Еңбегімен танылған мекеме

Адам баласы дүние есігін бірдей ашқанымен, өмірдегі жолдары әртүрлі болады, әсіресе, денсаулығы жағынан. Сондай адамды қоғамдық ортадан  шеттететін аурудың бірі – психоневрологиялық сырқат. Ондай мүгедектер еңбекке толық араласа алмайды, отбасын құрып, өмірдің қызығын көре алмайды.

Соны еске алып, үкімет оларға ерекше көңіл бөліп, барлық жағдайларын жасауға тырысуда. Биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған Астана қаласы әкімдігінің психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесі  Ақкөл ауданының табиғаты сұлу, қарағайлы орманның бауырында, Талқара өзенінің бойында орналасқан. Алғашқы уақытта бұл мекеменің елден тыс жерде орналасуы сол өңірдің халқына елеусіздеу болды. Дегенмен, жылдар өте қанатын кеңге жайып, үлкен еңбек ұжымына айналды. Қазіргі күні бұл мекеменің ашылуы екі үлкен мәселені шешіп отыр. Біріншісі, Астана қаласының  240  психикалық ауруға шалдыққан тұрғыны тыныш, ауасы таза өңірде  ем алып демалып жатыр. Мұндағы орын жеткіліксіз болып тұр. Қазір  кезекте тағы 113 ауру  адам бар. Соны еске алып, қалалық әкімдік осы мекеменің филиалын  ашпақшы. Екіншісі,  Ақкөл қаласы, Урюпинка, Амангелді, Талқара, Ерназар, Ақкөл орман шаруашылығы ауылдарының  173 тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етеді. Онымен қоса, мекеменің ашылған күнінен басқарып келе жатқан Ақжігіт  Ақбайұлы Мермұханов (суретте) Амангелді ауылын қамқорлыққа  алып отыр. Бұл ауылда қысты күндері жол мәселесі өте  қиын, ауыз су алатын орындары жиі істен шығып қалады. Ал, ауыл мектебі осы мекеменің бір буыны сияқты болып тұр. «Мектептің барлық шаруаларына  тегін көмек көрсетіп жүр» деп ризашылығын білдіреді мектеп директоры Нұрболат Серіков.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі тойы жылында айта кетейік, бұл мекемеде де халықтар достығының айқын көрінісі бар.Тоғыз ұлттың өкілдері тізе қосып, абыройлы еңбек етуде. Мұнда   170-тен астам адам 240 сырқатқа қызмет етеді. Мекеменің қызметі аясына тағдырдың жазуымен жүйке ауруына шалдыққан науқастарды емдеу, психологиялық және моральдық қолдау, медициналық әлеуметтік арнайы қызмет түрлерін қолданып, заңгерлік тұрғыдан көмек көрсету сияқты негізгі жұмыстар кіреді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қамқорлыққа алынғандарға осы заманға сай жайлы тұрмыс қамтамасыз етілген. Науқастар өз ісіне адал, қызметтік міндетін жақсы меңгерген білікті мамандардың тұрақты бақылауында. Жүрек жылуы  мен аялы алақандарының қызуын сауапты іске арнаған әріптестердің арқасында мекеме өз жұмысын мүлтіксіз атқарып келеді.  Медициналық-әлеуметтік ұжымда қамқорлыққа алынғандарды еңбекке баулу мәселесі ерекше назарда ұсталуда.  Өмір қызығынан шет қалмай, өзінің айналасындағылар үшін керектігін сезіну, адами құндылықтарды түйсіну науқастар үшін өте маңызды. Осы орайда, мекемедегі еңбек нұсқаушылары Қабдолла Мұздыбаев пен Сұлтанбек Серікбайдың бақылауымен жұмыс істейтін ағаш шеберханасының еңбек нұсқаушысы  Әлия Аққошқарованың жетекшілігімен еңбек көрігін қыздырған тігін цехы мен қолөнер үйірмелерінің орны ерекше. Арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету саласы әрқашан білімділік пен біліктіліктің заман сұранысына  сай болуын талап етеді. Мекеме басшысы Ақжігіт Ақбайұлы өзі де шет елдерге шығып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарларға қатысып жүреді. Дәл осы мақсатпен ол Германия және Франция елдерінде өткен семинар-симпозиумдарда  психиатрия саласындағы әлемдік үлгілермен танысып, тәжірибе жинақтап қайтыпты. Бұл ұжымда салауатты өмір салтына, соның ішінде спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Кейінгі жылдар ішінде осы саладағы қол жеткізген жетістіктері осының айғағы. Қамқорлықтағы жандар арасынан шыққан талапты спортшылар Руслан Ямалетдинов, Аркадий Боревич, Вячеслав Некрасов, Сәуле Сыздықова, Руслан  Боранбаев,  Антонина Рогова,  Альфия Левкачева, Қуандық Тоқсанов, Рустам Зарипов, Валерий Филенко  Европаның Польша, Греция, Нидерланды, Люксембург, Бельгия елдерінде, Азия құрылығындағы Оңтүстік Корея мемлекетінде өткен арнаулы Олимпиадалық ойындарда белесті биіктерден көрініп, тамаша нәтижелерге қол жеткізді.  Аталған елдерде өткен спорт сайыстарынан олар жүлдесіз оралған емес, халықаралық  жарыстардан  спортшылар  17 алтын, 9 күміс, 6 қола медальды  қанжығаларына байлап қайтты.
Мекеме аумағында да спортқа жаны жақын жандар үшін барлық жағдайлар жасалған: футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, коньки тебуге арналған корт, шаңғы жолы, тренажерлық зал осы мақсат үшін қызмет етеді. Қызметшілер арасында да салауатты өмір салты кең  дәріптеледі.
Жыл сайын қамқорға алынғандарды Астанаға экскурсиялық сапарларға шығарып, Елорданың көз тартар көрікті жерлерін аралату жақсы дәстүрге айналған. Сондай-ақ, Спешиал Олимпикс Қазақстан ұйымының ұйымдастыруымен де көңіл көтеру, ойын-сауық бағдарламалары өткізіледі.   
Мекеменің көркемөнерпаздары  да осы күні аймаққа танымал. Астана қаласы  мен Ақкөл ауданының мәдени өміріне белсене араласады. Мәдени ұйымдастырушы Рәсима Нұрованың жетекшілік етуімен қызметшілер Тәкей Гильманов, Динара Өмірбекова, Көкен Назарбек, Алтынгүл Шоханова, Нұрғиса Құрметбек, Әсемгүл Жүсіпова, Меруерт Нұрышева және ерлі-зайыпты Менсабиль мен Татьяна Абулхановтардан және мемлекет қамқорына алынғандар Асқар Мутиев, Рустам Зарипов, Руслан Боранбаев, Руслан Ямалетдинов, Оксана Боревич, Екатерина Неизвестная, Аманжол Закирин, Полина Фурадеева, Андрей Мамаков  және Федор Носыревтерден құралған өнер ұжымы жақын маңдағы ауыл-селолар – Урюпинка, Амангелді, Талқара, Наумовка, Ақкөл орман шаруашылығы елді мекендеріне концерттік бағдарламаларымен барып, тұрғындардың ризашылығына бөленіп жүр.
Қамқорлыққа алынғандарға қолайлы жағдай тудыруға  Астана қаласының  еріктілері Маржан Әміржанова, Меруерт Баймұханова, Дана Қаңтарбаева, Айгүл Омарова, Махаббат Манаевалар көп қолдау көрсетіп келеді. Олар тігін цехына әр алуан тігін бұйымдары мен жабдықтарын әкеліп, мүгедек жандарға ұялы телефондар мен планшеттер сыйлап, сауапты іске қомақты үлесін қосып жүр. «Шеврон» компаниясы сенсорлық бөлмеге қажетті құрылымдар мен құралдарды, «Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингі кәсіби фотоаппараттар, телевизорлар, экранымен бірге проектор мен бейне камераны сыйға тартса, «STONE HOUSE» ЖШС  шаштараз  бөлмесін құрылғылар және аспаптармен жабдықтауға көмек қолын созды. Осындай мейірімділік пен қайырымдылық үлгісін ұсынып жүрген адамдар мен компаниялар басшыларына қолайлы сәтті пайдаланып, мерзімдік баспасөз беттері арқылы зор алғысымызды білдіргіміз келеді, – дейді Ақжігіт Ақбайұлы.
Табанды еңбегі, сеніп тапсырылған  ісіне шынайы берілгендігі үшін мекеменің көптеген қызметшілері, атап айтқанда,  Марат  Қазыбеков, Гүлжиһан Әміренова,  Айнұр Гильманова, Раушан Асылбекова, Татьяна Абулханова, Гүлмира Ахметова, Ирина Маер, Клара Кенжеғұлова және басқалар жоғары  жақтың грамоталары,  Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ал, мекеме директоры Ақжігіт Ақбайұлы Мермұханов  және жетекші медбике Дина Қылышбаева  орденмен, экономист Любовь Шевчук, бөлме санитары Райхан Боранбаева  Астана қаласының  10 жылдық мерейтойлық медальдарымен  аталып өтті. Сондай-ақ, 2012-2013 жылдарда Қазақстан Республикасындағы  кәсіпорындарды саралау нәтижелері бойынша мекеме Алтын рейтингке қол жеткізді.
Көп шаруаның нәтижесі басшыға байланысты екенін білеміз. Бұл мекемені бірінші күнінен бастап білімді, тәжірибелі психиатр Ақжігіт Ақбайұлы Мермұханов басқарып келеді. Осы қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Әлеуметтік саланың үздік қызметкері белгісінің, бірнеше грамоталар мен Алғыс  хаттардың иегері. Осы еңбек ұжымын мерейтойларымен құттықтай отырып, ауыр да қажетті жұмыстарында табыс тілеймін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар