Деректер қоры жұмыс тиімділігін арттыру үшін қажет

Өткен жылы еліміздің үкіметтік емес ұйымдарына қатысты  бірқатар жаңашылдықтар  енгізілген еді. Олар гранттар мен сыйақылар түріндегі жаңа қаржыландыру көздері, мәліметтер базасына үкіметтік емес ұйымдарды енгізу, гранттық қаржыландыру операторын құру, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін уәкілетті органды айқындау, осы аталған өзгерістерді талдап отыру сияқты өзгерістер.  Төмендегі сұхбатта Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрайымы Әлия Ғалымовамен осы мәселелерге кеңінен тоқтала түседі.

– Әлия Қайратқызы, өзіңіз басқаратын комитеттің айналысып жатқан жұмыстары жайында не айтар едіңіз?
– Өткен жылы құрылған министрлігімізде қысқа уақыт ішінде көптеген шаруалардың басы қайырылып, ауқымды істер атқарылды. Ең алдымен, негізгі міндеттер мен жұмыс бағдарлары айқындалып, сол бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда:
– мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың одан арғы іскерлік қатынастарын дамыту, жаңа пікір алысу алаңдарын құрып, бұрын жұмыс істеп тұрғандарын дамыту;
– үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық, ұйымдастырушылық және қаржылық тұрақтылығын жақсарту;
– үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық кеңестердің жұмысындағы  шешім қабылдау мен талдау жасауға қатысу құзыретін одан әрі кеңейту;
– сонымен бірге, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды рәсімдеуді одан әрі жетілдіру.
Бұған мысал ретінде комитетіміз тарапынан VII Қазақстанның азаматтық форумын ұйымдастыруын, үйлестіру кеңесінің үкіметтік емес ұйымдар мәселесіне арналған мәжілісін өткізуін атап өтуге болады. VII Қазақстанның азаматтық форумының қорытындысына сай, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы байланысты одан әрі дамыту жайындағы ұсыныстар дайындалды. Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік орган өкілдерімен аталмыш ұсыныстарды талқылауының негізінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары бекіткен жұмыс жоспары жасалды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарды қаржылық жағынан қолдаудың негізгі жүйесі болып сақталып отыр. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2003-2016 жылдар аралығында үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік тапсырыс негізінде бөлінген қаржы көлемі 42392,1 миллион теңге болған. Оның  30814,8 миллионы жергілікті жерлердің еншісіне тисе, қалған  11577,3 миллион теңгесі орталықтың үлесінде.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландыру көлемінің жыл санап өсе түсіп отырғаны байқалуда. Қаржы министрлігінің мәліметіне сай, 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 20 пайызға артып,  8878,6 миллион теңгеге жеткен.
2003 жылдан бергі өткен уақытта қаржыландыру көлемінің артуымен бірге, мемлекеттік тапсырыстың салалық ауқымы да кеңейіп келе жатқаны көрінуде. Министрлік тарапынан бұл бағытта да белсенді жұмыс атқарылып жатыр.
Мәселен, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты 8 орталық орган жүзеге асырады: Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ақпарат және коммуникациялар, Ішкі істер, Энергетика, Ұлттық экономика министрліктері мен Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты жергілікті жерлерде 300 салалық атқарушы органдар жариялайтын болады.
Сондай-ақ, өткен жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарға бірінші рет гранттар беріле бастады. Бұл мемлекеттік тапсырысқа жатпайтын үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың жаңа көзі. Алғашқылардың қатарында мемлекеттік грант Азаматтық ынталандыруды қолдау орталығына берілді. Грант 208 миллион теңге көлеміндегі 11 жобаны қаржыландыруға бағытталды.
Өткен жылдың соңында грант бойынша қаржыландырылған жобалардың алғашқы нәтижелері де көрінді. Олардың қатарында медиаторлар картасын жасау, балалар құқығын қорғау бойынша ұлттық байланыс орталығын құру сияқты жобалар бар. Биылғы жылы грант бойынша қаржыландыру көлемі 612 миллион теңгені құрап, 10 әлеуметтік сала мен  47 тақырыпты қамтиды.
2016 жылғы тағы бір жаңалық, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық кеңестерге қатысу тетіктерін кеңейту бағытындағы шаралар. Бүгінгі күні еліміздің аумағында 227 қоғамдық кеңес жұмыс істейді және  4 мыңнан астам адамды қамтиды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің  75 пайыздан астамы қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Қоғамдық кеңестер қарайтын мәселелер ауқымы да кең. Мәселен, өткен жылы қоғамдық кеңестер 5700 нормативтік-құқықтық актілерді қарап, 450 қоғамдық тыңдау өткізді және 1000-нан астам мемлекеттік мекеме басшыларының есептерін тыңдады.
Мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы пікір алысуды одан әрі дамыту мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың типтік ережесін жетілдіруге арналған ұсыныстар жинақталуда. Сонымен бірге, биылғы жылы біркелкі пікір алысу алаңын құру мақсатында бірінші республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– Комитеттің бұл бағытта одан әрі жүргізетін жұмыстары қандай болмақ?
– Елбасының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы күреске азаматтық қауымдастықтарды белсенді қатыстыру жайы айтылған еді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев азаматтық қоғам бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап, алдағы жұмыс бағдары туралы айтты. Биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін грант қаржысының мөлшері айтарлықтай артып отыр. Қазіргі күні грантқа тапсырыс беру жұмыстары аяқталды. Биылғы жылы 47 тақырып бойынша 400 тапсырыс қаралуда. Сонымен бірге, тұңғыш рет жергілікті жерлердегі тұрғындардың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына баға берілу көзделген. Халықтың мұқтаждықтары кешенді түрде зерделеніп, талданғаннан кейін тұрғындардың қажеттіліктерін құрайтын карта дайындалмақ.
Ағымдағы жылы гранттарды қаржыландыру тетігін оңтайландыру мақсатында ҮЕҰ үшін гранттарды ұсыну ережелерін әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алдағы жылдары гранттардың көлемі мен тақырыптарын қалыптастыруға орталық мемлекеттік органдарды да тарту жоспарлануда.
Қосымша ынталандыру, қызығушылықтарын ояту, үкіметтік емес сектордың тұрақтылығын арттыру мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінде ҮЕҰ үшін сыйақы алу үшін конкурс жарияланады. Биылғы жылы ҮЕҰ-ға сыйақы беруге 68 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Біз қазір ҮЕҰ-мен және бизнес-құрылымдармен өзара іс-қимылды дамыту бағытында  белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет қашанда мықты, тұрақты, бәсекеге қабілетті ҮЕҰ-ға, олардың ұйымдастырушылық, құқықтық және қаржылық тұрақты дамуына қызығушылық танытады, басқа қырынан алып қарағанда, бизнес өзінің әлеуметтік рөлін үкіметтік емес сектормен серіктестік арқылы аша алады. Осыған байланысты, біздің министрлік әлеуметтік кәсіпкерліктің міндеттерін шешу мен өзекті мәселелерін талқылау мақсатында арнайы диалогтық алаңдар өткізуге бастама көтеруде.
Бизнес пен ҮЕҰ-ның өзара іс-қимылын дамытуға келетін болсақ, бұл салада нәтижелер жетерлік. Бизнес өкілдері, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ қатысқан І корпоративтік қайырымдылық форумы осының бір айқын дәлелі, форум аясында облыста бірлескен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған серіктестік туралы қол қойылған меморандумдар бизнес өкілдері мен ҮЕҰ-ның қарым-қатынасын жандандыра түсуге ашылған жол деп есептеймін. Бұл мемлекетпен, бизнес-қауымдастықтарымен және ҮЕҰ-мен нығайтылған,  ынтымақтасқан серіктестік арқылы біз үлкен оң нәтижелерге қол жеткізетіндігімізге сенімдімін.
Және тағы бір маңызды бағыт – атқарушы орган ретіндегі өткен жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Еріктілер қызметі туралы» Заңының аясындағы  біздің министрліктің қызметіне қатысты. Бекітілген регламенттер шеңберінде біздің комитет орталық мемлекеттік органдардың еріктілер қызметін есепке алу тізілімін жүргізу, еріктілердің бағдарламаларын, жобаларын және акцияларын жүзеге асыру мониторингі бойынша, сонымен бірге еріктілер қызметіне толығымен мониторинг жасайтын жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарын үйлестіруді жүзеге асырады.
Ағымдағы жылы еріктілердің бағдарламалары, жобалары мен акциялары шеңберінде еріктілер қызметінің субъектілерімен жұмыстарды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, толығымен отандық еріктілер қызметін дамыту әлеуетін зерттеу мақсатында Қазақстандағы еріктіліктің жағдайына талдау жасау арқылы кең көлемді зерттеу жоспарланған. Сондай-ақ, заң жобалау қызметі аясында 2017 жылға арналған «Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы әзірленді.
Заң жобасы аясындағы өзгертулер мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырудың ашықтығы мен мөлдірлігіне, тиімділігін арттыруға, сонымен қатар, ҮЕҰ директор қорына мәліметтер ұсынатын ұйымдардың тізімін оңтайландыруға бағытталған. Заңның жобасы шеңберінде «мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру», «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау» сияқты жаңа түсініктер енгізу ұсынылып жатыр.
Заң жобасына ҮЕҰ қызметінің стандарттарын, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалау мен мониторинг жасау, оны жүзеге асыру мен қалыптастыруды реттеуге сәйкес келетін заңнамалық актілердің жобасы әзірленген.
– Сіз жаңа ғана үкіметтік емес ұйымдардың деректер қоры туралы айтып өттіңіз. Осы орайда, ҮЕҰ деректер қорына өздерінің қызметі туралы мәліметтерді дайындаған кезде қандай құжаттар мен регламенттерді басшылыққа алатындығы туралы айтып берсеңіз.
– Мұндағы ең басты және негізгі құжат – Қазақстан Республикасының  «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңы. Осы нормаға сәйкес коммерциялық емес ұйымдар мекеме, қоғамдық бірлестік, қор, заңды тұлғалар бірлестігі, акционерлік қоғамы түрінде құрылған, сонымен бірге Заңның 17-бабында көрсетілмеген басқа да ұйымдастырушылық-құқықтық түрдегі Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырып жатқан шетелдік және халықаралық ҮЕҰ-ның өкілдіктері мен филиалдары жыл сайын наурыздың 31-іне дейін өздерінің қызметтері туралы мәліметтерді Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне тапсырулары тиіс.
Екінші құжат – 2016 жылғы 19 ақпандағы №51 бұйрықпен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдардың өздерінің қызметі туралы мәліметтерді ұсыну және олар туралы деректер қорын қалыптастыру ережесі. Бұл ережеде мәліметтерді қалыптастырудың толық тәртібі мен толтыруға арналған есеп берудің формасы баяндалған.
Үшіншіден – үкіметтік емес ұйымдардың өздерінің қызметі туралы мәліметтерді ұсынудың тәртібі мен олар жөнінде деректер қорын қалыптастыру және ҮЕҰ деректер қоры бойынша жадынамалар бар әдістемелік  ұсыныстарға мән берулері тиіс.
ҮЕҰ деректер қорын қалыптастыруды реттейтін барлық нормативтік-құқықтық деректер, сонымен бірге көмекші құжаттар Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің сайтында «Үкіметтік емес ұйымдардың деректер қоры» аты арнайы айдар шеңберінде (http://www.din.gov.kz/rus/baza_npo) орналасқан.
ҮЕҰ-ның мемлекет – салық, статистика, заң қызметтері саласындағы арнайы атқарушы органдардың алдындағы есептілігі «Коммерциялық ұйымдар туралы» Заңның аясында міне 16 жылдан бері жүзеге асып келе жатқандығын атап өткім келіп отыр.
ҮЕҰ есептілігі туралы норма бүгінгі күннің талабы болып табылады, өйткені, мемлекеттің анық даму векторы, бірыңғай мақсаты мен міндеттері болуы үшін оның барлық саласының есептері мен тәртібі болғаны қажет.
2015 жылғы 2 желтоқсандағы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» салалық заңға түзетулер аясында есептілік форматы анықталып, коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнаманы бұзушылықтың  жауапкершілігі қарастырылды.
Үкіметтік емес ұйымдардың деректер қоры дегеніміз толықтай айтқанда, Қазақстан Республикасындағы ҮЕҰ-ның жобалық қызметі туралы ақпараттарды орналастыруға бағытталған мамандандырылған салалық ақпараттық ресурс болып табылады.
– Деректер қорын электронды форматқа ауыстыру бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Және де infonpo.kz  сайтына тіркелген ҮЕҰ-ның  қазіргі таңда қандай  артықшылықтары бар?
– 2017 жылдың 1 наурызынан бастап ҮЕҰ деректер қорының Интернет-порталы http://infonpo.kz/  іске қосылды.
Енді ҮЕҰ электронды портал арқылы өздері туралы мәліметтерді еркін енгізіп, өздігімен толтыра алады, сонымен бірге жаңартып отыруға да мүмкіндіктері бар. Сайтта авторизация жасау үшін ЭЦҚ қажет, оны кез келген халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады.
Сонымен қатар, сайтта infonpo.kz Интернет-порталын қолданушының басшылығы орналасқан және ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді жүктеу және тіркелу амалдарын үйрететін бейнероликтер бар. Меніңше онда ақпараттар анық және түсінікті орналастырылған, ұйымдар тарапынан сайтпен жұмыс істеу бойынша қиыншылық туындамайды деп ойлаймын.
Қазіргі таңда министрлік пен жергілікті атқарушы органдар ақпараттық-ресурстық орталықтардың қатысуымен ҮЕҰ дерекқорын қалыптастыру туралы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 489-1 бабында қарастырылған заңнамалық нормаларды сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп жатыр.
ҮЕҰ-ға дерекқорды қалыптастырудың маңызды екендігін тағы да бір айтқым келіп отыр. Кез келген тетіктің тиімділігі тәжірибе арқылы анықталады. Сондықтан, ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау жүйесін әрі қарай жетілдіру үшін деректер қоры түріндегі жаңа тетікті тексеруді бірлесіп жүзеге асырған жөн.
Ал, енді негізгі басымдықтың біріне келетін болсақ, ҮЕҰ деректер қорына тіркелген ұйым мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстарға қатысатын болса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қосымша ұпайға ие болады. Сонымен қатар, infonpo.kz сайтына тіркелу де ҮЕҰ-ға грант ұтып алуға болатын конкурстарға қатысуға мүмкіндік береді, ҮЕҰ-ның деректер қорында тіркелмеген ҮЕҰ мемлекеттен бөлінетін гранттарды ұтып ала алмайды.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар