Еңбек озаттарына шынайы құрмет көрсетілді

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында көлік қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты шара болып өтті. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов құттықтау сөз сөйлеп, осы саланың озаттарын марапаттады.

Осы күні мәдениет сарайына көлік саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен меймандар көптеп жиналды. Сахна ерекше безендірілген. Мерекелік сазды әуен де жүректен кіріп, бойды алады. Салтанатты шараға қатысушыларға автокөлік, темір жол және авиация тақырыптарындағы бейнефильмдер көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде көлік кешенінің отандық экономиканың шешуші әрі стратегиялық саласы екенін атап өтті.
– Мемлекет Басшысы ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауында көлік секторы мен логистиканы Қазақстанның дамуының драйвері деп атады. Көлік қызметкерлері күні бұл жүргізушілердің, машинистердің, ұшқыштардың, автокөлік, темір жол мен авиациалық кәсіпорындардың жөндеушілері мен техниктерінің, инженерлері мен басшыларының мерекесі. Бір сөзбен айтқанда, ара қашықтықты азайтып, бізді туыс және жақын адамдармен кездестіреді. Сондай-ақ, елдерді жақындастырады. Қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан жағдайында сіздердің жұмыстарыңыз жауапты, өндірістік үрдістерді дамыту үшін жаңа әдістер мен резервтерді іздеуге ұмтылдырады. Көлік саласы мамандарының тамаша ұстаздары бар. Қазір залда біздің өңірдегі көлік саласының дамуына даңғыл жол салған, өмірінің ең жақсы жылдарын өз мамандығына арнаған еңбек ардагерлері отыр. Біз үлгі алатын, құрмет тұтатын ардагерлерге алғысымды білдіремін,– деген облыс әкімінің орынбасары көп жылдар бойы адал еңбек етіп, өз ісіне берілген «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің жүргізушісі Виктор Телицын, зейнеткер Құттыбек Балғабаев, «Степногорск автотранс» серіктестігінің Сергей Шарпило, «СейНұр» фирмасы» серіктестігінің бөлім инспекторы Сәуле Қалеханова мен басқа да бірқатар адамдарға «Еңбек ардагері» медалін табыс етті. Сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хатымен Көкшетау станциясының басшысы Еркіс Молдақовты, Ақмола магистраль жүйесі бөлімінің басшысы Мұратбек Өмірзақовты, жеке кәсіпкерлер Марат Смақов пен Владимир Савицкийді марапаттады. Бұдан соң «Қазақстан темір жолы– Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының «Ақмола бөлімшесі ЖТ» филиалының директоры Нұрым Жаниязов пен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Ақмола магистральдық жүйе бөлімшесі» филиалының директоры Артур Қизатов құттықтау сөз сөйлеп, өз салаларының еңбек озаттарын «Үздік байланысшы» медалімен, «Құрметті теміржолшы», «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төс белгілерімен, «Кәсібі бойынша үздік» атағымен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар