Егіншілік, мал шаруашылығы салалары қатар дамытылуда

Ширек ғасырдың ішінде облысымыздың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, осы кезең ішінде өнім көлемі біршама өсе түсті. Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұрынғыдай жалғыз бидаймен және арпа, сұлымен ғана шектелмей, шаруашылықтар майлы дақылдар, көкөніс пен картоп және мал азығы дақылдарын егуге ден қоюда. Мұның өзі шаруашылықтардың егіншілік саласынан түсіретін табыс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Тәуелсіздік жылдары облысымыздың диқандарына мемлекет тарапынан  110 миллиард теңгенің қайтарымсыз  қолдауы көрсетілді. Бұл қаржы 2003 жылдан бері 62 есе өсіп, биылғы жылы 31 миллиард теңгені құрады. Шаруашылықтарға салған осынша қаржының қайтарымы да  жоғары болып отырғанын айтпауға болмайды. Ол жыл са-йын алынып келе жатқан мол астық түрінде көрінуде. Биыл да диқандарымыз ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, бітік егін өсіріп, астықты ысырапсыз жинап алды. Сөйтіп, биылғы жылы ақмолалық диқандар 5 миллион 700 мың тонна астық жинап, қамбаға құйды. Гектар берекесі 13,2 центнерден айналды. Бұл Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. Биылғы 1 миллион тонна астық артық жиналғанын атап өткен жөн. Астықтың сапасы жақсы. Бүгінгі таңда жиналған астықтың 60 пайызы 3 класқа жатады. Бұл республикадағы солтүстік облыстардың арасында жоғары көрсеткіш болып табылады. Біздің бидай астықтың еркін рыногында үлкен сұранысқа ие. Биылғы жылдың тамыз-қазан айларында жаңа орақтың астығын экспорттау көлемі 300 мың тоннаны құраса, республиканың өзге өңірлеріне 145 мың тонна астық сатылды. Жыл басынан бері облыс 1,3 миллион тонна көлемінде астық экспорттады. Қазақстан Республикасының өзге облыстарына 0,6 миллион тонна астық сатылды. Жалпы картопты жинауда рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Сөйтіп, 278 мың тонна картоп, 60 мың тонна көкөніс жиналды. Сондай-ақ, 1,1 миллион тонна шөп, 198 мың тонна пішендеме, 98 мың тонна сүрлем дайындалды. Мал қыстату үшін өңірдегі мал шаруашылығының қажеттілігін толық қамтамасыз етті.
  Облыстың агроөнеркәсіптік кешені тұқым, азық-түлік, жем тәрізді ішкі қажеттілікті толық жапты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда алыс-жақын шетелдерге 2 миллион тонна астық экспорттауға мүмкіндік бар. Бұл республика экспортының үштен бір бөлігі. Бұл көрсеткіштерге өңір диқандарының қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Олар уақытпен санаспай, табиғаттың қолайсыздығына қарамай қысқа мерзімде әрі жоғары агротехникалық деңгейде көктемгі егіс пен орақ жұмыстарының барлық түрлерін атқарып шықты. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің қазіргі заманғы тиімді технологиясын енгізу және егіншілік саласын техникалық жабдықтау мол астық алуға ықпал етті. 2016 жылы ылғал сақтағыш технология бойынша дәнді дақылдар сіңіретін егіс алқабының көлемі 3,3 миллион
гектарға жетті. Биылғы жылғы астықтың толық сақталуы қамтамасыз етілді. 63 астық қабылдау кәсіпорындары 2,9 миллион тонна астық қабылдады. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда.
Жалпы өңірдің егіншілік саласы ауыл шаруашылығы экономикасының локомотиві болып саналады. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласы оның терең өнеркәсіптік өңделуін дамытудың маңызды бөлігінің бірі. Биылғы жылы көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын ойдағыдай өткізуге өңірдің машина-трактор паркін жаңғырту ықпал етті. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер соңғы 5 жылдың ішінде 2 мың 944 ауыл шаруашылығы техникаларының негізгі түрін сатып алды. Жыл басынан бері өңірдің аграрлары 191 трактор, 325 комбайн, 239 сеялка, 356 өзге де ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғыларын сатып алды. Ораққа сегіз мыңнан астам комбайн қатысты. Оның екі жарым мыңнан астамы қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайндар. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі дала жұмыстарын жүргізуге, элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарындағы астықты кептіруге дизель отынын жеңілдетілген бағамен бөлді.
Облыстағы агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы басымдық бағыттардың бірі – мал шаруашылығы саласы. Бұл саланы мемлекеттік қолдау шарасының арқасында өңірде ауыл шаруашылығының әртүрлі малдары мен құстары санының тұрақты әрі серпінді өсуі байқалады. Осының арқасында ет пен сүт өндіру көрсеткіші жоғарылады. Облыста ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдар бар. Сондай-ақ, өңірде көптеген шаруашылықтар асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысады. Оның ішінде Қорғалжын ауданындағы «Астана Агроөнім», Бурабай ауданындағы «Казбиф ЛТД» және «Щучинск ет комбинаты» серіктестіктері өндірген өнімдерін Ресейдің ірі қалаларына сатады. Биылғы жылы 700 тонна көлемінде ірі қара мал еті шетелге шығарылады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда 390 тонна ірі қара мал еті экспортқа шығарылды. Облысымыз Астана қаласы қажеттілігінің жартысын ет және оның өнімдерімен қамтамасыз етеді. Бұл бағытта «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы мыңдаған қой мен жылқы сатып алынды. Облыс-та сүт өндірісімен мамандандырылған шаруашылықтардың субъектілері айналысады. Мұнда 23 мың бас сиыр сауылады. Өңірдегі сүт саласын дамыту мақсатында «Ырыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама аясында өткен жылы та-уарлы сүт фермалары пайдалануға берілді. Биылғы жылы   640 бас сиырға арналған жеті тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Облыстың аудандарында сүт сатып алатын  пункттер ұйымдастырылды.
Агроөнеркәсіптік кешен құрылымын байланыстыратын бөлімшенің бірі – ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу. Жыл басынан бері 49 миллиард теңгенің азық-түлік тағамдары шығарылды. Нан, ет, сүт, ұн, өсімдік майы өнімінің өндірісі кеңейді. 2016 жылы Ерейментау ауданындағы «Жаңа береке» шаруа қожалығында ет өңдейтін кешен іске қосылды. Бұланды ауданында құс фабрикасы салынуда. Қазір сүт өңдеумен бірнеше кәсіпорын айналысады. Өсімдік майын өндіретін  кәсіпорындар 7,3 мың тонна май шығарды. Агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялық жобалар бойынша 2009-2016 жылдары 112 жоба іске қосылды. Жыл басынан бері 8 жоба жүзеге асырылды. Сөз соңында өңірдің агроөнеркәсіп кешені ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары өндірістік көрсеткіштермен қарсы алып отырғанын атап өткім келеді. Саланың қол жеткізген табыстары өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту келешегіне сеніммен қарап, үміт артуға мүмкіндік береді. Жыл қорытындысы және оның келешегі туралы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпілісті сақтау бағытында барлық шаралар қолға алынды. Межеленген жоспарларды жүзеге асыру өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтып, жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Мұрат БАЛПАН,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар