Данияр Сарымсақов, Ақмола облыстық соттар әкімшісінің басшысы: «Сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігі жақсара түсті»

Қарапайым халықтың сотқа деген сенімін арттырудың бірден-бір жолы – оның жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қалыптастыру екендігі белгілі. Сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қалыптастыруда қазіргі заманғы ақпараттық технологияны сот жүйесіне енгізудің маңызы зор. Сот саласында электронды сот жүйесін құру бағытында айтарлықтай шаруалар атқарылды және қазір де атқарылып жатыр. Ақмола облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Данияр Сарымсақов облыс соттарындағы жаңа ақпараттық технологияларды енгізу бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайында ой-пікірімен бөліседі.

– Әңгімеңізді бүгінде сот жүйесіне кеңінен енген «Сот кабинеті» сервисінің жұмысынан бастасаңыз. Облыс соттарында «Сот кабинеті сервисі» қалай жұмыс жасап жатыр?
– Елбасының сот органдары жұмысына жаңа технологияларды қолдану халықтың сот жүйесіне деген қолжетімділігі мен барынша ашықтыққа қол жеткізуді арттыру туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатымен Жоғарғы Сот тұрғындар үшін сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін 2014 жылдан бастап замануи технологияларды сәтті енгізіп, жүзеге асырып келеді. Осындай жаңашылдықтың бірі ретінде «Сот кабинеті» сервисін атап өтуге болады. Бұл сот органдары қызметіне бір терезе жүйесімен қол жеткізудің онлайн түрі болып табылады.
Сервистің ерекшілігі сол – тұрғындар өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ, интернет желісі арқылы сотқа талап арыздар, өтініштер мен апелляциялық шағымдарды жолдай алады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтында «Сот кабинеті» модулі арқылы жеке және заңды тұлғаларға және олардың заңды өкілдеріне соттарға электрондық формаларды толтыру арқылы электронды құжаттар мен іс материалдарын жолдау мүмкіндігі қарастырылған. Сот органдарымен электронды хат алмасу жеке және заңды тұлғалармен қатар, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекемелерге де қолжетімді. Бұл үшін электронды сандық қолтаңба болса жеткілікті. Аталмыш сервис хат алмасуға өте тиімді тәсіл болып табылады. Сонымен бірге, барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға әкімшілік құқық бұзушылық істер материалдарын электронды форматта сотқа жолдау мүмкіндігі де қарастырылған. Бұдан басқа «Сот кабинеті» сервисінде сотқа талап арыздар беруге, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеуге, сот құжаттарын, істің мәртебесін қарауға және басқа көптеген іс-әрекеттерге мүмкіншіліктер берілген.
– Қазіргі күні бұл сервисті іс жүзінде қолдану деңгейі қандай?
– Ақмола облысы бойынша 2014-2017 жылдар, яғни, аталмыш сервис жұмыс істей бастаған кездер аралығында тіркелген талап арыздар көрсеткіштеріне көз жүгіртетін болсақ, 2014 жылы берілген 32 856 талап арыздардың 1521-і Сот кабинеті арқылы тіркеліп, 4,63 пайызды құраған екен. Ал, 2015 жылы берілген 32674 талап арыздың 11631-і сот кабинеті арқылы беріліп, 36 пайызға жеткен. 2016 жылы 36145 талап арыз берілсе, соның 22 мыңнан астамы электронды түрде түсіпті. Бұл пайызға шаққанда – 61 пайызды құрайды. 2017 жылдың өткен 10 айының ішінде сотқа 29514 талап арыздар берілсе, оның 25580-і, яғни, 86,6 пайызы «Сот кабинеті» арқылы түскен. Осы көрсеткіштің өзінен аталмыш сервистің қазіргі күні жұртшылық арасында қаншалықты кең қолданылып отырылғанын бағамдауға болады.
Сонымен қатар, 2015 жылы шілдеде «Сот кабинеті» электрондық сервисі одан әрі жетілдіріліп, мобильді құрылғы арқылы пайдалана алатын «Сот кабинетінің мобильдік нұсқасы» қосымшасы әзірленіп қолданысқа енгізілген еді. Қазіргі таңда бұл қосымша негізінен, адвокаттар мен тараптардың және олардың өкілдерінің арасында белсенді қолданылуда. Алдағы
уақытта қарапайым жұртшылық та аталмыш нұсқаны барынша кең қолданатын болады деуге негіз бар. Қосымшаны кез келген адам өздерінің ұялы
телефондарына жүктей отырып пайдалана алады.
– Сот саласындағы жаңа технологияның кеңінен қолданысқа көшуі жұртшылық арасында жүргізілетін түсіндіру, насихат жұмыстарына байланыс-ты болатыны белгілі. Осы бағытта қандай шаруалар атқарып жатырсыздар?
– Соттағы ақпараттық технологиялардың артықшылықтарын халыққа кеңінен жеткізу және таныстыру мақсатында облыс аумағындағы қалалардың, жергілікті аудандардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Сот кабинеті» ақпараттық бұрыштары ашылып, ол жөнінде жергілікті бұқаралық-ақпарат құралдары арқылы кеңінен түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, ІТ-жаңалықтар жөніндегі барлық ақпарат интернет ресурстарда, әлеуметтік желілерде, жергілікті газет-журналдарда ұдайы жарияланып тұрады.
Ақмола облысы бойынша соттар әкімшісімен 2017 жылдың маусым айында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен бірлесіп жергілікті соттарда орналасқан «Сот кабинеті» ақпараттық бұрыштамаларында оны қолданудың оңтайлылығын насихаттау бағытындағы іс-шаралар өткізілді.
– Сот жұмысының ашықтығын орнықтыру сотқа деген халықтың сенімін арттыруға ықпал ететін жетекші фактор болып табылатынын жоққа шығара алмаймыз. Осы бағытта қандай істер атқардыңыздар?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-шы қадамында барлық сот процестерін бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу тапсырылған болатын. Істердің дыбыс бейне жазба құрылғысымен қаралуы Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде Елбасы міндеттеген тапсырмалардың бірі болғандықтан азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің дыбыс бейне жазба құрылғысымен 100 пайыз қаралуына баса назар аударылып отыр.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Ақмола облысының аумағындағы барлық соттардың сот отырысы залдары осы құрылғылармен қамтамасыз етіліп, жабдықталды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 83 сот отырыс залдары бар, олардың барлығы 100 пайыз дыбыс бейне жазу жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде сот саласындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік ашып, сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді.
Келесі маңызды электронды қызметтердің бірі сот процестерін бейне конфренц-байланыс арқылы жүргізу болып отыр. Бейне конфренц-байланыс сотқа қатысушы тараптардың процестің өзіне келмей-ақ, қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етеді. Жоғарғы Сот жанындағы департамент биылғы жылы облысымыздың қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты 7 мекемесінде бейне конфренц-байланыс жүйесін орнатты. Атап айтқанда: Көкшетау қаласындағы мекемеде – 2, Степногорск қаласында – 2, Атбасар қаласында – 1, Зеренді ауданы Гранитный ауылында – 1, Державинск қаласы Степной ауылында – 1.
Жалпы, облыс бойынша бейне конфренц-байланыс жүйесі арқылы 651 сот отырысы өткізілді. Оның ішінде жергілікті республикалық соттармен 60 бейне байланыс жүргізілсе, қылмыстық-атқару департаментінің мекемелерімен 591 бейне байланыс өткізіліп, нәтижесінде мемлекеттің қомақты қаржысын үнемдеуге мүмкіндік жасалды.
– Электронды сотты қалыптастыру бағытында тағы да қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментімен 2014 жылдың 22 қыркүйегінде облыс соттарында Гибридті электронды пошта (ГЭП) жобасы енгізілген болатын. ГЭП арқылы 2017 жылдың 10 айына 5886 электронды хабарламалар жіберілді. Гибридті жөнелтілімдерді қолдану жергілікті соттарды қарапайым поштаны қолданудағы бейнеті көп шаруалардан босатып, оның жеделдігін де арттырады.
Келесі жаңашылдық, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларды сақтандыру компанияларына электрондық түрде беруге негізделген жоба. Аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысы бойынша Соттар әкімшісімен бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, құрылымдық бөлімшелер басшыларының және Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен сақтандыру компаниялар өкілдерінің, Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы, жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің қатысуларымен дөңгелек үстел өткізіліп, жоба жан-жақты талқыланды. Бұдан басқа, осы жоба жайлы халыққа түсіндіру мақсатында Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының ғимаратында көрнекі ақпараттар мен хабарландырулар сотқа келушілердің назарына ұсынылып отыр. Аудандық соттармен де аталмыш жобаны түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Аталған бағытта семинарлар мен жергілікті БАҚ-тарда мақалалар жарияланып, Ақмола облыстық сотының интернет-ресурсында ақпараттар қазақ және орыс тілдерінде беріліп тұрады.
Жалпы алғанда, сот жүйесінде жаңа ақпараттық технологияларды енгізу бағытында белсенді және ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Оның нәтижесі қазір анық көрініп отыр. Бұл сот жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қызметті қолжетімді ете түсті және жұмыс жеделдігі де айтарлықтай жақсарды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *