Экологиялық таза отын өндірілуде

Бурабай ауданында экологиялық қауіпсіз биоотын (пеллет) өндірісінің көлемі артуда. Орман шаруашылығы қалдықтарынан сықпа түйіршіктер дайындаумен жергілікті «Орман аймағы» ЖШС айналысады, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Орман шаруашылығы» ЖШС экологиялық таза отын шығаратын Қазақстандағы тұңғыш кәсіпорын. Компания алғашқы зауытты Петропавл қаласында іске қосқан болатын. Ал, өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген Бурабайдағы кәсіпорын қазірдің өзінде 500 тонна биоотын дайындап үлгерді. Мұндағы зауыттың жылдық қуаты 3000 тоннаға есептелгендігін ескерсек, алдағы уақытта маңызды істің қарқын алатыны белгілі.
Компания басшысы Андрей Петроченко: «Пеллет Еуропа елдерінде, АҚШ, Жапония, Ресейде отын ретінде ертеден пайдаланылатынын айтады. Ағаш қалдықтарының сықпа түйіршіктері – жоғары құнарлы отын. Мұның пайдалы коэффициенті 95 пайызды құраса, көмір мен газдың көрсеткіші сәйкесінше 50 және 30 пайызға тең. Нақтылай түссек, жылу беру қуаты көмірмен тең екі тонна пеллет қымбат бағалы дизель отыны мен сұйытылған газдың бір тоннасын алмастыра алады»,–дейді.
Биоотынның бір тоннасының құны 35 мың теңгеге бағалануда және бұған деген сұраныс күн сайын өсе түсуде. Қазіргі күні компания биологиялық таза өнімді республика аумағына жеткізумен қатар, Қытайға да экспорттауда.
Баламалы отын өндірісі жобасы құрылтайшының жеке қаржысы есебінен іске асырылды. Бурабайдағы зауыттың игілікке жаратылуына 120 миллион теңге жұмсалған.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *