкшетау қаласының тарихы
музейінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар