Дехкан бободан бата алып

Наурыз Шығыс халықтарының бәріне ортақ мейрам. Күн мен түннің теңеліп, ызғарлы қыс кетіп, шуақты көктем күшіне енер берекелі сәтте аталып өтетін бұл мейрам шын мәнінде жалпыхалықтық үлкен қуаныш. Наурызды өзбектер де басқа да Шығыс халықтары сияқты ежелден атап өтіп келген. Бірақ, кеңес заманында тиым салудың нәтижесінде бұл халықтық мейрам тойланбайтын болды.

 

Дегенмен, ежелден санаға сіңген халықтық мерекеден адамдар қол үзіп кете қоймады. Шалғай қышлақтарда қарапайым жұрт Наурызды өздерінше тойлап келді. 1990-шы жылдардың басында Наурыз мейрамы Өзбекстанда ресми тойлана бастады. Сөйтіп, ол халықтық мейрамға айналып, бүгінде өзбек халқы Ұлыс күнін дәстүрлі атап өтеді. Наурыз мейрамы негізінен осы айдың 21-22-інде аталып өтеді. Бұл күні бар жақсы киімдерін киген үлкен-кіші өздері тұратын елді мекеннің орталығына жиналады. Мейрамның ең басты рәмізі іспетті салтанаттың басты кейіпкерін сайлаудың маңызы зор.
Ол жас және көрікті қыз бала болуы керек. Бахор ханум деп аталатын мейрамның бас кейіпкері жаңа шыққан, жадыраған көктемнің бейнесін еске салатындай болуы тиіс. Содан кейін елге беделді қариялар арасынан Дехкан бобо сайланады. Негізінен жер шаруашылығымен айналысатын өзбектер үшін диқаншылық күнкөріс қамы ғана емес, үлкен өнер де. Бау-бақша өсіру, оны суарып, баптау, арам шөптен тазарту – бәрі де тынымсыз еңбекті талап етеді. Еңбекқор, өз ісін жақсы білетін диқан ғана жақсы өнім өсіре алады. Жыл басында еңбегімен ел құрметіне бөленген сондай ақсақалды қария ақ батасын берсе, жыл ырысты болады деп сене бер. Наурыз мейрамының тағы бір кейіпкері  Момоер, яғни, Жер-ана. Бәрі Жер-анадан өсіп, өнеді. Сондықтан, жерден несібесін тапқан өзбек халқы үшін жыл басында Жер-анаға құрмет көрсету жақсы ырымның бастауы болып саналады.
Өзбектердің асханасы әлемдегі ең дәмді тағамдардан құралған бай дастархандардың бірінен саналады. Жыл басы   Наурыз мейрамында өзбектердің дастарханынан дәстүрлі палаудан басқа, самса, тәтті нишалды сияқты тағамдар орын алады. Наурыз мейрамына арнап дайындалатын ерекше тағам  ол – сумаляк деп аталады. Бұл тағам отқа қойылған  үлкен қазанға қайнатылып ұннан түрлі тәттілер қосып дайындалады. Бидай өзбектер үшін асып-тасыған берекенің рәмізі іспетті.
Наурыз мейрамында әр үйдің есігі барлық қонақтарға ашық болады,  дастарханға түрлі дәмді тағамдар қойылады. Бұл күні  үлкен де, кіші де үй-үйді аралап, мерекелік дастарханнан дәм татады. Ал, орталық алаңда мейрамға арналған концерт қойылып, жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетеді.
Қазақстанда тұратын өзбектер де Наурыз мейрамын жыл сайын атап өтеді. Бұл күні біз бір-біріміздің үйімізге барып, Наурыз дастарханынан дәм татып, тілектерімізді айтамыз. Биыл да облыстық өзбек ұлттық мәдени орталығы Көкшетауда өтетін Наурыз мерекесіне жылдағыдай қатысып, ұлттық тағамдарын келушілерге ұсынатын болады және мерекелік концертте ұлттық өнерімізді көрсетеміз.

Тажибуви МЕДЕТОВА,
облыстық өзбек ұлттық мәдени
орталығының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар