Еңбегімен елге сыйлы

Ауданымыздың елге елеулі, халыққа қалаулы азаматы Қабылда Құдабаев мерейлі 70 жасқа толып отыр. Жетпіс жас. Жемісті ғұмыр. Өмірін елінің дамуына, алға басуына арнайтын жандар баршылық. Сондай абзал ағалардың бірі Қабылда Жұмабекұлы Құдабаев. Ол бар саналы ғұмырын
мемлекетіміздің экономикасын дамытуға арнаған. Тіпті, қазірдің өзінде зейнет жасында болса да, еңбектен қол үзбей, жұмыс істеуде.

Қабекең 1946 жылдың күзінде Өрнек ауылында дүние есігін ашып, кіндік қаны тамған сол елдің мектебінде оқып, тәлім-тәрбие алды. Оқуды ойдағыдай бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынды. Әскери қызметін бір адамдай жақсы атқарып, старшина атағымен елге оралды. Білімге құштар азамат еліме пайдам тиіп, дамуына өз үлесімді қосайын деген ниетпен Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түседі. Институтта оқып жүрген кезінде қабілетті азамат екендігін көрсетіп, студенттік кеңестің мүшесі болып сайланады. Жоғары оқу орнын 1974 жылы жақсы бітіріп, еңбек жолын Өлеңті кеңшарында бас экономист қызметінен бастаған. Ол сан салалы кеңшардың шаруашылығына терең сараптама жасап, рентабельділігін арттырып, экономикасының алға басуына көп жағдай жасады. Қызметінде өз ортасына сыйлы, абыройлы бола білді.
Кез келген еңбек өзінің жемісімен бағаланады. Қабекеңнің кеңшар экономикасын көтеруге сіңірген еңбегі еленіп, Қорғалжын ауданының басшылары 1984 жылы оны аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының экономика саласының жұмысын реттейтін орынбасары етіп тағайындады. Шаруашылықта жинақтаған тәжірибесі сол кезде іске асып, аудандық мекеменің жұмысына бірден білек сыбана кірісті. 1991 жылдың басында облыстың бірінші басшысы Браунның келісімімен, осы ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызметті де бар ыждаһатымен атқаруға кірісті, табыстары да көп күттірген жоқ, аудан көрсеткіштері көтеріле бастады.
Кейін денсаулығы сыр берген соң Қабекең ауданның қаржы бөлімінің бастығы қызметіне ауысты. Қорғалжын ауданында 13 жыл абыроймен қызмет атқарған соң туған жері Ерейментауға қайтып оралды.
Әуел баста ауданда қаржы, экономика саласында қатардағы қызмет атқарып, кейін аудан басшылары оның білімділігін, іскерлігін жоғары бағалап, 2006 жылдан бастап экономика және жоспарлау бөлімінің бастығы қызметіне тағайындады. 2010 жылдың аяғында зейнетке шықты. Бірақ, қызметтен қол үзбей аудандық әкімдікте бүгінгі күнге дейін жұмысын істеп келеді. Экономика және қаржы бөлімінің мамандарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, ауданның негізгі көрсеткіштерінің өсуіне ықпал етуде. Ай сайын аудан көрсеткіштеріне мониторинг жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін арттыруға ұсыныстар енгізеді. Соңғы жылдары Ерейментау ауданы бірқатар көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Қабекеңнің бүгінде Аяжан, Саяжан, Әлижан есімді үш немересі өсіп келеді. Үлкені – Аяжан  атасының жолын қуып, Қарағанды  университетінің экономика факультетіне оқуға түсті. Ағамыздың  аяулы жары Күләш есепші-экономист, қазір зейнеткер, ұлы – Шынтас Қарағанды университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Қазір ол полиция майоры, келіні – Айгүл жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Аудан шаруашылығының дамуына өзінің үлесін қосып жүрген Қабылда Жұмабекұлын мерейлі тойымен құттықтай отырып, Күләш жеңгеміз екеуіне зор денсаулық, қажымас қайрат, бауыр еті балалары  мен туысқандарының амандығын  тілейміз!

Көшек СӘМЕНОВ.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар