Дарын

«Әр суреткер өз жадынан сөйлейді» дейтұғын сұңғыла сыншы Әшірбек Сығай. Менің дүниетанымымда Мұратбек Үкібайұлы үлкен ұйымдастырушы, сұлу да сезімтал суреткер, бипаз өнерпаз. Тұлғасының өзі тауға ұқсас. Дауысы күннің күркіріндей. Қазақтың қағидалы тұлға деген ұғымы осы кісіге толайым жарасып тұрғандай. Сол Мұратбек Үкібайұлы биыл асқаралы алпыс жасқа толды.

Көкше жұртына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті режиссер Жақып Омаровпен бірге тақыр жерден театр тұрғызып, өнердің алғашқы отын тұтандыруы сөзімізге бірден-бір дәлел. Руханияттың алтын күмбезі, алып Алатау етегінде орналасқан Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және кино институтының 1996 жылғы түлектерін ертіп, көрікті Көкше еліне әкеліп театр шымылдығын түруінің өзі үлкен қайраткерлік екендігіне ешбір дауымыз жоқ. Дені жан-жақтан жиналған жас әртістердің бәрі өнерден өз орындарын табуы осы Мұратбек Үкібайұлының жанашырлығының жылуы.

Кейіпкеріміз 1957 жылы 17-інші қарашада Еңбекшілдер ауданының Мамай ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Алматы театралды-көркемөнер институтын «Театр және кино актері» мамандығы бо-
йынша бітіріп шыққан. Сол жылы арнайы жолдамамен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актер болып жұмысқа шақырылады. 1980 жылы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Кебектің рөлінде ойнап «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты атанды. Осы театрда Назым Хикметтің «Фархад-Шырынында» – Фархадты, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қодарды, Флучектің «Бір құты мұнайында» – Жеңісті, тағы басқа рөлдерді ойнады. Тек театрда актер болып қана қоймай, 1980-1994 жылдар арасында дубляж саласына да үлес қосты. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 300-ге жуық кинофильмі мен 70 шақты мультфильм-
дерге қазақ тілінде дубляж жасады. 38 кинофильмде диктордың мәтінін оқыды. Қазақ радиосының Алтын қорына 57 бағдарлама жазып, «Ән шашу», «Замана дауысы» бағдарламаларының жүргізушісі болды. 1994 жылдан Қ.Қуанышбаев атындағы облыстық музыкалық-драма театрының директоры қызметін атқарды. 1996 жылдан Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұйымдастырушысы, негізін қалаушысы әрі директоры сонымен қатар, көркемдік жетекшісі ретінде табысты еңбек етті. Еселі еңбегіне орай, 2001 жылы «Қазақстанның мәдениет қайраткері», 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгілерімен марапатталды.
Бұл кейіпкеріміздің Алматы мен Астананың рухани әлеміндегі ізі. Ал, Көкше жұртына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті режиссер Жақып Омаровпен бірге тақыр жерден театр тұрғызып, өнердің алғашқы отын тұтандыруы сөзімізге бірден-бір дәлел. Руханияттың алтын күмбезі, алып Алатау етегінде орналасқан Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және кино институтының 1996 жылғы түлектерін ертіп көрікті Көкше еліне әкеліп
театр шымылдығын түруінің өзі үлкен қайраткерлік екендігіне ешбір дауымыз жоқ. Дені жан-жақтан жиналған жас әртістердің бәрі өнерден өз орындарын табуы осы Мұратбек Үкібайұлының жанашырлығының жылуы. Ш.Құсайынов атындағы театрдың негізін қалау үшін келген өрімдей жастар Құмарбек Қалқатай, Қайрат Мырзаболатов, Жанар Құсайынова, Төлеубек Көңбай, Жарас Қалдаров, Зафура Арзымбетова, Ербай Дүнгененов, Айна Жүнісова, Бағлан Иманғазинов, Елтай Мұстанов, Гүлмира Жакилина, Сафуан Шаймерденов сияқты талапты да талантты актерлердің бәрі бүгінгі күні елге танымал, халыққа беделді, театрға еңбегі сіңген Қазақстанның мәдениет қайраткерлері. Алғаш келген топтың кейбіреуі Алматы, Астана өңірлеріне қоныс аударғанымен, ешқайсысының өткен күнге өкпесі жоқ. Қайсысынан сұрасаң да театрға құрметі зор, өнерге махаббаты берік, Мұратбек Үкібайұлына деген сыйластығы зор.
Өнерде кедергі көп. Әсіресе, облыстық театрлардың қазіргі күйін күйініп айтпасқа шараң жоқ. Кілең кедергі, кілең қолбайлау болған келеңсіздіктер. Кәсіби режиссерлердің облыстарға сирек келуі салдарынан Мұратбек Үкібайұлы режиссерлік бағытта өзін сынап көрді. 1996 жылы Ш.Құсайыновтың «Шығыс хикаялары» мен «Алдар көсе» комедия-
сын, 1997 жылы М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» драмасын, 1998 жылы Б.Әлімжановтың «Құдалық», «Қожанасыр» және Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиясын, 2000 жылы Т.Қажыбайдың «Жындар биі» драмасын, 2001 жылы У.Шекспирдің «Король Лир» трагедия-
сын, Ж.Ерғалиевтің «Бұлтты түнгі толған ай» сондай-ақ, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясын, Ж.Мусиннің «Балқадишасын», 2007 жылы Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» комедиясын, С.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» трагедиясын, Ж.Ерғалиевтің «Тойғандар мен тозғандар» пьесасын, 2008 жылы С.Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиясын, 2009 жылы С.Асылбекұлының «Күзгі романсын», Ж.Ерғалиевтің «Қилы жолын», 2017 жылы «Тор» драмасын және С.Қасымбектің «Бала кімдікі?!.» комедиясын сахналады. Бұл тізім толық емес, әрине. Дегенмен, осы көп дүние Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының репертуар саясатын ұстап тұрған қойылымдар.
Аталмыш қойылымдар тек театр қабырғасында қалып қоймай, театр фестивальдерінде де бақ сынады. 2003 жылы Қарағанды қаласында өткен Қ.Қуанышбаевтың 110 жылдығына арналған театр байқауына Т.Қажыбаевтың «Жындар биі» драмасымен, 2004 жылы Сәкен сері Жүнісовтің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақтық театрлар фестивалінде «Абылай» тарихи драмасымен, 2007 жылы Ш.Құсайыновтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған театр-
лар байқауында У.Шекспирдің «Король Лир» трагедиясымен қатынасып, «Ең үздік режиссерлік шешім» деген марапатқа ие болған.
Сондай-ақ, Мұратбек Үкібайұлының режиссер-баталист ретінде өзінің театрландырылған көріністері арқылы жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеп, қазақ халқының тарихындағы жарқын кезеңдерін насихаттауға қосқан үлесі де ауыз толтырып айтарлықтай.
Алпыстың асқарына аяқ басып отырған Мұратбек Оспанов тек театр саласымен шектеліп, өңірлік киноиндустрияға да елеулі үлес қосып келді. Биылғы жылдың жоспарында театр ішінен киностудия ашпақ ниетіміз бар. Әрине, жоба жетекшісі, тікелей себепкер – Мұратбек Оспанов. Бұл ұсынысқа өңіріміздің мәдениет басқармасы қолдау танытатындығы көңілге қуаныш ұялатады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөкейханқызының продюсерлігімен, Құдайберлі Мырзабеков сценарийін жазып, Мұратбек Оспанов режиссері болып 6 сериялы «Ғасырлар аманаты» атты қысқаметражды фильм түсіргені көбімізге беймәлім. Мұнда Алаштың айбынды ханы «Абылайдың тағы» жөнінде, исі қазақтың көлеңкеде жатқан тарихын жарыққа шығарған Ілияс Есенберлиннің табандылығы мен ізденісін көрсетерлік, сері Ақанның серілігін айшықтар «Адалбақаны» турасында, М.Ғабдуллин мұражайындағы «Батырлық сауыттардың» көне сырлары мен «Бөгенбайдың дулығасы» хақында сауатты, кәсіби түсірілген еңбектері жинақталып отыр. Аталмыш еңбекпен шектеліп қалмай осы күзден бастап Назгүл Сұлтанова сценарийін жазған «Мен мұсылманмын» атты қысқаметражды фильм түсіріліп жатыр. Бұл да игі істің сәтті жалғасы болары анық. Киностудия ашу Мұратбек Оспановтың жеке басына емес, өңірлік өнерпаздардың танылуына, Алматы, Астана, Шымкент қалалары сияқты Көкшетау қаласында да кино кәсібінің қанат жаюы мақсатында жасалып отырған қажетті бастама.
Оспанов Мұратбек Үкібайұлы қарым-қабілеті, күш-жігері қайраткерлігіне сай келетін қағылез суреткер өмірде де, өнерде де халқына адал, кәсібіне мығым, жүрісінен жаңылмас жүйріктей алған бетінен танбас нағыз талант иесі.
Бір байқағанымыз, Мұратбек Оспанов өте қайсар адам. Қабырғасы сөгіліп, қайғысы көкірегін қарсы айырып жүрсе де, еңсесін ұдайы тік, өзін әркез ширақ ұстайды. Қайғы мен қуаныш қатар жүретін сынақ өмірде Мұратбек Оспановтың сағы сынбаса екен дейміз. Асқаралы алпыс жасқа жету жолындағы абыройлы еңбегі ел есінен өшпек емес.

Нұрислам ӘБДІЛ,
Ш.Құсайынов атындағы қазақ
музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар