Депутаттар бірауыздан қолдау білдірді

 Кеше бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз алтыншы  сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы Қалдыбек Байымбетов, облыс әкімінің міндетін атқарушы Сергей Кулагин қатысты.

  Облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, бірқатар департаменттер мен басқармалардың басшылары  және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан сессияны облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек ашып, жүргізіп отырды.
Сессияда Сергей Витальевич Кулагиннің Ақмола облысының әкімі болып тағайындалуына депутаттардың келісімін беруі
туралы мәселе қаралды. Осыған байланысты облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек жиналғандарды С.В.Кулагиннің өмірбаяны және еңбек жолымен таныстырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың депутаттарға жолдаған хатын оқып берді. Онда Елбасы Ақмола облысының әкімі лауазымына облыстың қазіргі әкімі Сергей Кулагиннің кандидатурасын қарастыру туралы айта келіп, осы мәселені облыстық мәслихаттың депутаттарының келісіміне ұсынамын деп атап көрсеткен.
Бұдан кейін күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша сөз Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері, облыстық  мәслихаттың депутаты Серік Аяғановқа берілді. Халық қалаулысы өз сөзінде:
–Біз сіздермен бірге  біздің елімізде өтіп жатқан үлкен саяси оқиғалардың  қатысушылары болып табыламыз. Кезектен тыс Президент сайлауы, Ұлт Көшбасшысының теңдессіз жеңісі, қазақстандықтардың Мемлекет басшысының саяси бағытын іс жүзінде бірауыздан қолдауы және ұлықтау рәсіміндегі бағдарламалық сөз біздің Президентіміздің тұрақтылық және өсіп-өркендеу кепілі болып келе жатқандығының айқын дәлелі.
Ұлт Көшбасшысының табысты қызметі көп жағдайда Елбасының қатарында Сергей Витальевич Кулагин да бар жақтастары мен әріптестерінің белсенді қолдауына да көп байланысты. Құрметті депутаттар, депутаттық корпустың атынан Президенттің Ақмола облысы әкімінің лауазымына С.В.Кулагинді қайта тағайындау туралы ұсынысын қолдауға рұқсат етіңіздер, – деп атап көрсетті.
Одан әрі депутаттар алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің міндетін атқарушы Сергей
Кулагин әуелі, өзін қолдағандары үшін облыстық мәслихаттың депутаттарына шынайы алғысын білдірді. Сонымен бірге, тұтастай елімізде, соның ішінде Ақмола облысында Президент сайлауының өте жоғары деңгейде өткеніне халық қалаулыларының зор үлес қосқандығын ерекше атап өтті.
– Сіздерге өткен сайлауда Елбасымызды бірауыздан қолдағандарыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Біздің алдымызда Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімінде сөйлеген бағдарламалық сөзінен туындайтын үлкен міндеттер тұр.  Мен әлі әкім болып тағайындалған жоқпын, тек сіздер келісімдеріңізді беріп отырсыздар. Мұны Президент шешеді. Егер осындай сенім білдірілсе, біз  өзіміз қолға алатын істер мен реформаларды бұдан кең жағдайда талқылайтын боламыз, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Осымен күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті шешім қабылдаған облыстық мәслихаттың сессиясы өз жұмысын аяқтады.

«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар