Егін орағы, жылу беру маусымы – сындарлы шақ

 Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде егін орағына, жылу беру маусымына дайындық мәселелері кеңінен талқыланды.

  Кейбір өзекті сауалдарды шешу үшін тиімді жолдардың қай тұста екендігін қолмен қойғандай нақтыланып, көрсетіліп берілді. Алдымен астықты өңір үшін ала жаздайғы қыруар еңбектің нәтижесі, ел үміт артып отырған егін орағына дайындық мәселесі жан-жақты талқыланды. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде биылғы егіннің көлемі,  шығымы және жерде өскен дәнді жерде қалдырмай, дәл уақытында орып, қамбаға құйып алу үшін қандай дайындық жасалып жатқанына егжей-тегжейлі тоқталды. Егін орағына қатыстырылатын барлық техниканы, әсіресе астық жинайтын комбайндарды сақадай сай етіп дайындап қою қажет. Сондай-ақ, кең ауқымды, өнімді жұмыс істейтін шетелдік астық комбайндарымен шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңарту кезек күттірмейтін іс. Таяу арада алынатын жүзден астам астық комбайндары биылғы егін орағына тікелей қатысуға тиісті.  
Егін орағына қажетті жанар-жағармайды әрбір ауданға белгіленген кесте бойынша толық ауқымда жеткізу де кезек күттірмейтін мәселе. Жиналған астықты элеваторлар мен кәсіпорындарда қабылдап, ауа райының құбылмалы мінезіне байланысты кептіру де осы бас-тан ойластырылуы керек. Қолда бар астық кептіретін құрылғылар түгел әзір болуға тиісті. Шешен өз сөзінде биылғы жылғы алтын орақ жорығына қатысатын диқан-механизаторлар мен облыстағы барша техниканы жік-жігімен таратып, айтып берді. Баяндамашының қалыпты дерегіне қарағанда әзірге алаңдайтын мәселе жоқ сыңайлы. Әйтсе де, облыс әкімі жауапты науқанға барынша мұқият дайындалу керектігін екпін түсіре айтып, қатаң талаптар қойды.
Егін орағымен шендес екінші бір өзекті мәселе жаңа 2015-2016 жылғы жылу беру маусымына дайындық. Жылу беру маусымына дайындық туралы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Александр Мартыненко баяндап берді. Жауапты кезеңге дайындық күні бұрын бекітілген жоспарға сәйкес атқарылып келеді. Күні бүгінге дейін облыстағы 684 қазандықтың 614-і, яғни 90 па-йызы жөндеуден өткізілген. Оның ішінде білім саласы – 92 пайыз, денсаулық сақтау саласы – 74 пайыз дайын. Ал, тұрғын үйлердің дайындығы 69 пайызды құрап отыр. Әуел баста 55,8 шақырым жылу құбырын жөндеу межеленсе, күні бүгінге дейін 36,7 шақырым жылу жүйесі жөнделген. Қажетті көмірдің 55 пайызы жеткізілген. Мазуттың жеткізілгені – 1,1 мың тонна.
Жылу беру маусымына дайындық біркелкі жүргізіліп жатқан сияқты болып көрінгенімен, кейбір аудандарда әлі де істі ширата түсу қажет. Айталық, қазандық жөндеуде Көкшетау қаласының көрсеткіші – 57 пайызды, Зеренді ауданы – 64 пайызды, Бурабай ауданы – 69 пайызды құрап отыр.
Облыс бойынша жылу және электр қуатына қарыз біршама қордаланып қалған. Осы орайда, облыс әкімі Сергей Кулагин қарызсыз жұмыс істеу қажеттігін қадап айтты.
Мұнан соң Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығының жылу беру маусымына дайындығы жайлы баяндап берді. Күні бұрын бекітілген жоспарға сәйкес магистральдік және квартал ішіндегі  жылу жүйесі құбырлары жаңартылып, жөнделуде. Жылу беруге дайындық жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 600 миллион теңге қаражат бөлінсе, оның 500 миллион теңгесі жөндеу жұмыстарына бағытталды. Оған қоса, өз қаражаттары есебінен 346,8 миллион теңге жұмсалды. Краснояр селосындағы Станционный кентіндегі қазандықтар да жөнделді. Көкшетау-2 елді мекеніндегі қазандық та жөндеуден өткізілді. Қазіргі күні 2563 тонна көмір, 764 тонна мазут қоры жасалды.  Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының мекемелері жылу беру маусымына дайындықтан өткізілуде. 860 көпқабатты тұрғын үйлердің 823-і қалалық жылу құбырына қосылған. Бүгінгі күні 463 тұрғын үйдің жылу құбырлары жуылып, ішкі қысымнан өткізіліп, дайындалды. Жалпы бұл жұмыс үстіміздегі жылдың
1 қыркүйегіне дейін аяқталуға тиісті. Мұнан басқа да қыруар жұмыстар атқарылуда. Аппарат кеңесінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Әбдіхалықов өз саласына байланысты хабарлама жасады. Ол өз сөзінде жұмысшылардың техникалық қауіпсіздік ережелерімен жете таныс болмай, жұмыс істеулерінің өте қауіпті екендігін тілге тиек етті. Тексеріс барысында мұндай бірнеше жайлар анықталған болып шықты.
Аппарат кеңесінде жылу беру маусымына дайындық бүге-шігесіне дейін талқыланды. Қордаланып қалған қарыздарды уақытылы өтеу, қажетінше көмір, мазут сатып алу кестесін оңтайландыру, оларға ақы төлеу жолдары айтылды. Қорыта айтқанда, кеңесте бүгінгі таңдағы ең өзекті екі мәселе: егін орағы мен жылу беру маусымына дайындық талқыланды.   
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар