Ең тиімді ем

Ерте заманда бір уәли мансабын пайдаланып, дүние-мүлікті шектен тыс жинап, асып-тасып кетеді. Өмірін ішіп-жеу, тамағын тойғызуға арнайды. Жеген сайын семіріп, семірген сайын жей береді. Соңында семіздіктен орнынан тұра алмайтын халге жетеді. Рахат та салтанатты өмірі енді қиынға айналады.

Жаны қиналған  уәли сол замандағы ең білгір емшіні шақырады, одан дертіне дауа табуын өтінеді. Арықтау үшін не істеуі, қандай ем-шара қолдануы керектігін сұрайды. Емші салмақты кейіппен: «Сізге ешқандай диетаның қажеті жоқ, қалаған нәрсеңізді ішіп-жей беріңіз» дейді. Бұл сөзге таң қалған уәли себебін сұрайды. Сонда емші: «Мырзам, сіздің жазылуыңыз мүмкін емес, семіздік ағзаңызға көп зиян тигізген, шамамен бір айдай ғана өміріңіз қалды. Бір айдан кейін ажал құшатындықтан, қиналып диетаға отырудың не қажеті бар?» –  дейді.
Өлім хабарын алған уәли қатты абыржып, сары уайымға салынады. Жылдар бойы жасаған жамандықтары, зұлымдықтары, әділетсіздіктері есіне түсіп, қаһарына ұшыраған адамдарды жеке шақыртып, әрқайсысының ақыларын артығымен қайтарады, олармен бақұлдасады. Барлық адамдарды жақсы  көрмегеніне өкінеді. Өлім қорқынышы тәбетін жояды. Алдына әкелген дәмді тағамдарға қолын да тигізбестен қайтаратын болады. Тамақ жемегендіктен, күн сайын арықтай береді.  Айдың соңына қарай уәли болмай тұрған кезіндегідей арықтайды. Бір айдан астам уақыт өткеніне қарамастан, тірі жүргендіктен ол емшіні шақыртады.
–Бір ай өтті, мен әлі өлмедім, мұның мәні неде? – деп сұрайды. Емші: «Мырзам, сіз әуелгі шақыртқаныңызда қашан өлемін деп сұраған жоқсыз ғой. Семіздіктен құтылудың шарасын табуды сұрадыңыз. Мен сізге соны айттым. Байқағанымдай, мақсатымыз орындалыпты. Мұның емі осы еді» – дейді. Емшінің бұл айласы уәлиге сабақ болады. Бұдан былай ол дүние қызығына берілуден, харамнан, зұлымдықтан бойын аулақ ұстайды.

Дайындаған Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар