Еңбекпен қамтудың тиімді бағдары

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен өткен облыстық мәслихат депутаттары «Нұр Отан» партиясы фракциясының кезекті отырысында сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметті оңтайландыру, «2017-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру жайындағы мәселелер талқыланды.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Владимир Фелбелттің айтуынша, аудандық және қалалық сәулет бөлімдері тарапынан берілетін жылжымайтын мүліктің орналасқан орнын айқындау жөніндегі анықтамаларға деген сұраныс көп. Жыл басынан бері құзырлы органдар жұртшылықтың сұрауымен осындай 21 мыңнан астам анықтама берген. Электронды нұсқада қызмет көрсетуге жете көңіл бөлінеді. Бұл бір жағынан қызмет көрсету мерзімін қысқартып, оны қолжетімді ете түссе, екінші жағынан жемқорлық факторларды азайтады.
Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллина «2017-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Биылғы жылдың
1 қарашасына дейін осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 3556,5 миллион теңге қаржы игерілген. Бұл – жыл көлемінде қарастырылған қаржының 74,7 пайызы. Жұмыссыз жүрген азаматтарға техникалық және кәсіптік білім беру, қысқа мерзімді курстарда оқыту бағдары бойынша 740,5 миллион теңге қарастырылып, бүгінгі күнге дейін 347,3 миллион теңге игерілген. Басқарма басшысының орынбасары жыл соңына дейін бөлінген қаржы толық көлемінде игеріледі дегенді айтты. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті жерлерде мобильдік 293 жұмыс топтары құрылып, жұмыс істеуде. Осы бағдар шеңберінде биылғы жылдың қыркүйегінен бастап облысымыздағы 18 кәсіптік білім беретін оқу орындарында 1190 жас 39 мамандық бойынша білім алуда.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бо-йынша тегін кәсіптік білім беру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Бүгінгі күні облысымыздың аумағында 94 орта буынды мамандық бойынша кәсіби білім беретін 38 колледж бар. Олардың 8-і жекеменшік болса, қалғандары мемлекет иелігіндегі білім мекемелері. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы қабылданатын 29 жасқа дейінгі азаматтарға арналған 1-6 айлық қысқа мерзімді курстарда бір жылда 5040 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі күні осындай курстарда 4444 жас оқып, білім алуда.
Тыңдалған баяндамаларға орай депутаттар мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, түрлі ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *