Далада жұмыс қызған шақ

 

Облыс диқандары көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті. Өткен жылы егін орағын бірінші болып аяқтап, мол өнім алған Жарқайың ауданының егістік алқаптарында қимыл қауырт.

 

Жалпы алғанда, ауданда ауыл шаруашылығына арналған 972540 гектар алқап бар. Ағымдағы жылы 562664 гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдар егілмек. Мал азығы дақылдарына 2384 гектар жер бөлінсе, майлы дақылдарға 7880 гектар жер бөлініп отыр. Тұқым сапасына сараптама жүргізу жұмыстары да аяқталды. Қыста 370 мың гектар алқапқа қар тоқтатылды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техника сақадай сай.
Әлбетте, егіннің бітік шығуы өнімділігі жоғары техниканы көбірек алу мен жаңаша жарақтандыруға да тікелей байланысты. Осы орайда, ауыл шаруашылығы техникасы мүмкіндігінше жаңартылып, бұрын пайдаланылғандары жан-жақты тексерістен өткізіліп, ақаулары жөнделген. Өткен жылы 87 ауыл шаруашылығы техникасы сатылып алынса, ағымдағы жылы оған  тағы да төрт техника қосылды. Атап айтар болсақ, көктемгі егіс науқанында 776 трактор, 1803 сеялка пайдаланылады. Барлық техниканың тәуліктік өнімділігі 31520 гектарды құрайды.
Ауданға қанатты зиянкестерден қатер көп. Өз танаптарын уақытылы өңдегенімен, іргелес Қостанай облысының егістік алқаптары мен жайылымдарынан таралуы әбден мүмкін. Сондықтан, ағымдағы жылы  260682 гектар жер химиялық өңдеуден өткізілмекші. Бірақ, мәселені ол да шеше алмайды. Зиянкестерді толық жою үшін   Арқалық және Амангелді аудандарында  алдын алу  шаралары мықтап қолға алыну керек. Бұл зиянкестердің алқапты зақымдау қатерін болдырмауға септігін тигізеді.
Ауданда ауыл шаруашылығымен айналысатын озық шаруашылықтар аз емес. Бірқатар шаруа қожалықтары өңірдің аграрлық саладағы мүмкіндіктерін ескеріп, мемлекеттік несиелендіру бағдарламасына қатысты. Оның ішінде, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық өкілдігіне 668 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Осы мол қаржыдан алатын Жарқайың ауданының да сыбағасы бар. Бұл көмекті қожалықтар ұтымды пайдаланып, қаржыны көктемгі дала жұмыстарын  тиянақты жүргізу үшін іске жаратуда.
Күзгі мол өнімнің негізін сапалы тұқым қалайды. Биылғы жылы жауапкершілігі шектеулі «Зерностранс ЕА» серіктестігі шартқа сәйкес сұрыпталған тұқымдарын сеппекші. Өткен жылы  мұнда «Шортанды-95» жоғары сапалы тұқымы егіліп,  гектар берекесі 14,4 центнер өнім алған болатын. Бұл тұқым сұрыбы қоршаған ортаның қолайсыз жағдайына төзімді болып келеді. Алдағы уақытта аталған тұқымды мүмкіндігінше көбірек пайдалану көзделіп отыр. Серіктестік басшысы Виктор
Виничук мол өнім алу мақсатында басқа да дәнді дақылдар сұрыптарын жетілдіріп, пайдаланбақшы.
Жыл сайын еңбек жорығында жалауы желбіреп жүрген жарқайыңдық диқан механизаторлар ылғалы мол, үміті көп биылғы көктемде дала жұмыстарын тап-тұйнақтай атқаратындарына нық сенімді.
 «Арқа ажарының» өз ақпараты.
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар