Дін өкілдерін қабылдады

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин орыс Православие шіркеуінің  «Қатыгез жүректерді жұмсартатын» қасиетті иконын Көкшетауға алып келген  Қазақстан Православие шіркеуінің Митрополиті Александр Могилевпен кездесті. 

Ақмола облысы Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархының жебеуімен пасха кезінде қасиетті икон әкелінген еліміздегі сегізінші аймақ. Кездесу кезінде облыс басшысы Митрополитке еліміздегі тыныштық пен бірлікті сақтауға қосып келе жатқан үлесі үшін алғысын білдірді. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған дана саясатының арқасында елімізде бірлік пен татулық, толеранттылық пен дінаралық түсіністік  қалыптасып отыр», – деп атап көрсетті облыс әкімі өз сөзінде. Сондай-ақ, Көкшетауда кафедралдық собор құрылысының жүргізіліп жатқандығына да тоқталды.
Өз кезегінде Митрополит Александр Могилев облыс басшысына жылы қабылдауы үшін алғысын айтып, ел игілігі жолындағы жаңа қызметінде табыс тіледі. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-ші сессиясында Мемлекет басшысы еліміздің рухани қуаты болып табылатын қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде айтқан еді. Оны жүзеге асыруға біз де атсалысатын боламыз. Кеше храмда қасиетті иконды көруге келгендерге арнап құлшылық өткіздім», – деді Митрополит.
Көкшетауға жұмыс сапары барысында Митрополит жаңадан салынып жатқан храм мен Науан хазірет атындағы  мешітте болды.
Осы күні облыс әкімі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшысының орынбасары, найб мүфти Серікбай қажы Оразбен де кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы аймақтағы діни ахуал жайында айтып берді. «Елбасымыздың дінаралық және ұлтаралық татулыққа баса көңіл бөлуінің арқасында елімізде, соның ішінде біздің аймақта да береке-бірлік пен тыныштық сақталуда», – деп атап өтті облыс әкімі.
Өз кезегінде найб мүфти аймақ басшысына облыстың жаңа өкіл имамы Қуаныш Жұмабайұлын таныстырды. Бұрынғы имам Қанат Қыдырмин Астананың Хазірет Сұлтан мешітіне найб имам болып қызметке ауысты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар