Дамудың оң көрсеткіштері қамтамасыз етілді

Өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы бойынша облыста оң серпін сақталуының нәтижесінде инвестиция 6,1 пайызға өсіп, 257 миллиард теңгені құрады.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында өндіріс өсімінің оң қарқыны қамтамасыз етілді. Бұл орташа еңбекақы өсіміне ықпал етті. Мемлекет пен Үкіметтің жүзеге асырылып жатқан бағдарламалары құрылыс жұмыстарының көлемін 115,9 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 383 миллиард теңгені құрады. Өсім мал шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. 5,2 миллион тонна астық жиналды. Гектар берекесі 12,2 центнерден айналды. Қажетті тұқым толық көлемде құйылып алынды. Мал шаруашылығында ірі қара мал басы, шошқа мен құс саны өсті. Қыстан қысылмай шығу үшін 1,1 миллион тонна шөп дайындалды. Ет, сүт, жұмыртқа тәрізді негізгі өнім түрлерінің көлемі өскені байқалады. Өткен жылы ет және сүт бағытындағы 35 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, ол 9 мың жеке үй шаруашылығын біріктірді. Нәтижесінде өнім өңдеу көлемі 5 пайызға артты. Үстіміздегі жылы тағы 25 мың үйді тартып, 28 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланған. Өңдеу кәсіпорындары азық-түлік тағамдарын шығару көлемін ұлғайтуда. Ет, шұжық өнімдері мен ұн көлемі көбейді.
Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуі бойынша өткен жылы он екі жоба жүзеге асырылып, бас қала рыногына 102 мың тонна сүт өнімдері, 25,5 мың тонна ет пен ет өнімдері, 243 миллион дана жұмыртқа шығарылды. Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі артты. Биылғы жылы агроөнеркәсіп кешенінде басымдылыққа ие дәнді дақылдардың егістік алқабын ұлғайту, қоғамдық табында асыл тұқымды ірі қара басын көбейту, мал бордақылау алаңының, ет және сүт өңдейтін кәсіпорындардың қуатын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты өсімін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы кооперациясын құру жұмысын жалғастыру және Астана қаласына жоспарланған ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды қамтамасыз ету керек. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100,2 пайызды құрады. Өндіріс көлемі өңдеуші өнеркәсіп, электрмен және сумен қамтамасыз ету өсімі есебінен ұлғайды. Подшипник пен жүк автокөлігі өндірісін кеңейту есебінен машина жасау саласы оң серпін алды. Металлургия саласында өңделген және жартылай өңделген алтын өндірісінің көлемі ұлғайды. Өзге металдық емес минералдық өнімдер өндірісі салаларында кірпіш пен бетон өнімдерінің өсімі байқалады. Химия өнеркәсібінде пестицид өндірісі артты. Тау-кен өндіру саласында көмір өндіру көлемі ұлғайды.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында 79 жоба жүзеге асты. Оның 26 кәсіпорны экспорт бағытында жұмыс істейді. 8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Өндірістің жалпы көлемінде Индустрия-ландыру картасы кәсіпорындарының өндірген өнім үлесі 50 пайыздан асты. Бұл компаниялардың жұмысынан мемлекеттік бюджетке 40 миллиард теңге құйылды. Өткен жылдың өзінде 7 жоба іске қосылып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Қол жеткізген көрсеткіштерді сақтап, баянды ету мақсатында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аудан әкімдерімен бірге өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі индексін төмендетуге жол бермеу, экспортқа бағытталған өнім шығаратын кәсіпорындардың үлес салмағын көбейту, жоспарланған жобаларды белгіленген мерзімінде іске қосуды және олардың жоспарлық қуатына шығуын қамтамасыз етуі қажет. Негізгі капиталдағы инвес-тиция өсімі 6,1 пайызға қамтамасыз етілді. Инвестиция құрылымында негізгі үлестің 42,2 пайызын кәсіпорынның өз қаржысы құрайды. Тиісті мемлекеттік органдар бірлесе отырып, қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажет. Биылғы жылы негізгі капиталдың инвестиция көлемін 283 миллиард теңгеге жеткізу қажет.
Құрылыс жұмыстарының көрсеткіші бойынша біздің облыс екінші орыннан көрінді. Негізгі үлес жекеменшік тұрғын үй құрылысына тиесілі. Шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау облыстың басым міндеттерінің бірі. Есепті кезеңде жұмыс істейтін субъектілер саны 41,7 мыңға жетті. «Бизнестің жол картасы-2020», «Тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларын жүзеге асыруға 5,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл өз кезегінде өндірілген өнімнің көлемін ұлғайтуға, жұмыспен қамтуға, мемлекеттік бюджеттің салықтары мен төлемдерінің түсуіне ықпал етті. Өткен жылы тұтыну бағасының индексі 107,1 пайызды құрады. Тиісті мемлекеттік органдар «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірге, бағаның өсуіне жол бермеуді тұрақты бақылауда ұстап, тұтынушы рыногын жергілікті азық-түлік тағамдарымен байытпай болмайды. Бүгінгі таңда жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін азайды. Мемлекеттік бағдарламамен 27,3 мың адам қамтылған. Оқуды аяқтаған 3,2 мың адам жұмысқа орналасты. Үшінші бағыт бойынша 4,2 мың адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылы жұмыспен қамту қызметі арқылы жиырма мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Облыс бойынша 12239 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың жеті мыңға жуығы тұрақты жұмыс істейді. Білім алудың жаңа форматына көшуге өткен жылы 65,6 миллиард теңге бөлінді. Мектепке дейінгі балаларды қамтудың негізгі көрсеткіші 97,7 пайызды құрады. Облыс бойынша 12 мектептің оқушылары үш ауысыммен оқиды. Осы орайда, Көкшетау, Щучинск қалалары мен Целиноград ауданында бірнеше мектеп салынуда. Жұмысшылар да-йындау жұмысы да одан әрі жалғасуда. Техникалық және кәсіби біліммен 21,3 мың шәкірт қамтылды. Облыстағы кадр әлеуетін дамыту үшін өткен жылы алғаш рет облыстық бюджеттен жүз білім грантына қаржы бөлінді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезбен ауырғандар саны азайып отыр.
Елбасының Жолдауында денсаулық саласында маңызды мәселелердің бірі – білікті медициналық кадрлар дайындау деп атап өтілген. Есептік кезеңде облысқа 384 маман келген. Бұл мамандарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 55 көтерме жәрдемақы, 65 несие берілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке 61,2 миллиард теңге кіріс түсті. Жыл басында бюджетке түскен қосымша кіріс 2 миллиард теңгені құрады. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету және жоспарланған меморандумдар нәтижесіне қол жеткізу жөніндегі алға қойылған міндеттерді орындау мақсатында жауапты мемлекеттік органдар, қала мен аудан әкімдері өздерінен талап етілетін барлық шараларды қолға алулары қажет.

Бауыржан МӘЛГАЖДАРОВ,
облыстық экономика
және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *